Әр отбасына – жарты миллионнан!
Әр отбасына – жарты миллионнан!
197
оқылды

Биылғы жыл басталғалы, яғни қаңтар-қыркүйек аралығында мемлекет 386,6 мың көпбалалы отбасына жалпы сомасы 171,2 миллиард теңге мем­лекеттік жәрдемақы үлестірген. Яғни, әр отбасына орта есеппен 443 мың тең­геден келеді. Қыркүйек айында осы жәрдемақы түрін 17,9 миллиард теңге көлемінде 359,6 мың отбасы алыпты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, аталған жәр­­демақыны 4 және одан көп (бірге тұратын) кә­­мелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар ала алады. Бұл ретте, отбасының табысы назарға алынбайды. Ауқатты болса да көпбалалы отбасы үміттене алады.
«Төлем мөлшері балалар санына байланысты 44 532 теңгеден (4 бала) 77 951 теңгеге (7 бала) дейін барады. 8 және одан кейінгі әр балаға 4 АЕК-тен қарастырылған. Осылайша, жәр­демақының ұлғаюы 8 және одан да көп баласы бар отбасылар үшін жеке мөлшерді белгілеу арқылы қамтамасыз етілді. Тиісті заңға Мемлекет басшысы 2020 жылғы 13 мамырда қол қойды. Мысалы, 8 баласы бар отбасы үшін жәрдемақы 88 896 теңгені құрайды. 9 балаға – 100 008 теңге, 10 балаға – 111 120 теңге, 11 балаға – 122 232 теңге, 12 баласы бар отбасына – 133 344 теңге, 13 баласы болса – 144 456 теңге, 14-ке – 155 568 теңге, 15-ке – 166 680 теңге, ал 16 балаға  177 792 теңге төленеді», – деді ведомство.
Заң 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Сондықтан биылғы шілде айында 8 және одан көп баласы бар отбасылар жаңа мөлшердегі жәрдемақыны да, сондай-ақ қаңтар-маусым айларында жәрдемақы көле­мінде қа­лып­тасқан айырманы да қатар алды. Жалпы, 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге республи­калық бюджеттен 191,1 млрд теңге қарас­тырылған. Ендеше 16 баласы бар, болашақта бір өзі бір ауылға айналуы мүмкін ірі отбасылар ай сайын мемлекеттен қомақты жәрдем көр­мек.  

Айхан ШӘРІП