Инкогнито-интернет: біз ол туралы не білеміз?
Инкогнито-интернет: біз ол туралы не білеміз?
393
оқылды
 

«Тұңғиық интернет» пен «Пияз жолы»

Сонымен, бұл құпия әлем Deep Web деп аталады. Тікелей аудармасы «терең желі», «көлеңкелі желі» немесе «қараңғы желі», бірақ оны біз түсінікті болу үшін «тұңғиық желі» деп алайық. Тағы бір балама атауы – Dark Net. Оның атына тән атқаратын қызметі – провайдерлердің сервер­леріне пайдаланушылардың қандай ақпараттармен алмасып жатқанын анықтауға мүмкіндік бермейтін аб­солютті, тәуелсіз анонимді қамта­масыз ету. Мұнда заңды да, заңсыз да әрекеттер жүзеге асып жатады. Көп ретте заңсыз қару сату, есірткі саудасы, жалған құжат жасау сияқты тағы да басқа теріс мақсаттарда пайдаланылып жатады. Біз соның ішінде есірткі саудасындағы проб­лемасына тоқталмақпыз. Технологиялық ақпараттық өл­шем­мен айтар болсақ, Deep Web-тің көлемі 8 000 терабайт ақпараттан, яки 600 миллиард жеке-жеке құ­­­жаттардан тұрады. Ал біздің өзі­міздің күнделікті «күнгей» ин­тернетте бұл уақытта 20 миллиард құжат қана айналымда жүр. Сырттай қарағанда «тұңғиық интернетке» өту үшін не хакер болу керек немесе өрмекшінің торындай айқыш-ұйқыш желілерден қандай да бір хабарың болу қажет секілді көрінуі мүмкін. Ал шын­­­­дығында, Deep Web-ке кірудің қиындығы жоқ. Оны интернеттен іздеп оқып алуға да болады. Сол себептен біз оны тек екіауыз сөзбен түсіндіріп кеткенді жөн көрдік. Мұндағы ең бірінші қадам, TOR Browser деп аталатын арнайы браузерді көшіріп алу. Одан кейінгісін нұсқаулық бойынша орындап шықсаңыз болғаны. Тек алдағы әңгімемізге арқау болатын - Onion Routing (ағылшыншадан тікелей аудармасы – «Пияз жолы») технологиясы туралы айтып өтелік. Бұл – анонимді сипат тудыру қыз­­­меті. Яки, ақпараттар мұнда үнемі өзгеріп отыратын прокси-серверлер арқылы өтіп, шифрмен жасырынып тұрады. Қысқаша айтқанда, ақ­­­­параттар сәт сайын құбыла бере­­­­тіндіктен, оны әркез қайталап іздей беруге тура келеді. Сондықтан да әдеттегі интернеттегі іздеу жүйесіне «дайын асқа тік қасық» болып үйреніп қалғандар үшін мұндағы тірлік «лай суда балық аулағанмен» бірдей болмақ.  

Дилер – курьер – клиент

Бұл әлемде есірткі дилерлерінің сайттары әдеттегі интернет-дүкендер секілді жұмыс істейді. Мұнда да ұнаған тауарды кәрзеңкеге тастап, сатып алушылардың пікірлерімен танысуға болады. Жеткізіп беру тәсілін таңдап, онлайн режимде төлем жасай аласыз. Менеджерлер де күн-түн демей сыпайы түрде қыз­­мет көрсетуге дайын. Есірткілерді таңдаудан, жеңілдіктер жасауға дейін көмектеседі. Есеп айырысуға, әдетте Bitcoin қолданылады. Бұл – ано­нимдіктің тағы бір құралы. Әрине, жеткізіп беруге келгенде мұнда есірткіні үйіңізге әкеп бермейтіні анық. Сол үшін де «жасырып кету» жүйесі ойлап табылған. Клиент тапсырыс беріп, ақшасын төлейді, курьерлер оны апарып жасырып кетеді. Дилер жатқан жерін тапсырыс берушіге хабарлайды. Үш тарап та бір-бірін көрмейді. Осылайша, есірткі саудасы «байланыссыз» айналымға көш­кендіктен, оларды ұстаудың қиын­дығы да осында. Осы ретте, «дәс­­түрлі» есірткілердің орнын психо­тропты заттардың басып бара жат­қанын атай кету керек. Кейбір мә­лімет бойынша сатып алу оңай­лаған жаңа тәсілге көшкелі тыйым са­лынған препараттардың айна­­лымы артқанға ұқсайды. Әсіресе, «экста­зи», «спайс», «тұз» секілді қымбат емес дизайнерлік есірткілер сұра­­­нысқа ие екен. Әлемдегі құқық қорғау орган­дары да интернеттегі «дәрмен­сіз­­діктерінің» алдында қол қусырып отырған жоқ, әрине. Даркнеттен «жалған» дүкен ашып, тәжірибесі жоқ курьерлер мен сатып алушы­ларды қолға түсіруде. Орталық Азиялық аймақтық ақпараттық-үйлестіру орталығының (ЦАРИКЦ) қатысушы-мемлекеттерінде интер­нетте есірткі таратудың келесідей «схемасы» кең тараған. Онда олар­дың рөлі мен атқаратын қызметтері бөлініп, белгіленіп қойылған. Тіз­бектің ұшар басында өндірушілер тұрады. Олардан кейін – дилерлер. Ірі дилерлер бірнеше аймақта жұмыс жүргізеді. Бірнеше дүкені бар, қыз­меткерлер штаты үлкен, желі­лерінің тармақтары кең жайылған және тауарларының ассортименті де өте көп. Ал жай дилерлер тек бір аймақта  сауда жасайды. Сәй­кесінше, бір дүкен, шағын штат және жұтаң тауар. Келесі кезекте дүкен әкім­­­шілері – тармақтағы форумды жүргізіп, көтерме саудагерлер мен клиенттерді анықтайтын және есірткіні жасыратын «минерлерді» жалдайтын осылар. Одан соң қойма меңгерушілері – дилерлерден ірі партияларды қабылдап алып, бөлек-бөлек орап, жасырушы «минерлерге» шеберлік сабағын өткізеді. Тізбектегі қолға түспейтіндер осылар. Ал кейін­гілері осал топқа жатады. Олар – алдын ала көп көлемде жасы­­ратын «көтерме курьерлер», жай «минерлер», олар көп ретте тұрақты клиенттердің арасынан таңдалады және тестерлер, жасы­рынған тауардың дәмін көріп, форумда жарнама жасайтындар. Осылайша, тауар ең соңғы клиентке жетеді.  

TOR-ға тор құру оңай ма?

Ақпараттық технологиялардың мұндай «артықшылықтары» күллі әлем елдерінің басын ауыртып отырғаны рас. Түрлі жолы ұсы­нылып, қаншама бірлескен жұ­мыстар жүріп жатқанымен, нәтиже мардымсыз. Сондықтан да әзірге мониторинг пен профи­лактикадан тиімді тәсіл болмай тұр. Соның бір жолы – техникалық аспектілер. «Тұңғиық әлемнің» терезесі – TOR браузерінің әдеттегі интернетпен түйісетін тұстарын бұғаттау. Өйткені оның жалғыз осал тұсы да осы «жа­рия тораптар». Бірақ оны жасап шығарушылар да ақымақ болмаса керек. Мұндай жағдайдың болаты­­нын біліп, бірнеше кішігірім «жария торап», яки bridge көпіршелер жасап қойыпты. Сонда да болса, әзірге тиімді болып тұрғаны осы тәсіл. Мәселен, 2012 жылдың ақпан айынан бастап елімізде бүкіл ин­­тернет-трафиктегі мәліметтерді терең талдау (deep packet inspection) басталды. Бұл жерде ТОR-ға құ­рамдас қорғалған SSL хат­тама­ларына және кейбір туннельдік сервистерге (VPN) ерекше назар аударылды. Мұндай қадамдар Қа­зақстан ТОR желісіне цензура қойған елдердің ондығына кірмей­­тініне қарамастан жасалып отырға­­­нын атай кету керек. Осы бағыттағы Түркімен­стан­ның күрес тәсілін өте консер­ва­тивті деп бағалауға болады. Олар VPN-ге қол жеткізуге қолданылуы мүмкін желілік хаттамалардың барлығын бұғаттауды жөн көріпті. Әртүрлі ақпарат көздеріндегі мәлі­­­меттер бойынша онда PPTP, OpenVPN, Ipsec, L2TP және ТОR секілді желілік хаттамалар бұғат­талған. Ал кейбір интернет-провай­­дерлер одан да зорына барып, HTTPS и SSH хат­тамаларын жауып тастапты. Сонда да болса ол жақта түрлі жол­мен VPN-ге шығып жат­қандар бары таң­ғалдырады. Кейбір елдер бұл бағытта тех­­­никалық әдістерден бөлек, жазалау практикасына да көшкен. Мәселен, БАӘ ақпарат құралдары 2016 жылы жазда VPN пайдалануға жауап­­кер­шілік енгізілетіні туралы хабар­­лады. Онда 500 мың долларға дейін айып­­пұл салынатыны немесе түр­меге қамалатыны жайлы ай­­­тылды. Бірақ бұл жазаның қолда­­­­нылғаны туралы дерек жоқ. «Тұңғиық желіден» қатты зардап шегіп отырған елдердің бірі – Қытай. 2017 жылдың жазында онда VPN-ды мемлекеттік лицензиясыз қолданған адамға 15 000 юань айып­пұл салы­­нады деген құжат қабыл­­данған болатын. Ал мұндай сервис­­тердің аудиториясы 100 мил­лион адамға жететін елде бұл заңды жүзе­­ге асыру қаншалықты мүмкін бо­латыны да белгісіз боп қалып отыр. Осы айтылғандарды қоры­тын­дылай келе, TOR мен VPN-ды толықтай бұғаттап тастау мүмкін емес деуге болады. Ол біріншіден сыртқы әлеммен байланысты үзсе, екіншіден, экономикаға да орасан зор шығын әкеледі. Әйтсе де, бү­­гін­­­гі таңда қабылданып жатқан шара­лар мұндай күмәнді сервис­терді пай­даланушылардың қата­­р­ын айтар­лықтай азайта түскені сөзсіз.  

Нұрлан ҚОСАЙ