Димаштың «Самалтауы» (видео)
Димаштың «Самалтауы» (видео)
409
оқылды

Димаш Фучжоуда өткен VI Жібек жолы ха­лықаралық кинофестивалінің жабылу сал­­танатында «Самалтау» әнін орындап, ха­лықты өнеріне тағы да тәнті етті.

Бұл ән елімізде Бекболат Тілеуханның орын­да­уын­да танымал болған. Сондай-ақ Қытай қазағы Арай Айдарханның орындауында да кең таралған. Енді, міне, бұл әнді Димаш Құдайберген қайта тірілт­ті деуге болады.

Осы жолы әнге заманауи өңдеу жасалып, қо­быз­­бен сүйемелденген. Бұл ән – 1916 жылғы оқи­­ға­лармен байланысты. Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталған кезеңді суреттейді. Мұнда орыс патшасы 19-39 жас аралығындағы қазақтарды әс­кер­ге шақыру туралы жарлық шығарады. Сол әс­керге шақыртушылардың келген жағы Самал тау деп аталған. Бұл Солтүстік Қазақстан облысында ор­наласқан мекен делінген. Алайда дәстүрлі ән­ші Ерлан Төлеутай бұл әннің мәтініне, айтылу ерек­шелігіне қарап, Арқа жақта туған ән деуге бола­ты­нын айтқан. Бірақ қанша іздесе де, ондай жерді таппағанын да жасырмады.

– Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім,
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір жуып, кіндік кескен қайран елім,

– деген өлең жолдары туған жеріне, еліне сағынышын көрсетеді. Әнде сол әскерге шақырушылардың жаяулатып келе жатқанына 15 күн болғаны, тіпті Омбыға жетіп қалғаны жайында баяндайды.

– Атты емеспін, жаяумын,
Жаяудан да баяумын,
Он бес күндей жүргенде,
Омбы жаққа таяумын,

– деп жазылған әннің сөзі.

Ән негізі халық әні. Дегенмен автордың есімі уақыт өте ел арасында ұмыт болған. Алайда оның жасы 28-де, 1888 жылы туған деп жобалауда. Оны әннің мына бір жолдарынан көруге болады.

– Жасым бар қос мүшелдей, жылым – сиыр,
Тағдырдың айдауымен кеттім қиыр.
Самал тау, қайран елім артта қалды,
Адасқан өрісінен біз бір үйір.
Әке-шешем бар еді,
Жасы жеткен кәрі еді.
Осынау әнге салдырған,
Он алтының зары еді...

– деп артында қалған қартаң әке-шешесіне деген алаңдауын да көрсетеді. Ал әнші өзінің Instagram парақшасында «Самал тау» әні:

«Тар жолда тайғақ кешкенді,
Қиын-қыстау кезеңде
Талай тағдырдың өшкені,
Зор-зобалаң жылдары
Басынан бұлт көшкенді,
Мың тәуба! Шүкір, көрдік қой
Ұрпағың өніп-өскенді.
Қалың елім, қазағым,
Мәңгі жаса, өшпе енді!»

деп бөліскен. Әрине, бір күн­­нің ішінде бүкіл әлеуметтік желіні жаулап, тың­­дар­маннның жылы лебізі тоқтаусыз толысуда. Бірі – Димаш Құдайбергеннің орындау шеберлігіне там­санса, енді бірі ұмыт болған тарихты қайта ті­рілт­ке­ніне шексіз алғысын білдіру­де.



https://youtu.be/1NkoFc-bQ_s