СҚО-да қараусыз жайып жіберген мал үшін 4 мыңға жуық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Өткен аптада көптеген жергілікті пабликтерде Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны Червонное-Новоишимское жолында 18 жылқының қараусыз жүргені туралы видео жариялап, олардың автокөлік қозғалысына кедергі келтіріп жатқанын көрсетті.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның тәртіп сақшылары жылқылардың иесін анықтады. Новоишимка ауылының 1962 жылғы тұрғыны екен. Малын қараусыз жібергені үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
«2020 жылғы 4 тамыздағы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген және СҚО Әділет департаментінде тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларына сәйкес жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде, темір және автомобиль жолдарына бөлінген белдеулерде, су қорғау белдеулері мен санитариялық қорғау аймақтарының шекарасында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға болмайды. Тамыздан бастап біздің ауданда малын қараусыз жіберген 53 адам ескертіліп, 18-іне айыппұл салынды», - дейді Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімі бастығы Марат Әлжанов.
Полицейлердің айтуынша, қараусыз жүрген мал ұрыларға оңай олжа және жол-көлік оқиғаларына себепші болады. Жыл басынан облыста әкімшілік жауапкершілікке 3886 мал иесі тартылды, 247-не айыппұл салынды.