Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов құрамында соя бар тамақ өнімдерін әкелуге және сатуға тыйым салу бойынша уақытша санитарлық шаралар енгізді.
Енді Қазақстан аумағына Оңтүстік Корея өндірушілерінің тез дайындалатын Оттоги Рамен Ко, ЛТД, 123-12, Енгсонг-Ри, Анзунг-Ып, Пенгтэк-Си, кенги-До кеспелерін әкелуге және сатуға тыйым салуға қаулы шығарды.
Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлардың сапасын бақылау және қауіпсіздік комитетінің мамандары өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу барысында «Джин Рамен» атауы бар тез дайындалатын кеспе ассортиментінде, қаптамасында өндірушісі Оттоги Рамен Ко (Оңтүстік Корея) деп көрсетілген, генетикалық түрлендірілген соя желілерінің сандық құрамының артық екені анықталды. Норма бойынша 0,9% болуы керек. Ал онда MON 89788 1,45%-дан 10,25% -ға дейін екен.
«Тамақ өнімдеріндегі ГТО құрамының рұқсат етілген нормасы 0,9%-дан аспауы керек. Белгіленген талаптарға, оның ішінде Кодекс Алиментариус халықаралық тамақ стандарттарына сәйкес, құрамында 0,9-дан астам ГТО бар тамақ өнімдері міндетті түрде таңбалануға жатады. Бұл өнім мониторинг жүргізу барысында анықталды. Бүгінгі күні бөлшек сауда желілерінде сәйкессіз өнімдерді анықтау және оларды сатудан алып тастау бойынша іс-шаралар жүргізілуде», - делінген комитет хабарламасында.
Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне меншік нысанына қарамастан, жоғарыда көрсетілген өнімдерді әкелу және өткізу қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерін хабардар ету тапсырылды.
Сондай-ақ, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу және Қазақстанның тұтыну нарығын қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына хабарламалар жіберілді.