– «Жастар-Отанға!» – еліміздің барлық жастарын қамтитын өте ауқымды бағдарлама. Бұл бағдарлама 5 бағыттан, яғни азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу бағыттарынан тұрады. Осы бағдарламаны әзірлемес бұрын республика бойынша онлайн және оффлайн форматында 200-ге жуық кездесу өтіп, 4 мыңға жуық жастардан кеңес алған болатынбыз. Бағдарламаны әзірлеу барысында әлеуметтік сауалнама жүргізуге ден қойдық. Екіншіден, халықаралық тәжірибелер зерттелді. Онда Канада, Германия сияқты дамыған елдердің тәжірибелері қаралды. БҰҰ-ның жастар саясатын қолдау бағдарламасы мен еліміздегі 2030 жылға дейінгі жастар стратегиялық бағдарламасы негізгі бағыттың бірі болды, – деді «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы.Расымен де, мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның игілігі үшін жасалып жатқан игі бастама екені сөзсіз. Әрі бұл жұмыстар бойынша белсенді жастарды қоғамдық өмірге белсене араластыруға ықпал ету маңызды міндеттің бірі саналады. Қорыта айтқанда, келешекте «Жастар-Отанға!» бағдарламасы жастар саясатын дамытуға бағытталған маңызды әрі құнды құжаттың біріне айналмақ.
Әбілмансұр ЖАСАН