«2019 жылмен салыстырғанда кадрлардың тұрақтамауы шамалы азайды. Биылғы қазандағы жағдай бойынша барлық ведомствоны қоса алғанда, жалпы саны 31 129 медицина қызметкері жұмыстан кеткен. Оның ішінде дәрігерлері – 10 669, орта медицина қызметкері – 20 460. Бұл 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9,3%-ға кем. Былтыр барлығы 34 308 адам, оның ішінде 10 836 дәрігер 23 472 мейірбике мен санитар жұмысынан босатылған», – деді Денсаулық сақтау министрлігі.
Отандық медициналық ЖОО, ҒЗИ, ғылыми орталықтар 2020 жылы жалпы 7 910 жаңа маман даярлаған. Соның ішінде 5 551 түлек қана мемлекеттік грантта оқыпты.
Түлектерді жұмысқа орналастыруда ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе облысына тиесілі: оған 111 адам жіберілді, оның 100-і жұмыс тапты. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысына бөлінген 158 жас маманның 138-і (87%), Павлодар облысында 80 түлектің 68-і (85%) жұмысқа тұра алды. Көрсеткіші ең төмен өңір – Ақмола облысы (52%): оған бағытталған 88 жас маманның 46-сы ғана орын тапты.
«Жалпы, практика дәрігерлері» сұранысқа ие маман болып қалуда: оларға республика бойынша тапшылық – 652 штаттық бірлік. Анестезиолог-реаниматологтарға еңбек нарығында сұраныс жоғары, бұл мамандарға деген қажеттілік – 360,5 штаттық бірлік.
Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің жалпы саны – 253 883 адам. Соның ішінде 7 446-сы – дәрігерлер, 179 837-сі – орта медициналық қызметкер.
Былтырғымен салыстырғанда дәрігерлік кадрлардың 1,5%-ға және орта медициналық қызметкерлер санының 2,6%-ға өсуі байқалады.