Қарауылдағы Абай мектебі
Қарауылдағы Абай мектебі
502
оқылды

Қазақ елінің әр өңірінде киелі білім ошақтары бар. Оның бәрі тарихи негіздермен бекітіліп, жүйеленген. Сон­дай бір толғамалы тарихы бар білім ордасы – даналар мен рухани ұстындар шыққан Шың­­ғыстаудың Қарауы­лын­да­­­ғы Абай атындағы орта мек­­теп.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы­ның сөзімен айтқанда, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының есімімен аталатын мектеп-лицей – ұлылар мекеніндегі тамырын терең­ге жайған білім қара шаңыра­ғы. Сан дүлдүлді түлеткен, бірлігі бекем, қадамы нық қасиетті оқу ордасының 90 жылдық тарихы бергі жолы ғана. Ал оның тек-тамы­рына үңілсек, өңірдің тұтас шежі­ресін байыптау қажет болады.

Мектептің тарихы бала Абай даналыққа жол бастарда алғаш дәріс алған «Ескі там» мекенінен бастау алады. Болашақ ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлы 1845 жылы Күшік-Тобықты елінің болы­сы болып жүргенде, Қарқара­лы аумағының аға сұлтаны Құсбек Тәукеұлы арқылы шекара басқар­ма­сына сол заманның ресми тіліне жүйрік мұғалім тауып беруін сұрап, өтініш жазады. Шекара бастығы Құнанбайдың бұл тілегін мақұл­дай­ды. Бірақ екітілді бірдей білетін мұғалім жоқтығын айтып, тобықты өңіріндегі тілмашқа қосымша еңбека­қы төлеп, бала оқытуға пайдалануға кеңес береді. Міне, осылай Құнанбай «Ескі тамда» мектеп ашып, оған орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындай­ды. Мұнда өзінің және ауылдаста­ры­ның балаларын оқытқан. Құдай­­берді, Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, Халиулла осы мектептен сауат ашқан.

Кеңес өкіметі тұсында, 1929 жылы атышулы елді ұжымдастыру науқаны кезінде Құнанбай ашқан «Ескі тамдағы» тарихи бастауыш мектеп мүлкі Жидебайға (кейінгі музей-қорыққа) көшіріліп, жаңа құрылған Шыңғыстау ауданының орталығы Қарауылда 5 сыныптық шаруа жастар мектебінің іргетасы болады. Бұл мектептің тұңғыш директоры – Кәмен Майтанұлы. Алғашқы мұғалімдері – Масғұт Май­танұлы, Ғаббас Смағұлұлы, Төкен Құттымбетұлы, Жұмагелді Сейтқазыұлы, Есентай Бердіұлы, Нағима Құтжанқызы т.б.

1935-1936 оқу жылының ба­сын­да 5 сыныптық шаруа жастар мек­тебі үкімет қаулысымен «Қара­уыл орта мектебі» болып қайта құрылды.

1939 жылы желтоқсан айында «Ескі там» мектебінің түлегі, болашақ заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен мектеп­те «Абай ұрпақтары» қолжазба журналы жарық көреді. 1940 жылы ұлы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай, мектепке Абай есімі берілді.

Тарихи мектеп 30-жылдардың қуғын-сүргінін де, ІІ дүниежүзілік соғыстың зардаптарын да, 50-жыл­дар­дың соқыр саясатын да бастан кешірді. НКВД саясат майшамы­мен қарамаған мұғалім де, оқу үде­рісі де қалмады. Бірақ өзегі мық­ты, болмысы текті ұстаздар шәкірт­терінің жүрек көзін ашуға бар ғұмырын арнады.

Классик М.Әуезов дүниеден озғанша, осы мектептің жағдайын біліп, қолынан келгенше, көмекте­сіп тұрды. Абайды іздеп келген зиялылардың бәрі осы білім орда­сы­на соғып, астана мен өңірлердің рухани сабақтастығын жалғады.

Мектебіміз 1970 жылы 19 қаң­та­рда жаңадан салынған үшқабат­ты ғимаратқа көшті. Бүгінде мек­теп-лицей деңгейінде өсіп-өркен­деп, заманауи технологиямен жаб­­дықталған. Жас ұрпақты бәсе­кеге қабілетті ету жолында сапалы тәр­бие мен білім беруді жалғас­ты­р­ып келеді.

Шәкірттерін әдебиетті сүюге баулып, өзі де руханият саласында аянбай еңбек еткен және бүгін де ұстаздар сапында жүрген тұлғалар аз емес. Атап айтсақ, «Қазақстан­ның еңбегі сіңген мұғалімі», Абай ауданының «ХХ ғасыр тұлғасы», «Абайдан соң», «Абайдан соңғы арыстар» еңбектерінің авторы Кәмен Оразалин, «Қазақ ССР-дың еңбек сіңірген мұғалімі» Нұр­жа­­мал Қалиева, Қазақ ССР-дың халық ағарту ісінің озық қызмет­керлері: Нұрпиза Омарха­нова (және «КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері»), Нысанбек Ома­шев, «Еңбек қызыл ту» орде­ні­нің иегері Нағила Шаңбаева, Бағдаш Сақалова, Ұлықбек Байыр­беков, Айтан Әбекова, Сақ­тай Биғозин, Байғали Байзақов, Нази­ра Көбеева, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Нағима Құмарова, Бағира Төлеутаева, Шәрбат Әбіл­қа­­сымова, Фатима Түскеева, Зинаи­да Абдуллина, Биқан Мұхта­рова, Шәмшия Алипова, Роза Есбаева, Әскен Күзембаева, Қоз­қан Изатов, Дәмегүл Дәукенбаева, Майра Нұртазина, Бақыт Ылди­баева, Әсима Дүрмекбаева, Өркен Жұма­бекова, Роза Арынғазина, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Саржан Нұрғалиев, «Қазақстан білім беру ісінің үздік қызмет­кер­лері»: Ғалым Қуанышбай, Бақыт Бозан­баева, Бейбітгүл Құтан­бе­кова, Қалдыгүл Тампишева, Нұр­­гүл Дінслямова, Байболат Төре­ханов, Рымғали Баймаған­бетов.

Қыдыр дарып, құт қонған қасиетті қара шаңырақтан түлеп ұшқан әдебиет майталмандары, бүгінгі руханият тұлғалары да елге мәлім. Арыдан бастасақ, ақын Тұр­сын­хан Әбдірахманова, жазушы Роллан Сейсенбаев, ақын Тыныш­тық­бек Әбдікәкімұлы, өнер тұлға­лары – Жәнібек Кәрменов, Мер­ғали Ибраев, Төле­ген Жанғалиев, Совет Махме­тов, тележурналистер – Серік Жан­­болат, Еркін Байға­был – қа­шан­­да жас ұрпаққа өнеге.

Кезінде академик-жазушымыз Мұхтар Әуезов КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері атанса, ақиық ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Қазақстанның әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлы­ғын алды. Бұл үрдіс өз жалғасын табатынына сенімдіміз.

2016 жылы 14 шілдеде Қазақ­станның Білім және ғы­лым министрлігі келісімімен және Шығыс Қазақстан облыстық мәс­лихатының шешімімен Абай мек­тебі облыстық дарынды мек­теп­­тер қатарына енді. Бұл – біз үшін зор мақтаныш және жауапты мін­дет.

Абайды «рухани хакім» деп бағалаған ақын Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мекте­бі­мізді таза, берік һәм өз жаны­мыз­ға үйлесетін негізде құра біл­сек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деп жазған екен. Әу бастағы тарихы мен тағ­ды­ры тек ұлт мұратына арналған Абай мектебі осы Мағжан айтқан талапқа сәйкес келеді деп санай­мыз. Бұл – осы білім шаңырағын басқарған тұлғалар мен еңбек еткен ұстаздардың және аманатқа адал түлектердің арқасы.

ХХІ ғасыр – ғылым мен білім­нің қарыштап дамитын ғасыры бол­мақ. Сондықтан бәсекеге қабі­лет­ті оқушы даярлау әр мектептің басты мақсаты деп білеміз. Қазіргі бой емес, ой жарыстыратын заман­да мектеп оқушыларын тарих тағы­лымы мен заманауи жаңалық­тар аясында тәрбиелеу маңызды.

Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының білімін, берген тәрбие­сін, кеңесін алады. Ұлағатты ұстаз­дың алдын көрген бала жақсы қо­­ғам мүшесі, талапты тұлға болып өседі. Өмірін дұрыс бағытқа бейім­деп, көркейеді. Мектептің, ұстаз­дар­дың берген білімін бойына сіңір­­ген білімді, талантты, дарын­ды шәкірттеріміз қашанда мек­теп мақтанышы.

Көп тіл білу – заман талабы. Осы орайда, мектебімізде «Абай әлеміне саяхат» атты клуб ашылды. Клуб президенті – әйгілі сәулетші Сайын Назарбекұлы. Шығарма­шыл ұйымның мақсаты – жас ұр­пақ­тың рухани болмысын аман сақ­тау үшін оларды Абай сөздері мен Елбасы ойлары арқылы биік ұлт­тық мұраттарға баулу. Бағдарла­ма­ға сәйкес, Абай Құнанбайұлы қарасөздері үш тілде насихатталып, дәріптеледі.

Қазір ағылшын тілі – әлемдік ке­ңістікті танудың тілі. Мұны оқы­ту­да жаңа әдістемелерді әр сабақта жан-жақты қолдану, жаңаша оқы­тудың тиімді жолдарын жүйелі түрде қолдану – заман талабы. Білім берудің мазмұны жаңарып жат­­қан тұста мектебімізде жараты­лыс­­тану ғылымының жекелеген пән­дерін ағылшын тілінде оқыту жү­зеге асырылды. Мектебіміздің жас ұстаздары осы жүйені қолға алып, жаңашылдық танытып отыр.

Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнан­байұлы: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, заңғар жазушы М.Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» деп тұжы­рымдағаны мәлім. Біз ұлт пен әлем ғұламалары аманаттаған білім­ді шәкірт санасына лайықты сіңі­руді Абай мектебінің парызы деп білеміз. Саналы ұрпаққа сапа­лы білім беруде атаулы білім орда­ларының жоғары деңгейде қызмет көрсетуі аса маңызды. Бүгінгі ұр­пақ – еліміздің ертеңі. Сондықтан бә­секеге қабілетті, білімді де білік­ті шәкірт даярлау – мектебі­міздің бас­ты мақсатының бірі.

Алдағы жыл ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтой жылы болып белгіленді. Абай мектебі бұл жаңалықты өрлеу үстінде қабыл алды. Үлкен елдік іске кішкентай ұжымымыз қал-қадерінше атсалысуды жоспарлап та қойды. Оның бәрі – біліммен және оқушылар шығармашылығы­мен байланысты шаралар.

Әрбір елдің өркендеуі, тұғыры­ның берік болуы білімге келіп ті­ре­леді. Талай жылдық тарихы бар, тамыры терең Абай мектебі – жан-жақты жетілген, білімді, са­на­лы, Отанына адал қызмет ете­тін өрелі ұрпақтың ұлттық бесігі. Сан дүл­дүл­ді тәрбиелеп, жақсы­лық­тың жаршысына айналған алтын ұя мектебіміздің алар асуы, шығар шыңы, бағындырар белесі алда.

 

Роллан ТІЛЕУХАНОВ, 
Абай атындағы
мектеп-лицейдің директоры