Ветеринарияда былық көп
Ветеринарияда былық көп
366
оқылды

Қазақстандағы ветеринария – сыннан көз ашпайтын сала­ның бірі. Маман жетіспеуі өз алдына, қорадағы малды аман сақтай алмай, үй құстарының қырылуына жол беріп жатқаны туралы жаңалық жылт еткелі көп бола қоймаған. Бұл са­ла­дағы күрмеуі шешілмеген көп мәселеге білікті де адал бас­шы­ның болмауы деген бөлім қосылатын сыңайлы. Өйткені респуб­ликалық ветеринариялық зертхана басшысы ақша жым­қырды деген күдікпен ұсталды. Ал өткен жылдың соңында зертхананың басшылық қызметіндегілер сыбайлас жемқорлық жасап, қамауға алынған еді.

Әлқисса, былтыр 3 желтоқ­санда  Ауылшаруашылық  министр­лігіне қарасты республикалық ветеринариялық зертханасының бұрынғы басшылығы пара ал­ға­­ны үшін сотталды деген ақ­парат тараған. Атап айтқанда, «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК бас ди­ректорының міндетін атқарушы М.Итенов, оның орынбасары және зертхана меңгерушісі Г.Әділбаева, сондай-ақ осы РМК-ның тағамдық қауіпсіздігінің мең­герушісі Б.Алынязованың сы­бай­лас жемқорлық жасағаны белгілі болған. Алматы қа­ласы Жетісу ауданының  №2  аудандық сотының үкімімен Итенов пен Әділбаева азаматты ветеринарлық зертханаға зертханашы ретінде жұмысқа орналастыру үшін 250 мың теңге көлемінде пара алғаны, сондай-ақ Итенов кәсіпкерлерге тиісті қорытындылар беруде қызметтік өкілетін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 10 миллион теңге көлемінде айып­пұл салынған. Осы үкіммен Алынязова да кінәлі деп танылып, сенімді асыра пайдалана отырып, мемлекетке мүліктік залал кел­тіргені үшін 757 мың теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Аталған тұлғалар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан айырылған. Ал енді күні кеше, 14 қазанда РМК директоры Нұрлан Сбанов­ты Қаржы мониторингі ко­ми­тетінің экономикалық тергеу қызметі ұстаған. Ол жануарларға сараптама жүргізуге арналған шығын материалдарына бөлін­ген қаражатқа қол салды де­ген күдікке ілініп отыр. Эконо­ми­ка­лық тергеу қызметінің дере­гін­ше, біраз уақыттан бері «бір­тіндеп» желінген ақша 500 млн теңге шамасында. Кәсіпорын басшысы жеткізушілерді шертіп тұрып таңдайды екен. Бюджетті үнемдеуге мүмкіндігі бола тұра, бағаны бірнеше есе көтергендерді «қалап алған» деседі. Басшылық қызметке келместен бұрын Сба­нов бас директордың өндірістік қызмет жөніндегі орынбасары болып істеген. Содан бері жеге­ні жел­кеден шығып, жарты мил­лиард­тан бір шыққанға ұқсайды. Нұрлан Бекбосынұлы былтыр қазанда республикалық вете­ри­нариялық зертхана қызметінің бас директоры болып тағайындалған. Еңбек жолын осы зертханада эко­номика бөлімінің маманы ре­тін­де бастаған. Білімі қызметі мен ма­мандығына сәйкес – ветеринария ғы­лымдарының кан­дидаты, до­цент. Ал енді білі­гі­не қатысты нақ­ты баға беру қиын. Іске қатысты өзге еш де­рек айтылмады. Бізге белгілісі – осы. Зертхана туралы ақпаратты ресми дереккөзден алмақшы болып, сайтына кірдік. Басты бетін аша қалсаңыз, бір топ адамның суреті тұр. Дәл ортада жарнамалық баннер орналастырылған. Ондағы жазу: «Есіңде болсын! Пара беру – бостандық пен болашаққа балта шабу» деген сөзбен мәндес орысша мәтін. Астында жемқорлық деректерін білетіндерге хабарласу ұсыны­латын сенім телефоны беріліпті. Кездей­соқтық па, қайдам, осы баннер ортада тұрған Нұрлан Сбановтың бетін көле­­­­гейлеп тұрады екен. Жә, айт­пағы­­мыз бұл емес. Наза­рымызды ауда­рғаны ветери­нария сала­сындағы жемқор­лықтың жыл санап өсіп келе жатқаны болып отыр. ветеринария Шолу ретінде бірнеше факт келтіре кетсек. Былтыр қыркүйекте Ақмола облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Көкшетау қаласындағы ветери­нария бөлімінің бас маманы мен жеке компанияның ветеринар-дәріге­­рін ұстады. Олар жеткізушілерден заң­сыз әрі жүйелі түрде пара алып келген. Яғни, базарға ет жеткізетіндер бір бас малға 3-5 мың теңгеден беріп, «ауру-сырқауы жоқ» деген жалған анықтама жасатып алатыны анық­талған. Бұған ұқсас жағдай жер-жердің бәрінде бар ма дерсің?! Дәл сол кезде белгілі болған тағы бір жемқорлық фактісі осы сөзімізге дәлел бола алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агент­тік былтыр Шығыс Қазақстан облы­­сында «Өске­мен қаласының ветери­нария және ауыл шаруашылығы бөлімі» мем­лекеттік басқармасының жетекшісі мен бас маманы бір емес, бірнеше рет пара алғаны туралы ақпарат берген еді. Мұнда да ет сата­тындарға «бағдар­шамның жасыл түсі» іспеттес мүмкін­­дік, яки анықтамасыз әрі еш кедергісіз ет жеткізуді қам­тамасыз етіп келген. Солтүстік Қа­зақстанда Шал ақын аудандық вете­ринария бөлімінің же­текшісі әкімшілік хаттама толтыр­­­май, алдағы уақытта да заң бұза қалса көз жұма қарауы үшін 100 мың теңге пара алған. Кінәсін толықтай мойын­даған­­дықтан, шенеу­нік тұтқынға алын­баған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші депар­та­ментінің аға тергеушісі Данияр Бе­гайдаров былтыр жемқорлық фак­ті­лері көбейіп кеткенде баспасөзге бірнеше мәлімдеме жасап, сандарды сөйлеткен. Қылмыстық тәжіри­беден көріп отырғанымыздай, бұл саладағы жемқорлық 1,5 есе көбейген. Яғни, 2018 жылдың 8 айында 92 факті тіркелсе, 2019 жылдың 8 айындағы көрсеткіш – 139. Осы қылмыстық істер бойынша 71 адам күдікті деп танылды. 100 адамның ісі сотта қа­ралып, 22 тұлға айыпталған. Айт­пақшы, Республикалық вете­ринария­­­лық зертха­наның Алма­тыдағы фи­лиалы директоры да істі болған. «Бұл жерде басты мәселе ретінде Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі мен электронды үкімет порталымен байла­нысқан «Е-Лицен­­зия» мемле­кеттік мәлі­меттер базасы­ның интег­рациясының болмауын айтуға бола­ды. Яғни, азаматтар «Вете­ринариялық құжат беру», «Ауыл шаруа­­шылығы жануар­ларын иденти­фикациясын жүргізіп, ветери­нариялық құжат алу» сынды қызмет­терді электронды фор­­­матта ала алмайды. Осының ке­сірі­­нен бұл қызметті алушы мен шенеу­­­­­нік ара­сында тікелей байланыс орнайды. Мұның соңы жемқорлыққа апарып соғады. Әрі ветери­нариялық құжаттар есебінің қатаң жүргі­зілмеуі кез келген адамның баспадан бланк­ты шыға­рып алып, қолдан жасауына жол береді. Заңнамада анық­тамалардың заңды екенін бақылауға мүмкіндік беретін норма­лар жоқ», – дейді Бегайдаров. «БҚО ветеринар дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ве­теринария ғы­лымдарының докторы, профессор Ғай­­са Абсатировтың айтуынша, Қазақстанның вете­ри­­нариялық қызметіне жедел арада рефор­ма қажет. «Сбановтың ұсталғаны кездейсоқтық емес, еліміздегі вете­ринария қызметінің мүшкіл халінің бір көрінісі. Мұның бәрі Ауыл шаруа­шылығы министрі тарапынан бәрін бетімен кетіргенінен болып отыр. 2015 жылдың наурызында вице-министр Исаева ветеринарияны дамытуға алда­ғы 7 жылда 2 млрд еуро бөлінетінін айтқан. Артқа көз тастасақ, аса өзгеріс көріп отырған жоқпыз. Ауыл округ­терінің 50 пайызында типтік ветери­нариялық бөлімше жоқ. Ондағы ветери­­нарларға жағдай жасал­майды. Бұрын бөлінген автокөліктің тозығы жеткен. Ветери­нарлар өз ақшасына жөндетуге мәж­бүр. Әрі олардың мой­­нына малдарды иденти­фика­циялау және есеп жүргізу міндетін іліп қойған. Интернеттің жағдайы мәз емес. Панде­мия мұны анық көрсетті. Ал ветери­нарлар қанша жылдан бері төзіп келеді», – дейді маман.
Осы ретте, сарапшы бұл мәсе­ленің бес түрлі шешімін ұсынып отыр. Біріншіден, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басшылығы мен командасын дұрыс­тап іріктеу қажет. Аймақтарда тә­жірибелі маман жеткілікті. Екін­шіден, комитет қызметкерлерін аймақ­тарға бекі­тіп, сол жақтарға жиі ба­рып, қызметтің шынайы көрі­нісінен хабардар болатындай ету керек. Комитет басшылығына вице-министрлер тара­пынан біліксіз басқару ісін болдырмау үшін еркін­дік берген жөн. Төртіншіден, елдегі ветеринарлық істі ұйым­дас­тыру мен басқарудың тиімді верти­калын жа­сау қажет. Соңғы ұсыныс – коми­тет жанынан пәрменді әрі нақты жұмыс істейтін кол­легиялық ғылы­ми-тех­ни­­­калық кеңес құрған дұрыс болады. Байқасақ, басында айтқа­ны­мыздай, бұл салада былық көп. Одан әрмен бы­лықтыра берсе, бүгінгі жағдаймен жылап көрісуіміз бек мүм­кін. «Ата-бабамыз аттың құла­ғында ойна­­ған» деп мақтанып жүріп, асты­мыздағы ат біткеннен аурудың кесі­рінен айырылсақ, аты­мызға сын болмай ма? Қол астындағы қызметкері жемқор­лықпен ұсталса, бас­шысы жауап беретін күн ветеринарияға да туа ма? Олай болса, бұл саладағы былық үшін кімнің «басы» кетуі керек? Сапархан Омаров саладағы олқы­лықтарға неге көз жұмып отыр?

Жадыра АҚҚАЙЫР