Аналарға берілген сертификат
Аналарға берілген сертификат
389
оқылды
Jas Otan Жастар қанаты Алматы қалалық филиалы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында көпбалалы және аз қамтылған аналарға, мүмкіндігі шектеулі жастарға және студенттерге арналған ISKER ANA курстарын ашқан болатын. Курстың мақсаты – тұлғаның жеке өмірлік тәжірибесін кеңейту және байыту, олардың кәсіби қызметін арттырып, өз ісін ашуға мүмкіндік беру. Жобаны жүзеге асыру барысында қатысушыларға тігін тігу, ұлттық қолөнер шеберлігі және бет әрлеу өнері бойынша дәрістер өткізілді.

ISKER ANA курсына қатысқан 30 анаға Nur Otan партиясы Ал­маты қалалық филиалы басшы­лы­ғының қатысуымен арнайы сертификаттар және сыйлықтар табысталды. Курсқа қатысып, сертификатқа ие болғандар ті­гін машиналары мен бет әрлеу қорап­шаларына қол жеткізді.

– Елбасының бастамасымен іске асып жатқан «Бақытты от­басы» жобасы аясында Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы жанынан «Бақытты отбасы» қоры құрылды. Әрбір ау­данда «Бақытты отбасы» орта­лықтары ашылды. Соның арқа­сын­да 5 000-дай ана әртүрлі кө­мек алды. «Іскер ана» жобасын іске асы­руда Jas Otan Жастар қана­ты да шеттеп қалған жоқ. Слямхан Мұқатайұлы қолдап, де­меу­шілік жасады. Осы жоба ая­сын­да іс тігуді, бет әрлеуді үйреніп алдыңыздар. Сіздерге алдағы уақытта табыс тілейміз, – деді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.

Игі бастамаға қолдау көр­сетіп, демеуші болған Nur Otan пар­­тиясының Медеу аудандық фи­лиа­лының Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы әрекет бойынша қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Слямхан Сағым­беков.

– Бұл менің қоғамдық жұ­мы­­сым. Медеу аудандық саяси кеңе­сінің мүшесімін. Nur Otan – халықтық партия. Партия мұқтаж жандарға үнемі қолдау білдіріп келеді. Әйелдер материалдық жа­ғы­нан тәуелсіз болуы керек. Олар от­басында ғана емес, қо­ғам­да өздерінің керек екенін се­зі­нуі тиіс. Осы курсқа қатысып, сер­ти­­фи­кат алып, сыйлыққа ие бол­ған келіншектер алдағы уақыт­та өз ісін ашуы мүмкін. Өзде­рін жігер­лендіріп, қоғамға пайда­лы іс­пен айналыса алады. Қа­зақ­­та «Қыз­­дың жолы жіңішке» де­ген сөз бар. Сол үшін біз қыз-келін­шек­терімізді үнемі қолдап, көмек беріп отыруға тиіспіз. Nur Otan пар­тиясымен бірге қыз­дар­ға қолы­мыздан келген көмекті беріп жатырмыз. Бүгін серти­фи­катқа ие болғандардың көбі – 3-5 баласы бар көпбалалы ана­лар. Олардың жаңа өнер, кәсіп үйренгені өздеріне де, қоғамға да жақсы. Алдағы уақытта олардың арасынан өз ісін дөңгелетіп әкеткендер де шығуы әбден мүм­кін. «Іскер ана» жобасы бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Ал­дағы уақытта да жалғасын тауып, көмегімізді көрсетсек дейміз, – деген тілегін білдірді.

Арнайы курс бітіріп, серти­фикатқа ие болған аналар да тілегін айтты. Олардың ара­сын­да тігін машинасын алсам деп бі­раздан бері ақша жинап жүр­ген, сол арманына қол жет­кі­зіп отыр­ғанын қуанышпен жеткіз­гендер болды.

Әмина Сарова – «Іскер ана» әмбебап курсына қатысқандардың бірі. «Мен макияж жасау курсына қатыстым. Осы курсқа қатысу ар­қылы бет әрлеу әдістерін біраз меңгеріп шықтым. Қалай бояну, қалай күтіну керек деген сұрақ­тарға жауап алдық. Баламен үйде отырған аналарымыз қоғамнан шет қалмай, осындай курстарға қа­тысып, ары қарай жұмыс жүр­­гі­зуге болады. Бұл жобаны ұйым­дас­тырушыларға алғысымыз шек­­сіз. Осы курсқа қатысу арқы­лы көп нәрсе үйрендім. Алдағы уа­қыт­та кәсібімді одан ары дамыт­қым келеді. Ол үшін әлі де болса ізденіп, үйрену керек» дейді ол.