Жетісуда жерге қатысты заңсыздық шектен шыққан
Жетісуда жерге қатысты заңсыздық шектен шыққан
236
оқылды

Алматы облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқар­масы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Жетісу өңірінде жердің пайдалануға берілуіне қатысты заңдылыққа тексеріс жүргізіп, бірталай былық-шылықтың бетін ашты. Қазіргі кезде белгілі болғандай, облыстағы жерге қатысты заңсыздықтар жылдар бойы жүйелі түрде жалғасып келген. Әсіресе, Алматы қаласы маңындағы аудандарда  бұл мәселе тым күрделеніп кеткен. Соңғы жылдары шалғайдағы аудандарда жерге қатысты дау-дамай мейлінше асқынған.

Жемқорлыққа қарсы күрес қызмет­індегі­лердің айтуынша, өңірде 300-ге жуық жер те­лімі пайдаланушыларға заңсыз берілген. Сонымен бірге бүгінгі күні тағы 4 мың жер теліміне қатысты сотқа талап-арыз дайындалып жатқан көрінеді. Жергілікті жердегі жер ко­миссияларының отырысы сөз жүзінде ғана өткізіліп, жер телімдерін конкурссыз беруге қатысты деректер көптеп анықталыпты. Соған қарағанда қолынан келетіндер қонышынан басып, жерді оңды-солды үлестіре бер­гендей. Заңсыз таратылған телімдердің басым бөлігі су қорғау, санитарлық аймақ­тарда орналасқан. Тіпті, адамдар жерленетін қорымдар аумағына кіретін жерлерді де беріп жіберу кездеседі. – Қазіргі кезде біз соттарға 4 мың талап-арыз бергелі отырмыз. Жерге қатысты заңсыздықтың көбі Қарасай ауданында тіркелген. Сонымен бірге Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ сынды Алматыға жақын аудандарда да жиі кездеседі. Жергілікті әкімдіктер жүйелі түрде жерге қатысты заңсыз әрекеттер жасап келіпті, – дейді Алматы облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Асқар Жолдығұтов. Аталған басқарма 2019-2020 жылдары 934 тексеру жүргізіп, жер заңдылығының бұзылуына қатысты 885 деректің бе­тін ашыпты. Оның біразы жоғарыда айтқандай, Алматы қаласы маңындағы аудандарға қатысты. Бүгінге дейін осы аудандар бойынша сотқа 122 талап-арыз түсіріліп, жергілікті атқарушы органдардың 102 заңсыз шешімі өзгер­тіліпті. Мәселен, Алматы қаласының халықаралық әуе­жайының маңындағы жер телімдеріне қатысты Талғар ауданы әкімдігінің заңсыз шешімдерін жою бойынша сотқа 15 талап-арыз беріліпті. Осы әкімдіктің  екі маманының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Жалпы, жерге қатысты заңсыздықтарға жиі жол берген аудандар қатарында Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Талғар  сынды жердің бағасы аспандап тұрған Алматы қаласы маңын­дағы аудандармен бірге шалғайда жатқан Алакөл, Балқаш, Кеген және Талдықорған қаласының іргесіндегі Көксу аудандары да  бар. Ала­көл мен Балқаштағы заңсыздықтар негізінен көлдердің жағалауындағы жер телімдеріне қатысты. Ал­маты қала­сы төңірегіндегі аудандарда көбіне тау қойнаулары мен құнарлы егістік, жайылым, шабындықтарға және ауыл маңындағы үй салуға арналған жер телім­дері заңсыз таратылған. Заңсыз берілген демекші, қолында билігі барлар жерді де қараптан-қарап кім көрінгеннің қолына ұстата салмайды. Сондықтан болар осы салада жемқорлық деректері басқа салаларға қарағанда жиі көрініс береді. Алматы облыстық Жердің пайда­ланылуы мен қорғалуын бақылау басқар­масындағылар­дың айтуынша, Қазақстанда болашақта жердің тиімді пайдаланылуын ғарыш арқылы бақылау жүйесі енгізілмек. Басқармаға қазірдің өзінде егістікке арналған 71 мың гектар жердің сурет­тері тапсырылыпты және ондағы көрініске қарағанда егістік жерлер тағайындалған мақ­сатта пайдаланылмай отыр деген күдік бар. Соған сай тексеру жүргізіліп жатқан көрінеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облыстық департаментінің мә­лім­е­тіне сай, былтыр облыстағы жер­гілікті атқару органдары бойынша жер мәселесіне орай 7 адам жазаланса, биыл­ғы 9 айда 20 адам жауапқа тартылған және олардың барлығына дерлік аудандық, қалалық әкімдіктегі лауазымды тұлғалар. Соған қарағанда Жетісудағы жерге қатысты заңсыздықтар алға жылжыған уақытпен бірге жиілеп кеткен.

Болат АБАҒАН,  Алматы облысы