Осыған орай, «Батырын бағалаған елдің бағы таймас» деген тақырыпта атаулы конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов, зілтемірші, бірнеше дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, жалаң қолмен шеге өретін қара күш иесі, төрт мәрте әлем рекордшысы Сергей Цырульников, Кеңес Одағының Батыры Николай Кремениш, Парламент депутаттары, ҚК Бас штабы бастығының орынбасары-БШ Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Серік Борамбаев және басқа да қонақтар қатысты. Ал өңір-өңірден кітапхана ұжымдары, Ауған ардагерлері ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы С.Нұрмағамбетов атындағы «Сағадат батыр» спорт клубының, республикалық «Әкелер одағы» бірлестігінің, «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері онлайн режимде қосылды.
Ең бастысы, алқалы жиында кітаптың басты кейіпкерлері, Ауған соғысының ардагерлері Байғали Қоқымбаев, Әлімжан Ерниязов, Габиль Халафов сөз сөйледі.
Шығармалар жинағының 1-томы қазақтың рухын көтеруге қаруымен де, қаламымен де атсалысқан, кезінде ұлтты ұлықтаудың, тілді түлетудің, мемлекетті мәңгілік етудің жөн-жосығын көрсетіп кеткен заңғар тұлға, отаншыл азамат, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына қатысты зерттеулерге орын берілген.
2-томда автор Борис Керімбаев (12.01.1948 – 12.02.2019) жайлы жан-жақты әңгімелейді. Оның ерен ерліктеріне, еселі еңбектеріне тоқталады. «Қара майор» атанған батыр бейнесінің асқақ мүсінін сомдайды. Отаншыл рух, мемлекетшіл биік сана, соғыс пен бейбітшілік жайында пайымдарын ортаға салады.
3-томдағы естеліктер «Үш қырлы жебе» деген ортақ атаумен біріктіріліп отыр. Бақытбек Смағұл онда Ауған соғысының үш алыбы – Байғали Қоқымбаев, Әлімжан Ерниязов, Габиль Халафов хақында ой толғайды. Өзі көрген соғыстың үлкен мектебінен өткен, қан майданның қатал тезінде сыналған, от пен суды бірге кешкен қарулас достарының ерлік жолынан сыр шертеді. Ел бірлігін, халықтар достығын дәріптейді. Былайғы жұртшылық онша білмесе де, бұл батырлардың есімсойы Ауған соғысында аңызға айналған.
Қорыта айтқанда, 3 томдық еңбек қадым дәуірден қазіргі заманға дейінгі қазақ батырларын жас ұрпақтың жадында жаңғыртуды, кейінгі толқынды озық ойлы, өр намысты етіп тәрбиелеуді мақсат тұтқан. Жинақтың тілі шұрайлы, мазмұны қызықты, тарихи құндылығы жоғары.