Экс-министр, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына ұлттық кино индустриясының дамуы, режиссерлер дауы, кадрлық өзгерістер, «Қазақфильмдегі» өрт туралы сауал қойдық. Ә дегеннен кейіпкермен әңгімеміз «Борат» фильмінен басталды.– Арыстанбек мырза, алғашқы «Борат» фильмі 2006 жылы экранға жол тартқан екен. Бұл фильм әлем бойынша 262 миллион доллар табыс тауыпты. Одан бері 14 жыл өтті. Он төрт жылдан соң «Борат 2» фильмін түсіруге не себеп болды деп ойлайсыз? Әлем Қазақстанды «Борат» фильмі арқылы тануының сыры неде? Бұған жауап ретінде халықаралық деңгейдегі қазақ киносы неге түсірілмеді?
– «Борат» фильмі алғаш шыққан кезде қазақ көрермені де, Қазақстан да күтпеген жағдай болғаны рас еді. Ол кезде «Бораттың» түсірілу себебі неде, неге Қазақстанды бұлай көрсетуге тырысты?» деген көптің көкейінде сауал қалғаны рас. 14 жыл бұрынғы елдің дамуын бүгінмен салыстыра алмаймыз. Дәл қазір дамушы елдердің қатарынан көріне бастаған тұста «Борат 2» фильмінің түсірілуі – күтпеген жағдай. Халықтың тұрмыс-тіршілігі сұрықсыз, мешеу қалыпта көрсететіндей емес. Бұл – әрбір қазақтың намысына тиетін дүние. Біз «Борат» фильмін түсірушілердің мұндай әрекетіне неге шара қолдана алмай отырмыз? Бұған түрлі себеп айтуға болады. Мүмкін, біреулер мұны әдейі ойлап, елдің ашу-ызасына тигісі келіп жатқан шығар. Бұған қарсылық ретінде біз де елдің дамуын көрсететін озық фильмдер түсіруіміз керек еді.
– Мәдениет министрі тізгінінде 5 жыл отырған кезде сіз айтқан фильмдер неге түсірілмеді?
– Америкада жүрген қазақтар үндеу жасап, қарсылықтарын танытып жатыр. Оған да рақмет! Олар «АҚШ президенті Дональд Трампқа хат жазайық, «Боратты» тоқтатайық», – дейді. Фильм түсіріліп, көрерменге тарап кеткеннен кейін оны тоқтату мүмкін емес. Өкінішке қарай, «Бораттың» алғашқы көрсетілімі прокаттан қыруар қаржы жинады. Министр қызметінде жүрген кезімізде шама-шарқымыз келгенше халықаралық деңгейдегі фильмдер түсіруге тырыстық. Қазақ киносын түсірудегі бір кемшілік, біз оны қазақ аудиториясы үшін түсіреміз. Көрерменнің қошеметіне бөленген де туындылар көп. Оны қолдап-қолпаштайтын да қазақ көрермені. Әлеуметтік желіде қазақстандық фильмдер туралы түрлі пікір жазылады. Кемшілігі де айтылады, жетістігі де жазылады. «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» фильмдерін жиі айтады. «Осы деңгейдегі қазақ киносы қайда?» деген сауалды да жиі қояды. Рас, бұл фильмдердің орны бөлек. Олар – қазақ киносының тарихында алтын әріппен жазылған туындылар. Бірақ бізде халықаралық прокатқа шыққан фильмдер кемде-кем. Мәселен, сіз халықаралық прокатқа шыққан фильмдерді білесіз бе?
– Соңғы түсірілгендерден бірлі-жарым ғана бар. Оның ішінде «Айка», «28 панфиловшыларды» атауға болады.
– Халықаралық прокатқа шыққан алғашқы фильмнің бірі – «Әміре». Одан кейін «Анаға апарар жол», «Айка» фильмі де шықты. Ресеймен бірігіп түсірілген панфиловшылар туралы туындыны да халықаралық деңгейдегі кино деп атауға толық негіз бар. Қазақстанның кино индустриясы арқылы елдің дамуын, жетістігін көрсетпейінше, «Борат» секілді фильмдердің түсіріле беретіні анық. Халықаралық прокатқа шығу үшін ең алдымен «Кино туралы заңды» қабылдау керек болды. Бұл заңның артықшылығы да бар. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің кино туралы заңын қарап, ішіндегі қажеттілерін өз заңымызға енгізуге тырыстық. Жасыратыны жоқ, бұл заңның бекітілуіне киногер қауымның арасында қарсы шыққандар да болды.
– Не себепті?
– Ең бірінші себебі сырттан ешкімді кіргізбеу керек деп ұғынады. Кей режиссерлерде «өзіміз түсіре береміз» деген түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Бұл заңның басты ерекшелігі – ұлттық киноның мәртебесін көтеру. Екіншісі – халықаралық прокатқа шығару. Үшіншісі – ұлттық киноны түсіруде қазақ режиссерлері мен актерлерін халықаралық компаниялармен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік тудыру. Мұның артықшылығы неде? Ең алдымен, әлемдік кинопродакшн компаниялар қазақ киносына инвестиция құяды. Мұндай үрдіс дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бәрінде бар.
– «Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығын құрудағы мақсат қандай еді?
– Бұл орталық мен министр болып отырған кезде құрылды. Бірақ ол кезде басшылық мүлдем басқа адамдар еді. «Қазақфильм» киностудиясына неге Бақыт Қайырбеков келді? Ол жерге режиссер немесе продюсерді алып келуге болар еді. 1991 жылдан бастап киностудияны басқарған адамдардың тізімін қарауға болады. Мәселен, Ардақ Әмірқұловты алайық. Сол жылдары «Абайдың жастық шағы» фильмі түсірілді. Режиссері кім? Ардақ Әмірқұлов. Голливудтағы ірі кино компаниялардың басшылары кім? Танимыз ба? Мүлдем бейтаныс тұлғалар. Ол кино компанияларды неге Леонарда Ди Каприо, Брэд Питт, Тарантино басқармайды? Өйткені ондай компанияларды продюсер азаматтар басқару керек. Олардың басты міндеті – фильмді түсіріп, таратып, насихатын жүргізсе болды.
– «Қасым хан» фильмін түрік режиссері түсіреді деп бекітілген еді. Өкінішке қарай, бұл фильмнің төңірегінде де біраз дау-дамай туындады. Неге?
– «Қасым хан» фильмін түсіру идеясын Елбасы айтқан еді. Біз ол фильмді түсіру үшін түрік режиссері Метин Гюнайды шақырдық. Ол үшін Отырарға арнайы бардық. Отырардан бастап Сарайшықпен бітіру жоспарда болған еді. Қазір Метин Гюнай қайда? Бұл фильм де түсірілмей қалған секілді. Кез келген фильмді түсірер кезде көркемдік кеңесті жинап, арнайы талқылау өткізетін едік. Естуімізше, қазір режиссерлер бір-бірімен соттасып жатқан секілді. «Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығы емес, «Қазақфильм» кино түсіруді өздері қолға алса деген ой айтады. Ондағы мақсат – бюджеттің ақшасын өзара бөлісу. «Қазақфильм» – өндіруші база. Олар тек өндіріспен айналысуы керек. Бізде жақсы фильмдер бар. Бірақ оның прокаты жоқ. Ақшасын алды, киносын түсірді, лентаны өткізеді, шаруа бітті. Фильмнің одан кейінгі тағдырына алаңдамайды. «Прокатқа шығардық. Көрермен келген жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте салады. Әлемде кино түсірілмей тұрып, оның жарнамасын ұйымдастырады. Яғни, прокатқа шығару ісі бірінші жолға қойылады. Кино түсіріліп біткенше көпшілік оның жарнамасына қанық болады. Кино орталықты құрудағы мақсат та осы еді. Ол инвесторларды, продюсерлерді қызықтыруы керек. Мемлекет әлеуметтік фильмдер мен тарихи киноларға ғана қаржы бөледі. Қалған фильмдер инвесторлар арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Инвестор ақша құйған соң оның сапасын, прокатын, жарнамасын қадағалап отырады.
– Соңғы бір жыл ішінде мәдениет саласында бірнеше кадрлық өзгеріс болғанын байқадық. Тіпті, театр директорының ауысуы актерлер тарапынан да біраз шу тудырды. «Бұрынғы министр мен қазіргі министрдің арасындағы кадрлық текетірес» дескен пікірлерді де естіп қалдық. Бұған не дейсіз?
– М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының басшысы Сәбит Әбдіқалықовқа қатысты жиын өткізген кезде біраз актер қарсы болғанын естідік. «Театрға тұлға керек. Әзіл-оспақ театрынан келген адам директор бола алмайды»деген уәждер айтылыпты. Мәскеудің «Современник» театрын кім басқаратынын білесіз бе? Ешкімге танымал емес тұлға. Театрда басты белгілі тұлға – директор емес, көркемдік жетекші. Директордың міндеті – менеджерлік. Әуезов театрында көркемдік жетекші – Асанәлі Әшімов. Егер көркемдік жетекші белгісіз біреу болса, оны ешкім білмейді деп айтуға болар еді. Актерге тұрақты жалақысын тауып беріп, жағдайын жасап отыру – директордың міндетіне кіреді. «Қазақфильмде» не болып жатқанын өзіңіз де білесіз. «Өртеп» жатыр. Режиссерлер бір-бірін сотқа беріп жатыр. Бізде режиссер саны көп емес. Айналдырған бес-алты режиссер. Олардың қатарында Сатыбалды Нарымбетов, Досхан Жолжақсынов, Ермек Тұрсынов, Ақан Сатаев, Рүстем Әбдіраш, Нұргелді Садығұлов және тағы басқалары бар. Бірін-бірі тексеріп, масқара болудың қажеті бар ма?
– Кадрлық өзгеріс жасаудың басты себебі неде? Әлде, сенім артқысы келмей ме?
– Сәбит Әбдіқалықов, Асхат Маемиров қана емес, көптеген мәдени ошақтың басшылары ауысты. Мәселен, мен Асхат Маемировті Оралдан Алматыға алып келдім. Мәскеуде оқыған, Сорбонна университетін бітірген мықты азамат. Декан болды, театр басқарды, Өнер академиясына ректор болды. Ешкім өмір бойы министр болып отырмайды. Сол жігіттер өсе келе министрлік дәрежесіне жетуі мүмкін. Қазіргі саясат қандай? Жастарға емес, егде жастағы кісілерге қызмет беруге тырысады. Бұл дұрыс емес. Бәсекелестіктен қорықпау керек.
– Қазақфильмге президент болып Ақан Сатаев келді. Киноның өз адамы. Сатаевтың келуі оң шешім емес пе?
– Сатаев – мықты режиссер. Бірақ оның Қазақфильмді басқаруына қарсымын. Қазір ол өзінің бүкіл уақытын Қазақфильмдегі дау-дамайға құртып жатыр. Мықты режиссер мықты кино түсіруі керек. Оған киностудияның ыстық суы бар ма, коммуналдық төлемі уақытылы төленді ме, басқа да ұсақ-түйек тірлікпен айналысудың қажеті бар ма? Қазақфильм – кино түсіретін фабрика. Оның атқаратын өз функциясы бар. Продюсерлік орталықтың міндеті – инвестиция табу. Жақсы инвестиция – сапалы фильм түсірудің жолы. Әрі инвестордың өз ақшасына жаны ашитын болады. Сол себепті де киноның ыстық-суығына бірге көнеді. Егер біз шетелдің кинокомпанияларын алып келіп, солармен бірлесе фильм түсірсек, одан ешкім ұтылмайды. Сонда ғана біз «Борат» сияқты фильмдерді тоқтата аламыз.
– Қазақфильмдегі өрт төңірегінде де түрлі әңгіме көп. Әрине, тексерістің қорытындысы шықпай, бірдеңе айту мүмкін емес. Дегенмен өртке қатысты сіздің ойыңыз қандай?
– Қазақфильмді өртеген адам өзін ақтау үшін де «өртеген – мынау» деген секілді әңгіме таратуы мүмкін ғой. Сондықтан бұл өрттің нақты себебін тексеруші органдар өздері анықтайтын болар. Сізге айтайын, соңғы бір жыл ішінде мені «жүз рет» тексерді десем де болады. Тексерістен ештеңе таба алған жоқ.