Шымкент қаласында QazSmartTrans ЖШС-і тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне (Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталғандар), Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төсбелгі иелеріне және І топтағы көру қабілеті нашар жандарға 14 мың көлік картасы тегін таратылады.
Бүгінгі таңда жеңілдікпен жүретін азаматтарға карталарды тегін тарату мақсатында Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасы мен қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарынан арнайы орындар ұйымдастырылған. Аталған орындарда жеңілдік картаны алу үшін азаматтардан қажетті мәліметтер қабылданып, базаға енгізіледі. Жалпы, қалада 220 мың мектеп оқушысы, 80 мың студент, 14 мың жеңілдік берілген тұрғын бар. Қазіргі таңда инвестор тарапынан көлік компанияларымен келісімшарт жасалып, автобустарға валидатор орнатылды. Сонымен қатар смартфон пайдаланушыларына арналған Open Shymkent мобильді қосымшасы әзірленген. Қосымша арқылы қолданушы өзінің картасының теңгерімін тексере алады. Сондай-ақ теңгерімін толтырумен қатар жол жүру тарихын да көруіне болады.
Одан өзге қала тұрғындары Open Shymkent қосымшасы арқылы басқа да қалалық әкімдікпен көрсетілетін қызмет түрлерін ала алады. Тұрғындарға анықтамалық ретінде бірыңғай байланыс Call орталығы іске қосылған.
Үшінші мегаполисте енгізілген осынау жаңалықтың таныстырылымына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы