Басты құндылық – бейбітшілікті сақтау
Басты құндылық – бейбітшілікті сақтау
631
оқылды
Бүгін еліміздің 30 жылдық  тәуелсіздік тарихындағы ең үлкен  жетістіктерінің бірі қоғамдық рухани келісім күні!  Бұл атаулы күн 1992 жылдың 18 қазанда Алматыда Тұңгыш Президент Н.Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші Бүкіләлімдік рухани келісім конгресінде бекітілді. Іс-шараға түрлі конфессиялардың, діни-рухани мектеп  өкілдері қатысты. Олар манифест қабылдап,  18 қазанды «Рухани келісім күні - қақтығыстарға мораторий күні, татуласуды іздеу күні, мейірімділік және көршімізге көмек күні» деп жариялады. Бұл мереке Қазақстан халқын дәстүрлі адамгершілік құндылықтар төңірегінде топтастыруға, қазақстандық қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылық үшін толеранттылық пен рухани келісім идеяларын насихаттауға бағыттап келеді. Елімізде ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасы бойынша Қазақстанда әр 3 жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтіп келеді. Бұл туралы Елбасы өз кітабында былай еске алады: «Қазақстанның жаһандық бітімгерлігі дінаралық келісім бастамасында, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінде ерекше байқалды. Съезд өткізу идеясын мен 2003 жылы Ватиканға барған сапарымда ІІ Иоанн Павелмен талқылаған едім. Бұл бастаманың принципті жаңашылдығы дінаралық форум өткізуді бірінші рет негізінен мұсылмандар мекен ететін ел президентінің ұсынуында еді. Бүкіл әлемнің христиан-католиктерінің рухани көшбасшылары қолдау білдіріп, басталған іске батасын берді. Дінаралық съезд идеясын көптеген белгілі әлемдік саясаткерлер де оң бағалады. Олардың ішінде мен көп жылдар бойы жемісті қарым-қатынас жасаған - үлкен Дж. Буш, М. Тэтчер, Цзян Цзэминь, К. Аннан, Н. Мандела, С. Демирел, М. Мохаммад және басқа да көптеген саясаткерлер болды». Өткен ғасырдағы көптеген саясаткерлердің ойынша, діни фактор уақыт өте келе біржолата жойылуы тиіс болатын. Алайда іс жүзінде ХХІ ғасыр басында біз мүлде басқа картинаны көрдік. Әлеуметтік қолданыстан шығып қалудың орнына, дін мен оның институттары күшіне еніп, өзінің қоғамдағы ықпалын күшейте түсті, саяси-әлеуметтік жүйелерге өз тәртібін орнатуға тырысты. Мамандар бұл құбылысқа арнайы термин де ойлап тапты, ол десекуляризация деп аталды. Дін жоғалмады. Ол бар болғаны саясат сферасынан жеке өмір сферасына ауысты. Бұл ретте, ол діни қызмет пен діни танымды қоғамның дәстүрлі сегментіне  - дәстүрлі өмір салтын ұстанған қарт адамдарға жақындастырудың өзіндік әлеуметтік желілерін жасады. Сөйтіп, біраз уақыттан соң Феникс құсындай жастар арасында жаппай қайта тірілді. Ең қызығы - діннің саясатта өріс ала бастауы. Бұл тек тар шеңбердегі отбасылық саясатта ғана емес, жаһандық деңгейдегі дәрежеге жетіп отыр. Беделді деген сараптамалық орталықтардың болжамдарына сенсек, ХХІ ғасырдағы діннің бүкіл адамзат өміріндегі, әлемдік саясаттағы рөлі арта түспек. Олардың ойынша, таяу онжылдықтарда барлық аса маңызды діни қауымдастықтардағы діни ұлтшылдық пен радикализмнің өсуі әлемге зор қауіп төндіруі мүмкін. 2003 жылдан бастап Астана қаласында ұдайы өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері - Қазақстанның жаһандық гуманитарлық диалогқа қосқан маңызды үлесі. Енді әрбір үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан съезд қысқаша тарихи шолу жасап өтсек:                                       Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі  2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Съездің идеясын К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады. Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы  шешімінде бекітілді.                                      Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  ІІ съезі  2006 жылы 12-13 қыркүйекте Астанада өткізілді. Съезд арнайы форум өткізу үшін салынған жаңа «Бейбітшілік және келісім сарайы» ғимаратында өтті. Форум «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты жалпы тақырып аясында «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген екі негізгі бағыт бойынша өткізілді. Екінші форум жұмысына 29 делегация қатысты. Екінші съезд қорытындысы бойынша қатысушылар барлық діндер мен этникалық топтар өкілдерін мәдени және діни ерекшеліктер негізіндегі дау-жанжалдарға жол бермеуге шақырған бірлескен декларация қабылдады. Бұл құжатта «қырғиқабақ идеологияны» «әлем мәдениетіне» ауыстырудың жаһандық қажеттілігі кең көрініс тапты.                                     Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  III съезі 2009 жылы 1-2 шілдеде Астана қаласында өтті. Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың 35 елінен 77 делегация қатысты. Оның басты тақырыбына кез келген мәселенің оң шешілуіндегі рухани көшбасшылар рөлін олардың өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген толерантты әлемді қамтамасыз етуге қосқан үлесі аясында арттыру жайы арқау болды.Үшінші форумның қорытындысы бойынша қатысушылар жұртшылықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көшбасшылар мен ұйымдардың күш-жігерін қолдауға және арттыруға, діндер мен өркениеттердің өзара түсіністік пен құрметті жақсартуға бағыталған үнқатысуын қолдауға ықпал етуге шақырған бірлескен декларация қабылдады.                                     Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  IV съезі  2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өтті. IV Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы ретінде» деп аталды. Форумға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.IV Съезд аясында Діни көшбасшылар кеңесінің бірінші отырысы болып өтті. Діни көшбасшылар кеңесінің мақсаты – жұмысы мәдениеттер диалогына және экономикалық өзара ықпалдастыққа бағытталған өзге де форумдар мен халықаралық ұйымдармен диалог және ынтымақтастықты қамтамасыз етудің басымдықтары мен тетіктерін айқындау болып табылады. Съезд жұмысының қорытындысы бойынша Қатысушылардың үндеуі қабылданды. Бұл құжаттан биік рухани мән-мағынаға толы үн байқалып тұрды. Діни көшбасшылар бүкіл адамзатты ғаламшарымыздың болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен  бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырды.                                  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  V съезі  2015 жылы 10-11 маусымда «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогы» деген тақырыппен өтті. V Съездегі Мемлекет басшысының бастамаларын орындау аясында, іс-шара өтетін күндері Бейбітшілік және Келісім мұражайы ашылады, сондай-ақ, дінаралық диалог пен форум жұмысына белсенді үлес қосқаны үшін  Астана халықаралық сыйлығы және Съездің Құрмет грамоталары табысталады. Бесінші съезд барысында мемлекетаралық мәселелерге үлкен мән берілді. Қатысушылар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, кез келген қақтығыстың алдын алу үшін дін көшбасшыларының халықаралық деңгейдегі ұйымдармен және қоғаммен диалог жүргізуіне жәрдем болуы үшін белгілі бір міндеттемелерді қабылдады. Сондай-ақ, форумның басты үндеуі – бейбіт келіссөздер арқылы әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан зорлық-зомбылықты тоқтату болды.                                   Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі   2018 жылы 10-11 қазанда Астана қаласында өтті. Съезд жұмысына әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация қатысты. Олардың ішінде беделді саясаттанушылар, ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, зороастризм діндерінің лидерлері, сондай-ақ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, АМЛ (Араб Мемлекеттерінің Лигасы) және т.б халықаралық және  қоғамдық ұйымдар өкілдері болды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі 15 жыл толды.  VI Съезд «Дін көсбасшылары қауіпсіз әлем үшін» атты жалпы тақырып аясында «Манифест «Әлем. ХХІ ғасыр» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Геосаясаттағы өзгермелі дін: адамзаттың бірігуі үшін жаңа мүмкіндіктер», «Дін және жаһандану: сын-тегеуріндері және шешімдері», «Экстермизммен терроризмді еңсерудегі дін лидерлері мен саяси қайраткерлері» атты төрт негізгі бағыт бойынша өткізілді.  Қортынды: Әлемдік және дәстүрлі дәндер көшбашыларының съезін өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастық алдында ұлттық консенсус және қоғамды біріктірудің үлгісін көрсетіп келеді. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бойынша өзіндік  тәжірибеге ие және осы салада әрдайым тиімді ынтымақтастыққа дайын. Осы жылдар ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Рухани келісім-біздің ұлттымызға тән үлкенді сыйлау, отбасына, балаларға құрмет, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі   ортақ қүндылықтар берік орнықты. Барша халықты мейірімділікке, игілік, бірлікке үндейтін Рухани келісім күні құтты болсын! Еліміздің татулығы артып, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

 Меруерт КЕНЖЕБАЙҚЫЗЫ,

саясаттанушы