«2006 жылы «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасын бастаған кезде елдегі балалар үйлерінде 19 800 тәрбиеленуші болған. 15 жылға жуық уақытта ол 5 есе қысқарып, мұндай мекемеде 4 мыңдай ғана бала қалды. Алматы бұл жағынан өзгелерге үлгі болып келеді», – деді Аружан Саин.
Әр бала отбасында өсіп, тәрбиеленуі тиіс. Бұл барлық кезде де маңызды тақырып. Өткен жылы Алматыда 94 бала өз отбасын тапты, яғни балалар үйінен отбасылардың тәрбиесіне ауысты. Ал биылғы жыл басынан бері – 25 бала. Оның айтуынша, ата-ана қамқорлығынсыз қалған әрбір бала мен жетім балаларға мемлекет 10-нан 75 АЕК-ке дейін жәрдемақы төлейді.
«Бізде әр аптада бала асырап алушы ата-аналар клубы жұмыс істейді. Ата-аналар бала асырап алуға кем дегенде 1-3 жылда дайын болады. Осы уақытта бала отбасыға бауыр басып, үлкендер де қалыпқа түседі. Қанша дегенмен балалар үйінде отбасының үлгісі жоқ. Олар алғашында қайда барып, не болып жатқанын түсінбейді. Сондықтан да балаларды алдымен отбасына баруға дайындау керек деп ойлаймын», – дейді Қазақстан бала асырап алушы ата-аналар қауымдастығының директоры Жанна Ким.
Қазіргі таңда Алматыда «Жанұя» мамандандырылған кешені мен «Алматы» балалар ауылы жұмыс істейді. Балалар ауылында жағдай барынша үйдегі ахуалға сәйкестендірілген.
Жоғарыда Жанна Ким ата-аналар мен балаларды алдын ала отбасылық жағдайға, бір-біріне үйренуге дайындауға баса көңіл бөліп жатқанын айтып қалды. Расында да, бұл ерекше көңіл аударатын жағдай екенін айтқымыз келеді. Себебі елімізде жыл сайын балалар үйінен отбасылық тәрбиеге алынған балалардың 18 пайызы қайтадан бұрынғы ұяларына оралған. Соңғы жылдары бала асырап алуға насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасы аясында да көптеген іс тындырылып жатыр. Бұрынғы балалар үйлерінің жұмысын тоқтатуы да соның әсерінен. Еліміздегі балалар үйінің басым бөлігі қиын-қыстау соғыс жылдары, келмеске кеткен Кеңес Одағы тұсында ашылған. Қазіргідей мамыражай заманда балалар үйінің тарих қойнауына енуі туралы талай айтылған. 2017 жылы Мемлекет басшысы балалар үйлерін трансформациялау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлықтың мәні – ата-анасыз қалған балаларды жаңаша тәрбиелеу жүйесіне көшу. Содан бері елімізде оң өзгеріс байқалады – жыл сайын мыңдаған жетім бала асыраушысын тапты. 2010 жылдан бергі 10 жыл ішінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 70 пайызға азайды. Нақты санды сөйлетер болсақ, 14 052 баладан 4 193-ке дейін төмендеген. Ал балалар үйі жүйесі 210-нан 101-ге дейін азайған. Пайыздық көрсеткішпен есептегенде 52 пайызға төмен. Тәрбиеленушілер Балаларды қолдау орталықтарына ауыстырылған.
Бүгінде балаларды асырап алу үдерісі барынша жеңілдетілген, www.usynovite.kz интернет-порталы ашылған. Осы порталда бала асырап алу, қамқорлыққа алу туралы барлық мәлімет топтастырылған. Қазақстанның бала құқын қорғау жөніндегі комитет пен «Мейірімділік» еріктілер қоғамы бірлесіп ұйымдастырған «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасының оң ықпалы тиіп жатқанын атап өткен жөн. Осы жоба шеңберінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың дерекқоры жасалып, қаншама тәрбиеленуші өз жаңа отбасын тапты. Сондай-ақ бала асырап алушы ата-аналарға кеңес беріліп, заң жағынан қолдау көрсетілді. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны төмендеуіне «Аналар үйі» жобасының да оң әсері болғанын айта кету керек. Қиын жағдайға тап болған аналардың өз сәбиін перзентханада қалдырмай, уақытша баспана тауып, оқуын аяқтап, білім алуына, аяғынан тұруына, жаңа мамандық игеруіне «Аналар үйі» үлкен мүмкіндік жасады. Бүгінде еліміздің 17 қаласында «Аналар үйі» қорының 26 дағдарыс орталығы бар. Сондай-ақ республикада Бала асырап алушыларды қолдау ұлттық агенттігі құрылған. Бұл агенттік жетім балалардың тезірек жаңа отбасын табуына мұрындық болып отыр.
Қазіргі таңда елімізде бала асырап алудың бірнеше формасы бар. Бала асырап алушы отбасыға мемлекет тарапынан түрлі жәрдемақы қарастырылған. Оның көлемі ата-ананың қандай келісімшартқа отырғанына байланысты. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларға 9 АЕК, мектеп жасындағы балаларға 10 АЕК төленеді. Жәрдемақы бала 18 жасқа толғанға дейін беріліп тұрады.
Бала асырап алу соттың шешімімен іске асырылады. Бала асырап алушыға баланың тікелей туысына тең барлық құқық беріліп, міндет жүктеледі. Отбасы баланың физикалық, психологиялық, рухани және адамгершілік тұрғыда дамуына, тәрбиесі мен білім алуына қажетті жағдай жасауы тиіс. Ережеге сәйкес олар некеде тұрған отбасылық жұп болуы шарт. Баланы қамқорлығына алу үшін басқа да талаптар мен шарттар бар. Бұл туралы алдын ала хабар беріледі.
Зерттеу барысында белгілі болғандай, қазақстандықтар бала асырап алу мәселесіне өте жауапкершілікпен қарайды. Басым бөлігі баланың тек денсаулық жағдайын ғана емес, үш жасқа дейін болғанын, ұлты мен жынысына да мән беріп, тіпті өздеріне ұқсағанын да қалайды. Бала асырап алушылардың 10 пайызы ғана олардың 6 жастан асқанын таңдайды. Ал 10 жастан асқан баланы қамқорлығына алуға ілуде бір ата-ана қадам жасайды.
Сарапшылардың айтуынша, бала асырап алғысы келетіндердің негізгі бөлігі тұрмысы орта деңгейдегілер. Материалдық жағдайы жоғары асырап алушылар қатары небәрі 5 пайызды құрайды.
Қоғам қайраткерлері балалар үйлерінің ашық мекеме болғаны жетім балалар санының едәуір азаюына септігі тиер еді деген ойын білдіреді. Келушілер балалардың қалайтұрып жатқанын көзбен көрсе, бұл оларды өз қамқорлығына алуға да оң әсерін тигізеді деген пікірде.
Қалай дегенде де ата-аналар бала асырап алғанға дейін өздерінің қаншалықты маңызды қадам жасап жатқанын жете сезінбейді. Сол себепті де жағдай бірден реттеліп кетпейді. Өз балалары бар асырап алушылар бұл мәселеде тәжірибесі жеткілікті сияқты көрінеді. Дегенмен бұл жердегі балалардың жағдайы мүлдем бөлек, оларға ерекше қарым-қатынас керек. Нәтижесінде, жыл сайын 200-250 тәрбиеленуші жаңа отбасынан мемлекеттік мекемеге қайтып келіп жататыны да ақиқат. Екінші рет жетімдіктің қамытын киген оларға бұл жағдай психологиялық жағынан қатты соққы болады. Дамыған елдерде тәрбиеленушілердің балалар үйіне қайтып келуі 8 пайызға жуық, Ресейде – 10, ал біздің елімізде 18 пайызды құрайды. Кейбір балалар үш, тіпті төртінші рет балалар үйіне қайтып келіп жатады. Бұл, әрине өте қиын жағдай.
Елімізде балалар үйінің азайып, тәрбиеленушілердің нағыз қамқор отбасыға тап болуы қуанарлық жағдай. Әйтсе де, олар қашан кәмелеттік жасқа толып, үлкен өмірде өз жолын тауып кеткенше мемлекеттің бақылауында болатыны көңілге демеу.