– Мен жеті баланың анасымын. Birgemiz қорынан 50 мың теңге алдық. Аталмыш қорға, «Nur Otan» партиясына және халықтың қамын ойлаған Елбасына алғысым шексіз, – деді көпбалалы ана. – Жаңа ғана телефоныма Birgemiz қорынан 50 мың теңге түскені туралы хабарлама келді. Осындай қиын кезеңде қарапайым халыққа көмектесіп жатқан қорға алғысымды білдіремін. Нұрсұлтан Әбішұлына көрсеткен қолдауы үшін бек разымын. Еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Шымкент қаласының тұрғыны.Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өңірлерге шамамен 5 млрд теңге бағытталды. Атаулы көмек көрсету – Елбасы – «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдаған шешімі. 7 санат бойынша 100 мыңнан астам азамат біржолғы материалдық көмекпен қамтылды. Олардың қатарында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мүгедек азаматтар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер, жетім балалар (тұл жетім балалар мен асыраушысының бірінен айырылған балалар), соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері бар. Көмек алушылардың тізімін бұрынғыдай «Nur Otan» партиясының бақылауымен әкімдер ұсынды. Бұл ретте, көмекті бұрын алмаған азаматтар алды. Естеріңізге сала кетейік, Birgemiz қоры осы жылдың наурыз айында Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін құрылған болатын. Осы уақыт ішінде қор қаражатынан 550 мыңнан астам мұқтаж азамат 50 мың теңгеден алды. Пандемиямен күресте алдыңғы шепте болған елорда мен Алматы қаласының 2 112 медицина қызметкеріне біржолғы төлем жасалды. Пандемия басталған кезеңде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы әлеуметтік әлсіз 100 мың отбасыға 5 млн бетперде таратылды. Сонымен қатар қор есебінен Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Мырзакент ауылында 20 үйдің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта 12 үйдің құрылысы жалғасуда. Алматыда да 8 мыңнан астам азамат Birgemiz қорының 5-ші көмек толқыны аясында 50 мың теңге көлемінде бірреттік төлем алды. Аталған көмекті алушылардың басым бөлігін I топтағы мүгедектер, II топтағы мүгедек зейнеткерлер (жасы бойынша зейнеткерлер), дәлірек айтқанда 5 209 адам, сондай-ақ ең төменгі немесе одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер, шамамен 1 мың адамды құрады. Төлемдер екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке тұлғаның карточкалық шотына немесе «Қазпошта» АҚ арқылы қолма-қол ақшасыз аудару жолымен жүзеге асырылды. Айта кету керек, материалдық көмекті аудару кезінде комиссия алынбады, егер несиесі болған жағдайда, қаражат қарыз есебіне ұсталған жоқ. Сондай-ақ төлемдер бұрын көмек көрсетілмеген азаматтарға ғана түсетінін атап өту маңызды. Жалпы, пандемия басталғалы бері Birgemiz қорынан 50 мыңнан астам алматылық материалдық көмек алды. Түркістан облысы бойынша Түркістан қаласының 48 52 отбасы аталған көмекке ие болды. Олардың ішінде аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылар 2 273 болса, көмекке мұқтаж 2 404 мүмкіндігі шектеулі азаматқа да көмек берілді. Сонымен бірге мүгедек бала күтімімен отырған 15 отбасына және соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, жалпы 160 адамға 50 мың теңге аударылды. Мұқтаж отбасылар тізімі Түркістан қаласы әкімдігінің тиісті бөлімі базасындағы дерек бойынша әзірленді. Сонымен бірге партияға келіп түскен өтініштер де негізге алынды. Жалпы, Түркістан облысы бойынша Birgemiz қоры арқылы 38 907 отбасына 50 мың теңге берілді. Өңір тұрғындары партияның бұл бастамасын жоғары бағалап отыр.
Әбілмансұр ЖАСАН