Шартты мерзім алған және қоғамдық жұмыстарды орындау керек деп жазаланған Павлодардың экс-әкімі Болат Бақауов енді көше сыпырып, саябақты көгалдандырмайды.
Павлодар облысы ҚАЖ департаментінің баспасөзнің мәліметінше, Бақауов жұмыс тауып алған.
«Сотталған азамат бекітілген мекенжайы бойынша Павлодар қаласының пробация қызметінде есепте тұр. Заңнамаға сәйкес, жұмысқа орналаспаған сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылады. Алайда бұл азамат жұмыспен қамтылған. Мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Жеке ісінен ақпаратты жариялауға болмайды", - деді баспасөз хатшысы Гүлжан Абдуғалиева.
Еске салайық, 49 жастағы Бақауов кінәсін толық мойындағаннан кейін прокурормен келісімге келді. Оған лауазымын асыра пайлаланып, ауыр салдарға әкеп соқты деген айып тағылды.
Істің материалы бойынша, Бақауовтың жиеніне тиесілі фирма 200 миллион теңге салық төлемеген. Әкім салықшылардан бұл соманы 40 есе азайтуды талап еткен. Тергеуден кейін сот экс-әкімге үш жарым жыл бостандығынан шектеу және қоғамдық орындарда мәжбүрлі еңбекке тарту жазасын кесті.