Солтүстік Қазақстан облысында үйінен шығып, адасып кеткен 6 жасар баланы полицейлер республикалық автожолда тауып алды.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекшілік атқарып жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Петропавл – Нұр-Сұлтан» автожолының бойында кетіп бара жатқан баланы байқаған. Полицейлер тоқтап, оны сөзге тартып, Бәйтерек ауылының тұрғыны екенін анықтаған. Үйінің ауласынан шығып, адасқан бала жол бойымен 10 шақырымдай жүріп өтіпті. Тәртіп сақшылары баланы Бескөл ауылындағы әжесінің үйіне жеткізді. Ал ата-анасы оны өздері іздеп, полицияға хабарлап үлгермеген екен.«Отбасымның атынан сізге қызметкерлеріңізге жақсы тәрбие бергеніңізге зор алғысымды білдіремін. Олар барлық құқық қорғау органының мәртебесін көтерді. Осындай тәртіп сақшылары тұрғындардың құрметіне бөленеді» деп баланың анасы ПД бастығы Марат Төлебаевтың атына хат жазды. Полиция қызметкерлеріне алғыс білдірген тағы бір жазба әлеуметтік желіде пайда болды. Явленка елді мекені тұрғынының ВАЗ-21112 көлігі жолда келе жатып сынып қалған. «Көлігім сынып, жолда қалдым. Өткен-кеткеннің ешқайсысы тоқтамай қойды. Жол полициясы қызметкерлері тоқтап, машинамды аудан орталығына дейін сүйреп жеткізді. Жарайсыңдар жігіттер!» деп жазды ауыл тұрғыны.
Ж.ТІРКЕШБАЙҚЫЗЫ