«Көк кит» қайта оралды ма?

«Көк кит» қайта оралды ма?

Трендтің араға жылдар салып қайта оралатынын сияқты жасөспірімдерді суицидке жетелейтін ойын түрлері қайта есік қақты. Бұл «оралу» қоғамға бұрынғыдан да қауіпті болып отыр. Өйткені қазір оқушылар қашықтан оқып жатыр. Кибербуллинг тақырыбы күн тәртібінде тұр. Оның үстіне «Көк кит», «Тихий дом», «Красная сова», «Разбуди меня в 4:20» тәрізді ойындар қазақша сөйлей бастағаны тағы бар.

Интернетте атауы ұдайы өзгеретін қазақ тіліндегі қосымшалар мен топтардың құрыла бастағанын психолог Светлана Пошолченко хабарлаған еді. Ақтөбе Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас суицидо­логы аталған ойындардың елімізге арнайы бейімделгенін атап өткен. Оның айтуынша, ойын түрлері «Синий кит» негізінде жасал­ған. Әдеттегідей ойынға қатысушылар сатылап берілетін нұсқауларды орындайды. Күн сайын тапсырма жаңарып отырады. Соңғы тапсырма – суицид.

Интернетте көп сыр бар...

Психолог істің аяғы қайғылы жағдайға ұласпас үшін ата-аналарды балалардың интернетте не қарап, нені оқып жүргенін қадағалауды сұрады. Бұл не үшін қажет? Себебі қашықтан оқу кезінде оқушылар пайдаланатын ресурстарды мұқият қадағалау керек. Мұны Сенат депутаты Нариман Төреғалиев пен вице-спикер Н.Әбдіров те қостап отыр. Олар мәселе депутаттық топ атынан көтеріп, Премьер-Министрге сауал жолдаған-ды. Президент те Жолдауында кибербуллинг тақырыбына аса мән беріп, тапсырма берген-ді. Осы мәселе төңірегінде Нариман Төреға­лиев нені ескеруді жөн санайды? Депутаттың жанайқайына мән берсек, әлемдік статис­тика бойынша адам күніне 6-7 сағатын интер­нетке арнайды. Сол үшін кез келгеніміз кибербуллинг құрбанына айналуымыз бек мүмкін. Бірақ статистика басқаша сөйлеп тұр. Зардап шеккендер мен оларды қудалау­шылардың дені – 11-16 жас аралығындағы жасөсіпірімдер. Сенат депутатының айтуын­ша, еліміздегі жасөспірімдердің 12%-ға жуығы кибербуллингтен зардап шегіп отыр. Иә, «Синий кит», «Тихий дом», «Красная сова», «Разбуди меня в 4:20» ойындары дүниежүзін дүрліктіргені рас. Енді аталған ойын түрлерінің тілі қазақша «шыққаны» нені білдіреді? Әрине, бұл – қоғам дерті. Сол үшін депутаттар мен жауапты орган қызмет­керлерін қазақ тілінде таралған ойын нұс­қасы алаңдатып отыр. Бұрын ойын түрлері «Вконтакте» әлеуметтік желісінде жасөспі­рімдер санасын орыс тілінде улаған-ды. Қан­шама топты бұғаттап, «қорғанысты» күшейтсек те, алты басты жыландай жанды жерден қайта «шағып алды». Бұған не себеп? Біріншіден, тура және ауыспалы мағы­­насында да біз интернет алдында қауқар­сызбыз. Сөзімізге қашықтан оқу кезінде онлайн сабаққа қосылып, Zoom платфор­масында оқушылардың тынышын алатын хакерлер дәлел бола алады. Екінші­ден, әлеуметтік желілердегі әр топты бірдей қада­ға­лау мүмкін емес. Өйткені бірін өшір­сең, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ сияқ­ты екінші, үшіншісі қаптап кетеді. Жоғарыда психолог Светлана Пошолченко да интер­неттегі топтар ұдайы атын өзгертіп отыра­тынын айтқан-ды.

21 тапсырманың 12-сін орындаған

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз жасөспірімдер мен балалар­дың өз-өзіне қол жұмсау фактілерін сараптай келе әлеуметтік желілердің әсері барын жоқ­қа шығара алмайтынын айтты. Министр­лік «Синий кит», «Тихий дом», «Беги или умри», «Разбуди меня в 4:20» және тағы басқа түрлі қорқынышты ойындар балғын бүлдір­шіннің санасына кері әсер беретінін анық­таған. Нұр­ділдә Ораздың айтуынша, ішкі істер ор­­ган­дары ұдайы мониторинг жүргізіп, оқыс оқи­­ғалардың алдын алу үшін тырысып жа­тыр. «Вконтакте», Instagram, Facebook, Telegram, WhatsApp, «Одноклассники» мессенд­жерлері тұрақты тексеріледі. Мәселен, жыл басынан бері осындай 14 шетелдік интернет ресурсы анықталды. Оны бұғаттау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданды. Техникалық бұғаттауды сол ми­нистрліктің Ақпарат комитеті жүзеге асы­рады. Сонымен қатар биыл маусым айында Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны ұсталды. Ол өзі құрған Telegram каналдары арқылы жасөспірімдерді суицид­тік бағытта­ғы ойындарға қатысуға шақырған. Тексеру барысында кәмелетке толмаған Шығыс Қазақстан облысы тұрғыны қызығу­шылық танытып, ойынға қатысқан. 13 жас­тағы жасөспірім 21 тапсыр­маның 12-сін орында­ған. Ата-анасын шақырып, психолог маман­дар баламен жұмыс істеді. Осылайша, ықти­мал қайғылы оқиғаға жол бермедік. Қазір аталған 2 факт бойынша сотқа дейінгі тер­геп-тексеру амалдары жүріп жатыр», – дейді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұр­діл­дә Ораз. Сонымен қатар ол барлық ата-анаға балалардың виртуалды өмірін қатаң бақы­лау­ға шақырды. Смартфонда отыратын бүлдіршіннің немен айналысып отырғанын жиі тексеріп, балаға көбірек көңіл бөлуді сұрады.

Қалай тосқауыл қоямыз?

Алдымен міндет ата-ананың мойнына жүктеледі. Мұны психологтер де қолдап отыр. Өйткені пандемия кезінде балалар күні ұзақ үйде отырғаны белгілі. Содан кейін кибербуллингпен күрес алгортимін құру қажет. Бұл туралы Сенат депутаты Нариман Төреғалиев бірнеше дерек келтірген. Оның айтуынша, әлем елдері интернет-платфор­маларындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруды қолға алған. Заңнама бойынша жұмыс істеп, ата-ана мен балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заң қабылдауды жөн көр­ген. Мысалы, Германияда кибербуллинг ұйымдастырған азаматтар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Ресейде осыған қатысты Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік кодекске түзету енгізу қолдау тапқан. Кибербуллингтің алдын алу үшін Сенат депутаты арнайы жүйені іске қосуды нұсқап отыр. Ол интернеттегі парақшалар мен мессенджерлердегі топтарға мониторинг жүргізуді күшейтуді ұсынған. Содан кейін мектеп пен оқу орындарында «Кибер­буллингтің зардаптары» тақырыбындағы тәрбие сағаттарын өткізуді жөн санайды. Булингпен күресетін арнайы мамандарды дайындап, мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұмытпау керегін қосты. Информатика пәніне кибербуллингке қарсы қосымша сабақтар енгізу керегін де атап өтті. Маңыз­дысы, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ететін ұлттық жоба әзірлеу қажетін алға тартты. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттерде кибербуллингті қылмыстық әрекет ретінде қарастыратын заң қолданылатынын ескеріп, зерделеп, елімізде бар практиканы талдау қажетін меңзеді. Сенатор сөзінің жаны бар. Себебі 2017-жылдары елімізде аталған ойын­дардың жаппай таралып, жасөспірімдердің жанын қиғаны есімізде. 50-ден астам интернет ресурсының көзін жойғанымен, жағдайдың біразға дейін қалыпқа келмегені тағы бар. Сондай жағдай қайталанбас үшін ішкі істер органдары талабын орындап, сенатор ұсын­ған қорғану жолдарын іске асырған дұрыс-ақ.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ