Дағдарысқа төзімді салалар
Мұнай-газ секторының табысы азайды дегенмен, әлі де болса бюджеттің негізгі доноры осы тау-кен саласы болып қала бермек. Одан бөлек өңдеу өнеркәсібі 3,3 пайызға өскенін айта кету керек. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жаңа зауыт-фабрикалар жаппай ашылып жатқан кезде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 3 пайызға әзер жетіп жығылатын. Дағдарыста бұл сала өз-өзін асырап қана қоймай, экономикаға да үлес қоса бастапты. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы 5 пайыздық өсім көрсетті. Бір қарағанда, бұрындары 7-8 пайызбен өскен саланың 5 пайыз ғана өсуін қомсынбауыңыз мүмкін, бірақ жалпы экономиканың 2,5 пайыз кемігенін ескерсеңіз, ауыл шаруашылығының экономиканы дағдарыстан алып шықпаса да, осы саладағы кәсіпкерлер мен жұмыскерлердің табыссыз қалмағанын байқауға болады. Карантин кезінде дұрыс жұмыс істей алмаған құрылысшылардың шығындалмағанының өзі олжа болды. Құрылыс саласы былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 0,5 пайыз өсіп отыр. Есесіне байланыс саласы экономиканың жаңа драйверіне айналды деуге болады. Қашықтан жұмыс істеудің арқасында сала биылғы тоғыз айда 8,2 пайыз ұлғайған.Карантиннен тікелей зиян шеккен салалар
Сауда мен тасымал саласының тоқырағаны жасырын емес. Жекелей айтар болсақ, тоғыз айдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау бизнесі 7,1 пайыз құлдыраған. Соның ішінде жүк айналымы 4 пайыз ғана азайса, жолаушылар тасымалы 58,5 пайыз төмендеді. Ал саудагерлердің табысы 9,5 пайыз азайып кетті. Соның ішінде бөлшек сауда 6,8 пайыз азайса, көтерме саудагерлер 9,4 пайыз шығындалды. Жалпы, мемлекеттің сыртқы сауда айналымы осы уақытта 12 пайыз азайған. Экспорт 15,7 пайыз, импорт 6,4% төмендеді. Бір қызығы, дағдарысқа қарамастан елде кәсіпкерлер санының артқаны байқалады. Жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда заңды тұлғалар саны 3,3 пайыз көбейіп, 458 мың 893 бірлікті құрады.«Ең дамыған 30 ел» vs Дефолт
Мұнай бағасы былтыр 64 доллар болса, биыл орташа есеппен 40 доллар айналасында болады деген болжам бар. 40 долларлық мұнаймен Ұлттық қорға 1,5 трлн теңге түседі деп күтілуде. Бірақ биыл Ұлттық қордан 4,7 трлн теңге жұмсағанымызды да ұмытпауымыз керек. Яғни, мұнайдың қымбат кезінде жинаған Ұлттық қордан биыл 3,2 трлн теңгені жұмсап отырмыз. Қазақстан мемлекет ретінде өзін-өзі асырай алуы үшін қарапайым есеппен жасаған зерттеуімізше, мұнай бағасы кемі 65 доллар болуы тиіс. Одан төмен болса Ұлтты қорды шетінен жұмсаймыз. Сөзімізге дәлел ретінде айтар болсақ, былтыр мұнай бағасы орташа есеппен 64 доллар болғанда Ұлттық банкке мұнай секторындағы кәсіпорындардан 3 трлн теңгеге жуық қаражат түскен. Сол жылы Ұлттық қордан республикалық бюджет аударылған трансферт те 3 трлн теңгені құрады. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттің бір жылдық табысы тұп-тура бір жылдық күнкөрісті жапты. Goldman Sachs банкінің болжамынша, мұнай бағасы келер жылы 45 доллар, одан кейінгі үш жылда тиісінше 55, 60, 63 долларға қымбаттайды десек, алдағы 4 жылда Ұлттық қордағы 27 трлн теңгенің 6 трлн теңгесін жұмсауға мәжбүр боламыз. Ал дәл осылай тағы үш рет дағдарыс болса, қазіргі экономиканың құрылымымен мемлекеттің дефолт болуы да әбден мүмкін. Дағдарыстың әрбір 10 жыл сайын оралып тұратын әдетін ескерсек, 2050 жылға дейін дефолт болмай тұрып ең дамыған 30 елдің қатарына кіріп алуымыз керек.Бауыржан МЫРЗАБЕКҰЛЫ