Ақмола облысында ауылдық жерлерде жалған диплом алып, екі жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеген мұғалімдер ұсталды, - деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Облыста жыл басынан бері 12 адамның жалған дипломы әшкереленді.
Құжатты заңсыз жолмен жасатқан мұғалімдер математика, қазақ тілі және басқа да пәндерден сабақ бергені белгілі болды.
Мәселен, 16 қазанда Ақмола облысындағы ауылдардың бірінен 31 жастағы әйел адам ұсталды. Полиция қызметкерлері оның ауылдағы жалпы білім беретін орта мектепке жұмысқа орналасу үшін аудандық білім бөліміне ЖОО тәмамдағаны туралы жалған құжат ұсынғанын анықтады.
"Жалған құжат ұсынған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы (жалған құжаттарды, мөрлерді, бланктерді, пошталық төлемнің мемлекеттік таңбалары мен мемлекеттік наградаларды жасау, дайындау және шығару) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол құжаттардың қолдан жасалғанын мойындады», - дейді Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Ауылда мұғалім болып жұмыс істеген азамат жалған құжатқа қыруар қаражат беріпті. Облыста жалған құжатпен жұмыс істеген 12 адам екі жылдан астам уақыт сабақ берген.