– Бұл «өзгерістер» ештеңе өзгертпейді. Коллекторлардың сот орындаушыларымен сыбайласа жұмыс істейтінін, тағы басқа әрекеттерін ескерсек, өз ісін онша меңгермегенін байқаймыз. Олар қай шаруамен қалай айналысу керегін дұрыс түсінбейді. Қазақстанда бұл жаңа қызмет түрі болғандықтан, коллекторлардың көбі біліксіз. Банктен, сот орындаушысынан қандай айырмасы барын да біле бермейді. Былайша айтқанда, профессионалдар емес, – дейді Өскемен тұрғыны. Жұлдыз Ақтанжанова басқаратын «Ақжүніс» аналар қоғамы коллекторлық қызмет мәселесін көптен бері көтеріп жүр. Өйткені көпбалалы, жалғызбасты аналардың дені банкке берешек. Көбінің ісі коллектор агенттігіне өтіп кеткен. Олардан жапа шеккен қорғансыз әйелдер екі күннің бірінде мұңын шағады екен. Сондықтан «Ақжүніс» аналар қоғамы Президентке ашықхат жазып, «Жекеменшік компаниялардың мүддесі неге Үкіметтің әлсіз топтарды қолдау саясатынан жоғары тұр?» деп сауал тастаған. – Негізі, коллекторлар шетелге барып, тәжірибе алмасып қайтса, жақсы болар еді. Шетелдің коллекторлық қызметі адамды толықтай қарыздан алып шыққанға дейін консультациялық жұмыс жүргізеді. Борышкердің дивидендін, қаржылық мүмкіндігін, бүкіл жай-жапсарын зерттейді. Қарыздан құтылу амалдарын көрсетеді. «Мен сені қамаймын, қырам-жоям» деп бопсаламайды. Олар адамды қарыздан құтқаруға мүдделі. Міне, мәселе қайда жатыр! Ал біздікілер өз пайызын алса болды, адамның кейінгі тағдырына бас қатырмайды. Яғни, Қазақстанда бұл қызмет әлі дамымаған, – дейді Жұлдыз Ақтанжанова.Осы орайда, шетел тәжірибесіне көз жүгіртейік. The Guardian газетінің мәліметіне сенсек, әрбір екінші ағылшын отбасы ипотеканы есептемегенде банкке 10 мың фунт берешек екен. Егер азамат қарызын өтей алмаса, мемлекет бөліп төлеу сияқты түрлі жеңілдік ұсынады. Ағылшын коллекторлары да күн сайын телефон соғады, жұмыс орнына барады. Бірақ жылжымайтын мүлік немесе өзге де дүниелерді тартып ала алмайды. Жалпы, Еуропа елдерінде коллектор агенттіктері лицензия алуға міндетті. Өз қызметі туралы үкімет орындарына есеп береді. Еуропа шенеуніктері коллекторлардың көмегімен салық пен тендер борыштарын, айыппұлдарды қайтарады. Ал Германияда Коллектор агенттіктерінің ассоциациясы құрылған. Жаңадан ашылғандары сонда тіркелуі керек. АҚШ-та коллекторлардың жұмысы қаржы кеңесшісіне көбірек ұқсайды. Коллекторлық қызметті реттейтін 19 тараудан тұратын заң 1977 жылы қабылданған. Заң бойынша коллекторлар қоқан-лоқы жасап, үздіксіз телефон шалмайды. Психологиялық қысым көрсетуге құқығы жоқ. Жұмыс орнына хабарласу борышкердің беделіне нұқсан келтірсе, оның бір-ақ өтінішімен қоңыраулатуын бірден доғарады. Көрші Ресейде ахуал қиын. Сәбидің бетін күйдіру, «балабақшаны жарамын» деп қорқыту, «қарызыңды қайтармасаң, жезөкшелікпен айналысасың» деп қорлау – кейбір орыс коллекторларының тұрақты әдісі. Мәселен, Ульяновск қаласында коллектор 4 000 рубль (53 доллар) несие алған пәтер иесінің терезесіне «Молотов коктейлін» лақтырған. Шөлмек төсекте жатқан екі жасар сәбидің қасында жарылып, баланың беті мен денесінің 40 пайызын күйік шалған. 3 миллион рубль (40 мың доллар) несие алған сібірлік ағаш кесуші жүкті әйелін, екі баласын өлтіріп, артынан өзін атқан. Мұндай қадамға баруына зорлықшыл коллекторлар кінәлі деседі. Ростов облысында коллекторлар балабақша қызметкеріне «қарызыңды қайтармасаң, балабақшаны жарамын» деген. Полиция балабақшаға арнайы иттері мен қызмет техникасын апарып, шұғыл түрде балалар мен қызметкерлерді эвакуациялаған.
– Бізде әзірге ондай оқиғалар тіркелген жоқ. Бірақ қорқытатыны рас. Олар өздерінше ішкі істер органының құзыретін иемденіп алған. «15 тәулікке жабамыз», «мал-мүлкіңді тәркілейміз», «ата-ана құқығынан айырып, балаларыңды тартып аламыз» деп бопсалайды. Боқтайды, ар-намысыңа тиеді, – дейді Жұлдыз Ақтанжанова. «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы 2016 жылы қабылданғаны белгілі. Оған дейін коллекторлардың қызметі арнаулы заңмен реттелмейтін. Заң жобасында «банкке борышкер адамдардың қарызын қайтару жайы, коллекторлық қызметтің дамуына қолайлы құқықтық жағдай жасау, қарызды өндіріп алуда қауіпсіздік пен тиімділікті арттыру, борышкерлердің құқығы мен мүддесін коллектор агенттіктері тарапынан болуы мүмкін заңға қайшы әрекеттен қорғау, коллекторлықтың жариялылығын қамтамасыз ету» жөні қамтылған. Бірқатар депутат оны сынап-мінеп, Үкіметтің қайта қарауына жіберуді талап еткен. Мысалы, атышулы Мұхтар Тінікеев заң жобасын рэкетті заңдастыратын антихалықтық жоба деп атаған. – Заң жобасын «Атамекен» ұлттық палатасы, қаржыгерлер қауымдастығы, қаржы ұйымдары қауымдастығы, коллекторлық ұйымдары мақұлдады депсіздер, ал мойнында несиесі бар жұрт мақұлдады ма? Сіздерде қарапайым борышкерлердің пікірі бар ма? – деп шүйліккен. Тінікеевке қарсы шыққан Гүлжан Қарағұсова «заң жобасы – коллекторларды тізгіндеп ұстауға таптырмайтын тәсіл» деп жақтап сөйлеген. – Мафиямен күресу үшін оны басқару керек деген сөз бар ғой. Міне, енді бұл мафияны мемлекет осы заңмен реттейді. Кешіріңіз, дұрыс айтпадым, бірақ принципі солай, себебі тиісті ережелерді орнату керек. Қарыз алушылардың құқығын Конституциядан бөлек заңдармен де қорғау қажет, – деген еді Қарағұсова.Байқадыңыз ба, халық қалаулылары «мафия», «рэкет» деген сөздерді еш тайсақтамай, емін-еркін айтады. Демек, коллекторлардың ұйымдасқан қылмыстық топқа ұқсайтынын мойындайды. Былтыр Бас прокурордың көмекшісі Қайрат Райысов та «коллекторлық қызметпен бұрынғы қарақшылар айналысып жүр» деп дабыл қаққан. Айтпақшы, осы Бас прокуратура арнайы тексеру жүргізіп, коллекторлар мен жекеменшік сот орындаушыларының ымыраласып заңсыз схема құрғанын анықтады. Сот орындаушыларының электронды қолтаңба кілтімен мемлекеттік ақпараттық базаға кірген коллекторлар халықтың мүлкін тұтқындап, сатуға шығарған, банк шоттарын бұғаттаған. Бір ғана Алматының өзінде 35 коллектор агенттігі осы әдісті қолданыпты. Сот орындаушылары сол үшін ай сайын 250-300 мың теңге сыйақы алып отырған. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, коллекторлардың қорлығына көніп, жалған ақпаратына сеніп, заңгерге жүгінбейтін азаматтардың да қарасы қалың. Олар ақшаны пайыздарымен, өсімақысымен, айыппұлдарымен төлеп, өз еркімен оңай олжаға айналады. Әрине, коллектор біткенге топырақ шашпаймыз. Әдептен озбай, тәртіп бұзбай қызмет атқаратын агенттіктер де бар. Дегенмен алда-жалда біреудің құқығы тапталса, Ұлттық банкке арыз-шағым жолдауына болады. Заңға сәйкес, коллекторлар борышкер туралы деректерді көпшілікке жария қылса, 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл төлейді. Әрекетінде қылмыс белгілері болса, 2,5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ