Өскемен қаласының тұрғыны Үлбі полиция бөлімшесінің кезекшісіне төрт кішкентай баласын балалар үйіне тіркеуге көмектесу туралы өтінішпен жүгініпті.
Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы өтініш бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі жергілікті инспектор арызданушының үйіне барған. Сол жерде оның үй шаруасындағы әйел екені, күйеуі және төрт баласымен бірге тұратыны белгілі болды. Ол сол арада полицияға балаларын балалар үйіне тіркеуге көмектесуді өтініп, қолхат жазып берді.
Балалардың үлкені – 9 жаста, кішісі – 1 жаста. Қалған екеуі 5 пен 7 жаста. Оның мұндай шешімге келуі – тұрмыстық жағдайдың қиындығы болған.
«Инспектор ананың тұрмыстың қиындыққа байланысты күйзеліске түсіп, мазасызданып тұрғанын байқаған соң, оның өтініші негізінде қорғау және қамқоршылық бөлімінен рұқсат алып, үш баланы түн ортасында Жаңа-Бұқтырма ауылындағы жасөспірімдердің бейімдеу орталығына жеткізді. Ал үйдің кенжесін Өскемендегі сәбилер үйіне орналастырылды. Ертеңінде балалардың ағайын-туғандары келіп, оларды өздеріне қайтарып алды», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Енді ерлі-зайыптылар қала әкімі жанындағы жасөспірімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына алынды. Оның ішінде Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар балалардың күтімін, жағдайын, денсаулығын үнемі қадағалап отырады.