Президенттің «Семей тезистері»
Президенттің «Семей тезистері»
390
оқылды

Халқымыз «Сабақты ине сәтімен» дейді. Бір ғана Абай тұлғасы, құбылысы, биыл өтіп жатқан мерейтойы қаншама жақсы іске ұйытқы болып, баянды бастамалардың бағын ашты. Шынында, осындайда Елбасы дәйектеген «Абай – қа­зақтың бойтұмары» деген тұжырым еске түседі. Дана ақынның 175 жылдық мерейтойына мұрындық болған Президент Қ.Тоқаев: «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар за­манында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс» деп, елдік мәселені, тіп­ті «Рухани жаңғырумен» са­бақ­тасқан міндеттерді жаңа қы­рынан қойды.

Осындай қадау-қадау ой, мемлекетшілдік пайымның сү­белі сөзі таяуда Мемлекет басшы­сы­ның Семей сапарында, дәлірек айт­сақ ақын туған өңірде абай­та­ну­­­шылармен кездесуінде ай­тыл­ды. Біз Президенттің «Семей те­зистерінен» үш тұжырымды бөліп алып, екпін түсіре танымал­дан­дыруды жөн санаймыз. Бірінші тезис – қазақ топыра­ғында Абай дананың ақыл, жүрек, қайрат қайнауынан шыққан «то­лық адам – цельная натура – а per­son of integrity» тұжырымын әлемге таныта отырып, елдік даму траекториямызды осыған сай құру. Екінші тезис – туған тіліміз бен әдебиетіміздің қадірін бала­лар­ға мектеп жасынан сіңірту. Алматыдағы Абай атындағы тіл-әдебиетті тереңдете оқытатын мектепке айрықша көңіл бөліп, келешекте «Абай мектебі» желісін қалыптастыру. Үшінші тезис – Қазақстанның шетел елшіліктері жанында ашы­лып жатқан Абай орталықтарын болашақта әлемдік «Абай инс­титуты» желісіне айналдыру. Дүние тарихына қарасақ, ұлт пен тұлға тұтасқан фактілер аз емес. Абай – сондай құбылыс. Оның даналығы – қазақтың мың­­­­жыл­дық даналығының же­місі. Тіпті, ақынның ойшылдығы – әлем ойшылдығының әрі жал­ғасы, әрі сапалы бір үзігі. Бүгінде баз біреу «ақылының азабын тартып» («горе от ума»), Абайға өзі шыққан жартыкеш төбешіктен қарап жүр. Ең сорақысы, шала, дүмбілез пікірлер әлеуметтік же­ліде, кейде саржағал БАҚ бетінде жарияланып та қалады. Бірақ бұдан сонша түңілудің қажеті жоқ. Білім саласының міндеті – тікелей де, бейнелі түрде де «Абай мәтінін» түсінетін ұрпақ қалып­тастыру. Кемелдік те, адамшылық та, тазалық та, жауапкершілік те соның ішінде яки мазмұнында. Мемлекет басшысы «мектеп жасынан балаларға ана тілі мен төл әдебиетті сіңіртуді» жайдан-жай айтпаса керек. Бұл – жалпы қоғамның ғана проблемасы емес, нақты саланың мәселесі. Кешегі «Әліппе» дауы, «ағылшын тілін қай сыныптан оқытамыз?» деген дис­куссиядан гөрі директиваға айналып бара жатқан дүдәмал сұрақтың астары осында. Ұлт зия­лылары А.Байтұрсынұлы ұс­та­­нымын сан мәрте айтып, дәйек­теді. Тіпті, БАҚ шаршады-ау деп, әлеуметтік желі банеріне жазып қойды. Жоқ, бір мүдделі топ заулатып барады... Германия­ның, Жапонияның тәжірибесі алға тартылды. Оны да аттап-пұт­тап, ағылшын тілін балабақ­ша­дан оқытатын бастауыш білім-тәрбие ошақтары пайда болды... Алты-жеті, тіпті төрт-бес жастағы этни­калық қазақ баласының миына ата-бабасы ешқашан арман­да­маған тәжірибелер жасалды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, тәуелсіздік тұрғысынан қа­расаңыз, бұл – алдағы мың сан қиындықтарды балалататын қа­тер еді... Jideli Міне, Мемлекет басшысы осы мәселені тереңінен түсініп, бағы­тына, тіліне қарамай мектепке Абай тілінің, Абай сөзінің, Абай дү­ние­танымының, Абай ақылының баруына мүдделі болып отыр. Аға буынның есінде болуы керек, Екінші дүниежүзілік соғыс қызып жатқанда майданнан аз мерзімге елге оралған әйгілі батыр Бауыржан Момышұлы Қазақстан Компартиясы хатшысы М.Әбдіхалықовқа хат жазады. Маз­мұны: «Қала зиялыларының үйін­де болдым, балалары ана тілінде сөй­лей алмайды. Бұл – зор қауіп. Сон­дықтан бағытына қарамай барлық мамандықта қосымша қазақ тілі мен әдебиетін оқыту керек» дегенге саяды... Біз Пре­зиденттің «Семей тезисі» мен осы оқиға арасына па­раллель жүргізгенді теріс көрмейміз. Әр заманның өз майданы, өз сын-қатері бар... Ал келешек «Абай мектебі» желі­сіне келсек, бұл – Қазақстан жа­ратылыстану ғылымына таза бұлақ болып қосылған Алматыдағы рес­публикалық физика-математика мектебі (РФМШ) үлгісіндегі ли­цейлердің әр облыс орталығы мен ірі қалаларда болуы деген сөз. Әрине, мұны оп-оңай шаруа деуге болмайды. Президент «сапаланса!» деп тілеп отырған бұрынғы астанадағы Абай атындағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп әлі халық алқалайтын деңгейге жеткен жоқ. «Неге?» деген сұрақтың алуан жауабы, қилы сылтауы бар... Бұл – ең бірінші тіл-әдебиет саласы мамандарына, көш­басшыларына сын. Мұның ішінде өзіміз де бармыз. Алаш қаласы – Семейде бұл мә­селеге Мемлекет басшысы арнайы тоқ­талды. Сондықтан тіл мен әде­биетке жанкүйер БАҚ-тарда осы проблеманы шешу жолын кеңінен талқылап, ортақ бір тоқтамға келуге болады деп ойлаймын. Біз осы жерде орта білімнің де автономдығы, әлемдік тәжірибедегі авторлық бағдарламалар туралы пікір ұшқынын қаперіңізге сала кетеміз. ...Коронавирус пандемиясының алдында Президент Әкімшілігінен бір жас маман хабарласып, оқулық жөнінде кеңес алғысы келетінін айтты. Әңгімелестік. Пікір алмастық. Сөзі, талабы, бағыты, ең бастысы арманы дұрыс. Санамда екі ой жаңғырды. Біріншісі – «Ұлт оқулығы Президент Әкімшілігінің өзін толғандырып отыр екен-ау!..» деген ілтипат. Екіншісі – «Тәуекел деп оқулық жазуды қолға алған соң, неге оның үдесінен шыға алмаған?..» деген намыс. Мықты автор іздеуге қаржысы кем сала мен «аз қаламақыға шығармашылығын жұмсаған» әріптес пиғылына қам жеген намыс. Алайда екеуінде де жақсылықтан үміттену бар. Жалпы, бүгінгі тіл-әдебиеттің оқулығынан бастап, іргелі зерттеуіне дейінгі із­деністі – «Рухани жаңғырудың» жемісі, сабақтастықтың өзегі деп білемін. Біз – Мемлекет басшысының ұйыт­қы болуымен ашылған «Абай ака­демиясы» сынды жаңашыл, жасампаз жобасы бар Еуразия университетінің өкіліміз. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай институты» же­лісі туралы ойы – елдің тәуелсіздік мұраты мен мүддесіне сай бастама деп қабылдаймыз. Әлемнің бірсыпыра елінде ашылған «Абай орталығы» – көр­некілік, жарнамалық алаң. Ал «Абай институты» – Қазақстанды танытудың мәдени, ғылыми, біліми жолы. Әріге бармай, осы елордадағы «Конфуций институты» мен «Гете институты» бағдарын, жұмыс ая­сын қараңыз. Тіл үйретеді, елді таныс­тырады, мәдени шараларды атқарады. Өз елдерінің достарын, әріптестерін қалыптастырады. Жыл сайын Қытай мен Германияны танымалдандыратын байқау өткізеді. Халықаралық беделі жоғары Мем­ле­кет басшысы Абай елінің қасиеті мен парасатын «Абай институты» ар­қылы жаңа өреде таныту жобасын осылай мәлім етті. Бұл да білім-ғылым саласының көңілінен шықты. Тұтастай алғанда, Абай құбылысы елімізді жаңа да жасампаз биікке бастай бермек.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА академигі