Дағдарыста экономиканы қай салалар асырады?

Дағдарыста экономиканы қай салалар асырады?

Жыл басында вирус Еуропаға да жұққанда Руслан Дәленов Қазақстан экономикасының 0,9 пайыз төмендейтінін хабарлады. Бұл кезде қазақстандықтар әлі дертке шалдықпаған еді, эко­номика тіпті белсенді болған. Кейін мұнай бағасы минусқа кет­кенде болжам айтуға ешкімнің жүрегі дауаламай қалғаны анық. Абырой болғанда қара алтын құны 40 доллардан асып, карантин аяқталғаннан кейін Дәленовтің ведомствосы аралық қорытынды жасап, коронадағдарыстың ке­сірінен Қазақстан шілде айына дейін 2,9% кедейленіп қалғанын жеткізді. Алайда карантин ша­ралары әлсіреп, өндіріс, сауда, қыз­мет көрсету орындары қайта жұ­мыс істей бастап, экономика бір­тіндеп оңала бастады. Қазір жыл басынан бергі 9 айдың қорытын­дысы бойынша экономика 2,5 пайыз төмен болып тұр. Айта ке­­терлігі, осы уақыт аралығында ха­лықтың нақты ақшалай табысы да 2,5 пайыз төмендепті. Екі ай­дың ішінде экономика 0,4 па­йызды қалпына келтірді. Осы қар­қын сақталатын болса, жыл соңына көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 2 пайызға кем болмақ. Халықаралық Валюта қорының соңғы мәліметінде биыл әлем экономикасы 4,4 пайыз тө­мендейтіні жорамалданғанын ескерсек, Қазақстан дағдарысты жеңіл өткерді деуге толық негіз бар.  

Дағдарысқа төзімді салалар

Мұнай-газ секторының та­бысы азайды дегенмен, әлі де болса бюджеттің негізгі до­норы осы тау-кен саласы бо­лып қала бермек. Одан бөлек өңдеу өнеркәсібі 3,3 пайызға өскенін айта кету керек. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бо­йынша жаңа зауыт-фабрикалар жап­пай ашылып жатқан кезде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 3 пайызға әзер жетіп жығылатын. Дағдарыста бұл сала өз-өзін асы­рап қана қоймай, экономикаға да үлес қоса бастапты. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы 5 пайыздық өсім көрсетті. Бір қарағанда, бұрындары 7-8 па­йызбен өскен саланың 5 пайыз ғана өсуін қомсынбауыңыз мүмкін, бірақ жалпы экономиканың 2,5 пайыз кемігенін ескерсеңіз, ауыл шаруашылығының экономиканы дағдарыстан алып шықпаса да, осы саладағы кәсіпкерлер мен жұмыскерлердің табыссыз қал­мағанын байқауға болады. Карантин кезінде дұрыс жұмыс істей алмаған құрылысшылардың шығындалмағанының өзі олжа болды. Құрылыс саласы былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 0,5 пайыз өсіп отыр. Есесіне бай­ланыс саласы экономиканың жаңа драйверіне айналды деуге бо­лады. Қашықтан жұмыс істеудің арқасында сала биылғы тоғыз айда 8,2 пайыз ұлғайған.  

Карантиннен тікелей зиян шеккен салалар

Сауда мен тасымал саласының тоқырағаны жасырын емес. Жекелей айтар болсақ, тоғыз ай­­дың қорытындысы бойынша кө­лік және қоймалау бизнесі 7,1 пайыз құлдыраған. Соның ішінде жүк айналымы 4 пайыз ғана азай­са, жолаушылар тасымалы 58,5 пайыз төмендеді. Ал саудагерлердің табысы 9,5 пайыз азайып кетті. Соның ішін­де бөлшек сауда 6,8 пайыз азайса, көтерме саудагерлер 9,4 па­йыз шығындалды. Жалпы, мем­лекеттің сыртқы сауда айналымы осы уақытта 12 пайыз азайған. Экспорт 15,7 пайыз, импорт 6,4% төмендеді. Бір қызығы, дағдарысқа қа­­рамастан елде кәсіпкерлер са­­нының артқаны байқалады. Жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда заңды тұлғалар саны 3,3 пайыз көбейіп, 458 мың 893 бірлікті құрады.  

«Ең дамыған 30 ел» vs Дефолт

Мұнай бағасы былтыр 64 доллар болса, биыл орташа есеп­пен 40 доллар айналасында болады деген болжам бар. 40 долларлық мұнаймен Ұлттық қорға 1,5 трлн теңге түседі деп күтілуде. Бірақ биыл Ұлттық қордан 4,7 трлн теңге жұмсағанымызды да ұмытпауымыз керек. Яғни, мұ­найдың қымбат кезінде жинаған Ұлттық қордан биыл 3,2 трлн теңгені жұмсап отырмыз. Қа­зақстан мемлекет ретінде өзін-өзі асырай алуы үшін қарапайым есеп­пен жасаған зерттеуімізше, мұнай бағасы кемі 65 доллар болуы тиіс. Одан төмен болса Ұлтты қорды шетінен жұмсаймыз. Сөзімізге дәлел ретінде айтар болсақ, былтыр мұнай бағасы орташа есеппен 64 доллар бол­ғанда Ұлттық банкке мұнай секторындағы кәсіпорындардан 3 трлн теңгеге жуық қаражат түскен. Сол жылы Ұлттық қор­дан республикалық бюджет ау­дарылған трансферт те 3 трлн теңгені құрады. Қарапайым тіл­мен айтқанда, мемлекеттің бір жылдық табысы тұп-тура бір жыл­дық күнкөрісті жапты. Goldman Sachs банкінің бол­жамынша, мұнай бағасы келер жылы 45 доллар, одан кейінгі үш жылда тиісінше 55, 60, 63 долларға қымбаттайды десек, алдағы 4 жылда Ұлттық қордағы 27 трлн теңгенің 6 трлн теңгесін жұмсауға мәжбүр боламыз. Ал дәл осылай тағы үш рет дағдарыс болса, қазіргі экономиканың құрылымымен мемлекеттің дефолт болуы да әбден мүмкін. Дағдарыстың әрбір 10 жыл сайын оралып тұратын әдетін ескерсек, 2050 жылға дейін дефолт болмай тұрып ең дамыған 30 елдің қатарына кіріп алуымыз керек.  

Бауыржан МЫРЗАБЕКҰЛЫ