Куәгер қылмыскер емес
Сағадиевтің адвокаты жазғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресушілер Білім және ғылым министрлігінің кейбір лауазымды тұлғаларын қызметін асыра пайдаланғаны үшін тергеп жатыр. Министрліктің бұрынғы басшысы Ерлан Сағадиев бұл істе куәгер ретінде тергеушілердің барлық сұрағына жауап берген. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 78-бабына сәйкес экс-министр куәгер болғандықтан, оның жүріп-тұруына, тіпті шетелге шығуына ешқандай шектеу қойылмауы тиіс еді. Алайда антикор тергеушілері оның Қазақстаннан кетуіне «тыйым салған». Бұл мәселеде антикор тергеушілерінің өз уәжі бар да шығар. Оны айтып жатса, жариялармыз. Ал әзірге белгілісі, Тергеу сотының судьясы Сағадиевтің қорғаушысы қойған талаппен келісіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкіліне Шекара қызметіне Ерлан Кенжеғалиұлының Қазақстаннан кетуіне рұқсат берілгені туралы құжат жіберуді міндеттеді. Осылайша, Т. Ақшабаевтың қаулысы негізінде Е.Сағадиев АҚШ-тағы оқуына алаңсыз баруына болады. Алайда біз Сағадиевтің шетелге шығуына бөгет болар бір деректі тапқандаймыз. Ол туралы сәл кейінірек. Әуелі экс-министрдің неге шетелге шығуға асығып отырғанын талдап көрсек. Себебі осы оқиға жария болғалы ақпарат құралдарында Ерлан Кенжеғалиұлының Отанынан кетуге тырысып отырған табандылығы талқыланып жатыр. Мысалы, «Время» басылымы экс-министр АҚШ-тағы оқудың сылтауымен құқық қорғау органдарынан қашуға тырысып жатқан жоқ па деп жазды. Себебі осы жылдың шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қиыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев цифрландыруға бөлінген ақшаның жоғалуына байланысты істің тергеліп жатқанын, бұл Білім және ғылым министрлігі мен Цифрлық даму министрлігіне қатысты екенін тілге тиек еткен еді. Әрине, ол кезде агенттік басшысы нақты есімдерді атай қоймады. Алайда көп ұзамай Білім және ғылым вице-министрлерінің бірі 5 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады. Жалпы, соңғы уақытта цифрландыруға бөлінген ақшаны белсенді іздеу басталды. Қашықтан оқыту жүйесі басталғанда цифрландыруға қатысты тексеру мен тергеудің күшейгені рас. Бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен басқа, Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитеті де қатаң қадағалауға көшкен. Дәл осы комитет денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевті тергеу изоляторына жібергенін ел ұмытқан жоқ. Бұлардың қатарында Ішкі мемлекеттік аудит комитеті де бар. Бұл құрылым «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қатысты сұрау салып жатқан көрінеді. Бұл жүйе Сағадиев басқарған кездегі министрліктің «ноу-хауы» екені есімізде. Бұл аз десек, өткен аптада Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры мен бас есепшісіне сот үкімі шықты. Екеуі 1,7 млрд теңгені жымқырғаны үшін мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал аталған университет Сағадиевтердің отбасылық бизнесі саналады. Ерлан Кенжеғалиұлы бұл университетті 2009-2012 жылдары басқарған. Университеттің қолды болған 1,7 миллиард теңгесіне де Е.Сағадиевтің қатысы болуы мүмкін деген болжам бар. Себебі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел тергеу тобының осы қылмысқа университеттің бұрынғы ректоры мен бас бухгалтердің тікелей қатысы бар дегені болжамы расталды. Жоғарыда айтқанымыздай, екеуі де 8 жылға сотталып кете барды. Ал егер осы істі індете түссе, қылмыстың жасалған уақыты Сағадиевтің министр болған кезеңіне сәйкесетін сыңайлы. Мысалы, университетте мемлекеттік грантқа түсіп, «4» пен «5»-ке оқитын студенттерге стипендия беріледі. Ол ақшаны мемлекет төлейді. Аудит қорытындысы көрсеткендей, 2016 және 2018 жылғы қараша аралығында Білім және ғылым министрлігі университет шотына студенттер стипендиясы үшін талап етілген сомадан едәуір көп ақша аударыпты. Төленген стипендия мен алынған қаражат арасындағы айырма миллиард теңгеден асып кеткен. Сотта жауап берген Білім және ғылым министрлігінің өкілі барлық студенттің «өте жақсы» және «жақсы» оқи алмағанын мәлімдеген. Бұл аздай, 2016-2017 жылдар аралығында министрлік пен университет арасында салыстыру актілері болмаған. Қарапайым тілмен айтқанда, тапсырыс беруші мен мердігердің екіжылдық қарым-қатынасын реттейтін ресми құжаттар ұшты күйлі «жоғалып кеткен». Мұның барлығы Ерлан Сағадиевтің министрлікті басқарып тұрған кезінде болған.Экс-министрдің есімі борышкерлер арасында жүр
Оның үстіне, кейіпкеріміздің есімі 2016 жылы Панама іс қағаздарында аталды. Алайда ол өзінің шетелдік активтерін жоққа шығарған мәлімдеме жасағанын ұмытқан жоқпыз. Ашық деректерде оның 2011 жылы Жаңа Зеландияда Frontier Mining Ltd компаниясының (Кайман аралдары) қаржы директоры Джордж Коулмен Tirau Outlet holdings limited компаниясын ашқаны айтылады. Сағадиев 2009-2012 жылдары FML-де директорлар кеңесінің төрағасы болған. Фирма жылжымайтын мүлікке инвестиция салуға маманданған екен. 2014 жылға дейін Tirau Outlet holdings limited акцияларының 100% иесі болған Сағадиев 2017 жылдың соңында барлық акциясын Джордж Коулға өткізіпті. Бұл әлгі оффшорда активім жоқ деп мәлімдейтін кезге сәйкес келеді. Алайда ол шетелдегі бизнесін өз еліндегі бизнесін сақтап қалу үшін сатуы мүмкін деген болжам айтылады. Ол 2012 жылы Frontier Mining Ltd компаниясының еншілес компаниясы – Kazcopper ЖШС арқылы Ақтөбе облысындағы Оңтүстік Бенқала мыс кен орнының жартысын сатып алу туралы келісімге келген екен, бірақ жоба 2014 жылы тоқтап қалған. Ол кезде компанияның 90 миллион доллар қарызы болған. Сағадиев Жаңа Зеландиядағы активін Қазақстандағы бизнестің мәселесін шешу үшін сатқан болар деуіміздің себебі сол. Бизнестегі сәтсіздіктен кейін министр болып тағайындалғанымен, бұл салада да бәлендей шаруа атқара алмады. Себебі «Сағадиев салған сара жолдың» ешбірі есімізге түсер емес. Білім саласын дамыту үшін білім керегін түсінді ме, әйтеуір шетелде білім алу туралы шешім қабылдапты. Бірақ шетелге шыға алмай қалды. Ол үшін Шпекбаев басқаратын органды жазғырудың жөні жоқ секілді. Өйткені Сағадиевтің есімі Әділет министрлігінің ресми сайтындағы «Борышкерлердің және шығуы уақытша шектелген борышкер жеке тұлғалардың, заңды тұлғаның лауазымды тұлғаларының бірыңғай тізілімінде» тұр. 2017 жылы 10 сәуір күні енгізілген ақпаратта «Әлиев Ерлан Жеңісұлы, Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлы, Тастанов Әділ Ерболатұлынан «Сбербанк» АҚ ЕБ пайдасына 1 093 462 024 (бір миллиард тоқсан үш миллион төрт жүз алпыс екі мың жиырма төрт) теңге көлеміндегі қарыздың бір бөлігін өндіріп алу туралы мемлекеттік бажды төлеу бойынша 32 803 861 теңге, әрқайсысынан 10 934 620 (он миллион тоғыз жүз отыз төрт мың алты жүз жиырма) теңге тең үлестермен өндіріп алу» туралы жазылған. Жалпы, мұндай жазбаның саны 15-ке жетіп жығылады. Ең соңғысы осы жылдың 28 қыркүйегінде, яғни Сағадиев АҚШ-қа ұша алмай қалған күннен бір күн бұрын енгізіліпті. Онда «Борышкер Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлынан «Сбербанк» АҚ ЕБ пайдасына 1 143 965 529 теңге қарыз сомасын, ортақ тәртіпте төленген мемлекеттік баж сомасы – 8 577 741 теңгені қосқанда барлығы: 1 152 545 270 теңге өндіріп алу» туралы жазылған. Демек, Е.Сағадиевтің Сбербанктің алдында 1 млрд теңгеден астам қарызы бар болып отыр. Егер ол бұл қарызынан құтылмаса, шетелге шыға алмайды. Себебі қарызы бар адам сот шешімі шықса, шетелге аттап баса алмайтыны заңда көзделген. Ендеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сағадиевті елде алып қалғысы келсе, неге қарызы туралы ақпаратты тексере салмаған?..Халима БҰҚАРҚЫЗЫ