Бауыржан Байбек праймеризге қатысушылармен кездесті
Бауыржан Байбек праймеризге қатысушылармен кездесті
278
оқылды
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қостанай облысына сапармен барып, праймеризге қатысушылармен кездесті. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.
 width=
"Қостанай облысына сапар барысында қоғам белсенділерімен және праймериз қатысушыларымен кездестім. «Nur Otan» партиясының таяудағы 5 жылға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасының жобасын талқыладық.
Елбасы, партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен партияішілік сайлау өткізу кезінде еліміз бойынша азаматтардан 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Олардың мыңнан астамы Қостанай облысының тұрғындарынан түсті.
Талдау көрсеткендей, адамдар негізінен ауыл ішіндегі жолдардың сапасы, сумен және газбен қамту, тұрғын үй мен білім беру нысандарын салу, ауылдық мектептерде компьютер техникаларын жаңарту мәселелерін көтеруде. Тұрғындардың ауылдағы интернеттің жылдамдығына да көңілдері толмай отыр. Көтеріліп отырған мәселелердің өзектілігін ескеріп, оларды облыстық сайлауалды бағдарламаға міндетті түрде қосу қажеттігі жайында пікірімді айттым.
Өңір халқының үштен бірі ауылдық жерде тұратындықтан, партияның Қостанай облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы ауыл шаруашылығын айтарлықтай қолдау шараларын көздейді. Атап айтқанда, таяудағы 5 жылда облыста егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруды қамтамасыз ету, жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу, техниканы жаңарту, сондай-ақ өңдеуші ауыл шаруашылық кәсіпорындарын іске қосу және жаңғырту жоспарлануда.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев ел халқына Жолдауында дамыған ауыл шаруашылығынсыз бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтті. Осыған байланысты өңірді табиғи сүтпен және жоғары сапалы ашытқан сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Олжа Садчиковское» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қызметімен таныстым. Бұл кәсіпорын – 320 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған өңірдегі дамыған жоғары технологиялы өндірушілердің бірі.
Кәсіпорын қызметкерлерімен сұхбаттасу барысында бірқатар өтініштерді бақылауға алдым. Мысалы, Садчиковка ауылының тұрғыны Тамара Кисилева осы елдімекендегі жалпы ұзындығы 6 км болатын екі орталық көшеге жөндеу жүргізуді өтінді. Бұл көшелердің бойында 1350-дей тұрғын бар.
Жұмыс сапарының соңында Қостанай қаласындағы жаңа модульді инфекциялық ауруханамен таныстым. Өңірдің медицина қызметкерлерімен бірге денсаулық сақтау ұйымдарының коронавирус пандемиясының туындауы мүмкін екінші толқынына дайындығы жайын талқыладық",- деп жазды ол.