5 қазан күні жарияланған зерттеу бірнеше ай бойы жүргізілген. Коронавирустың қалай жылдам тарап жатқанына қарап, ғалымдар бүгінде жеткілікті деп ойлап жүрген қашықтықтың аз екені туралы байламға келіп отыр. Зерттеу қалай жүргізілді? Ол үшін адамдар әлеуметтік қашықтық сақтап орналастырылды. Нәтижесінде, вирус оларға екі метрден де көп қашықтықтың өзінен жұққан. Себебі соның алдында коронавирус жұқтырған адам ол жерде болған екен.
Бұған дейін де белгілі болғандай, коронавирус жабық ғимаратта тез таралады. Енді жаңа деректерге сүйене отырып, жабық ғимаратта желдету жүйесі жеткіліксіз болса да жұғады дей аламыз. Ол дегеніміз – лифт, қоғамдық дәретхана, пойыздың купесі, қоғамдық көліктің вагоны, такси, кішігірім кафе, бар сынды орындарда таралуы жоғары. Тіпті, адам болмаса да жұқтырып алу қаупі барын есте сақтау қажет.
Енді бір зерттеулерде вирус белгілі бір жағдайларда сегіз метрден де жұғуы мүмкін екен. Шілде айында 239 ғалым бірігіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын вирустың ауадағы тамшылар арқылы жұғуы мүмкін екенін растауды сұраған. CDC орталығы жаңа деректерді жариялай келе, бұрынғыша бетперде тағып, адам көп жиналатын жерден бойды аулақ ұстауға шақырды. Қауіпсіз қашықтық сақтап, қол алысып, кеуде қағысудан, құшақтасудан барынша алшақ болған жөн. Қазақстанда кинотеатрлар қашан ашылады деп сұрап жүргендер жаңа зерттеу нәтижелерін көріп, одан бетер қапа болуы мүмкін. Себебі мына қарқынмен ол күн алыстап бара жатқан сияқты.