Атырауда ыдыс-аяқты жумағаны үшін әкесінің ұрысқанын әлеуметтік желіге таратқан жасөспірімнің қазіргі жағдайы қалыпты, - деп хабарлады облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ыдыс-аяқты жумағаны үшін әкесінің дауыс көтерген видеожазбасын әлеуметтік желіге таратқан жасөспірімнің Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының 11-сынып оқушысы екені мәлім болды.
«Шағымданған оқушы мектепте белсенді, сабағы жақсы, түрлі мектепішілік шараларға белсене қатысады. Көпбалалы отбасынан шыққан, үйдің тұңғышы. Әкесі – арнайы техника жүргізушісі. Әлеуметтік желіге ақпарат шыққаннан кейін 18 қазан күні кешкі сағат 22.00-ден бастап жасөспірімді психологиялық-педагогикалық қолдау және кеңес беру жұмыстары жасалды. Ата-анасымен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - дейді академия директоры Долорес Таскарина.
Оқиға 18 қазан күні болған. Әкесімен арада болған түсініспеушілікті әлеуметтік желіге жасөспірімнің өзі салған. Бұған дейін ата-анасымен арада кикілжіңдер болмаған. Ұрып соғу фактісі болмаған.
Отбасында оқиғаны талқылау және түсініскеннен кейін оқушы сыныптастарының чатына өзінің әлеуметтік желіге салған бейнежазбасына өкінгенін және таратпауын өтініп, кешірім сұраған.Полиция өкілі, психологтар, мектеп мұғалімдерінің қатысуымен ата-анасымен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оқушының жағдайы қалыпты.
Қазіргі уақытта полиция органдары тарапынан тергеу амалдары жүргізілуде.
https://www.youtube.com/watch?v=r_NwHR-47m4&feature=emb_logo