Елордада демалыс күндері қандай нысандар жұмыс істейтіні белгілі болды
Елордада демалыс күндері қандай нысандар жұмыс істейтіні белгілі болды
220
оқылды
COVID-19 вирусының алдын алу үшін 2020 жылдың 13 қазанында Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пралиеваның елордада шектеу шаралары мен карантин тәртібін күшейту туралы жаңа қаулысы шықты, - деп хабарлады ҚазАқпарат. Алайда нақты қандай кәсіпорындар жұмысын тоқтатуы керектігі жөнінде кәсіпкерлер тарапынан біршама сұрақ туындап отыр. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі Жанна Пралиеваның сөзге тартып, нақты қандай нысандар демалыс күндері жұмыс істейтінін анықтап көрген еді. Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері демалыс күндері жеке тұрған, азық-түлік сатпайтын дүкендер жұмыс істейтінін мәлім етті. Яғни тек бизнес-орталықтарда орналасқан бутиктердің жұмыс істеуіне ғана тыйым салынады.
«13 қазан күні менің қаулым шықты. Онда төрт бөлім бойынша шектеулер нақты көрсетілген. Біз мүлік формасына қарамастан барлық ұйымның жұмысының 60 пайызын қашықтан жүргізу тәртібіне ауыстырып жатырмыз. Сонымен қатар бизнес-орталықтарға қатысты бөлім бар. Ол бизнес-орталықтарда сағат 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін адвокаттардың, нотариустардың, бухгалтер мен консалтингтердің, жылжымайтын мүлік бойынша агенттіктердің, жарнамалық агенттіктердің, сот орындаушылардың, туроператрорлардың жұмыс істей алатыны жазылған. Осы бизнес-орталықтардың ішінде азық-түлік сатпайтын бутиктер бар. Рейд жұмыстары барысында олардың демалыс күндері жұмысын жалғастырғанынан хабардар болдық. Бизнес-орталықтар демалыс күндері жұмыс істегендіктен олар өздеріне өздері жұмыс кестесін белгілеп алған. Бұл дұрыс емес. Осы қаулыда бизнес-орталықтарындағы азық-түлік тауарлары мен заттарын сатпайтын бутиктерге қатысты жағдайды нақты түсіндіргенбіз. Олар демалыс күндері жұмыс істемейді», - деп түсіндірді Жанна Пралиева.
Оның айтуынша азық-түлік сатпайтын қалған дүкендердің жұмысына ешқандай шектеу жоқ.
«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 18 қыркүйектегі қаулысының 4-бөлімі 4,26 тарауына сәйкес азық-түлік тауарларының барлық түрін сатпайтын дүкендер жобалық қуаттылығы 30 пайыздан аспай жұмыс істей бере алады. Бұл ретте бір сатып алушының тұратын аумағы 4 шаршы метр болуы тиіс. Сонымен қатар ол дүкендерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен алдын алу шаралары сақталуы керек. Жұмыс күндері оларға таңертеңгі тоғыздан кешкі онға дейін жұмыс істеуіне рұқсат. Яғни оларға жұмыс және демалыс күндері жұмыс істеуге шектеу жоқ. Ал Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 13 қазандағы №243 қаулысының 1-бөлігі 1,2 тармағы жұмысы бизнес-орталықтарда жүзеге асырылатын субъекттерге қатысты болып отыр», - деді Жанна Пралиева.