– Табылып отырған адамды «Темір адам» деп атауымызға да болады. Өйткені адам мүрдесі басынан аяғына дейін темір сауытпен жабдықталған. Әрі ерекше үлгіде. Соған қарағанда жауынгер болуы әбден мүмкін. Бізді таңғалдырғаны – темір сауыттың ұрланбай сақталғаны. Мұндай дүниелердің мыңдаған жылдар бойы сақталуы – өте сирек кездесетін жағдай. Қазақстанда дәл осы іспеттес тарихи құндылық бірде-бір рет табылған жоқ, – деді Қырым Алтынбеков.Табылған тарихи құндылыққа жасалатын зерттеу жұмыстары әлі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Өйткені рентген және металл іздегіш құрылғылардың көмегімен жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде алтын, күміс, темір, сүйектен жасалған бұйымдардың бар екені анықталған. Антропологиялық, ДНК-лық зерттеулердің қорытындысы бойынша алдағы уақытта мүрденің бас сүйегі мен сауытын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу де жоспарланып отыр.
– Әлі тазалаймыз, жәдігерлердің әрқайсысына бөлек-бөлек әдіс жасап, анализге дайындаймыз. Оған уақыт көп кетеді. Соның негізінде талай қазбалар шығуы мүмкін. Бұған дейін Қазақстанда темір сауытпен адам шықпағанын ескерсек, мүрде толықтай қалпына келтірілгенде тек Атыраудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы болары сөзсіз, – деп атап өтті Қырым Алтынбеков.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы