Шымкенттік әкімдердің жалақысы қанша?
Шымкенттік әкімдердің жалақысы қанша?
157
оқылды

Үшінші мегаполисте «Жемқорлық бізге жат» акциясы аясында мемлекеттік орган басшылары қала тұрғындарына айлық жалақыларын жариялап жатыр. «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен қолға алынған бұл шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың басшыларын парасаттылық және ашықтық қағидаттарын ұстануға шақыру.

– Акцияны мемлекеттік органдар басшыларымен қатар, спорт, денсаулық сақтау, білім саласының жетекшілері қолдап, жалақыларымен қатар жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардан да хабардар етуде. Акция қорытындысымен мемлекеттік органдар басшыларының ашықтығына баға берілетін болады, – дейді «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар. Аталған акция аясында алғаш болып жалақысын жариялаған Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов 680 мың теңге алатынын айтты. Ал, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұловтың жалақысы 550 мың теңгені құрайды екен. Сонымен қатар, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов 546 мың теңге, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының міндетін атқарушы Төрехан Дауытов 246 мың теңге, Әл-Фараби ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Бағдаулет Ашенов 153 мың теңге, Көркем гимнастикадан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Жүсіпова 250 мың теңге, Диагностикалық орталықтың директоры Шолпан Мырзахметова 330 мың теңге, №1 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Талғат Шауенов 200 мың теңге алса, «Дарын» орталығының директоры отбасына ай сайын 210 мың теңге жалақы алып барады екен. Шымкентте өтіп жатқан бұл акция алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Н. НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы.