Жол апатынан көз жұмған екі полиция қызметкерін ақтық сапарға шығарып салды
Жол апатынан көз жұмған екі полиция қызметкерін ақтық сапарға шығарып салды
287
оқылды

Щучинск қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде жол апатынан қаза тапқан полиция қызметкерлері Қанат Хамидуллин мен Қанат Отарбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Бұл туралы Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Карантиндік шектеулерге байланысты полицейлерді соңғы сапарға аттандыруға марқұмдардың жақын туыстары мен санаулы әріптестері ғана жиналған. Жерлеу рәсімінде қайтыс болған тәртіп сақшыларының туған-туыстары мен жақындары, Ақмола облысы Полиция департаментінің жеке құрамы мен басшылығы, Шучинск қаласы әкімдігі, прокуратура өкілдері қатысқан.
«Полицейлерді ақтық сапарға шығарып салу кезінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың көңіл айту жеделхаты оқылды. Ведомство басшысы марқұм Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллиннің қызметке адалдығы, кәсіби біліктілігі мен темірдей тәртібін ерекше атап өтті. Облыстық Полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймұрзин қаза болған полицейлердің жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, олардың отбасы қашанда Полиция департаментінен жан-жақты қолдау мен көмек алуға болатынын жеткізді», - дейді департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Департамент басшысы «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 66 және 67-бабына сәйкес, қаза тапқан полиция қызметкерлерінің әрқайсысына біржолғы көмек пен ақшалай өтемақы төленетінін атап өтті. Полиция капитаны Қанат Айдарбекұлы Отарбаев ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін 22 рет көтермеленген. Артында жұбайы мен үш баласы қалды, олардың ең кішісі 3 жаста. Полиция капитаны Қанат Болатұлы Хамидуллин ішкі істер органдарында 12 жыл қызмет еткен және осы уақыт ішінде 23 рет көтермеленген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен жеті жасар ұлы қалды. Ал қос бірдей полиция қызметкерінің өмірін қиған кінәлі рөлге мас күйде отырған.