Алматы сәулетінен сән кетті ме?
Алматы сәулетінен сән кетті ме?
270
оқылды

Алатаудың баурайында қоныс тепкен Алматы шаһа­ры­ның табиғи сұлу­лы­ғына нұқ­­сан келтірмеу жағы үнемі назарда болған. Кеңес Одағы кезінде қаланың көркін ажар­ландыра түскен небір әсем ғимарат салынды. Жаңа ны­сандар көздеген мақсатқа сәй­кес шаһар сұлу­лығымен біте қайнасып кетті. Алайда соңғы жыл­дары салынған ғи­ма­рат­тар елді ерекшелігімен таң­дандырудың ор­ны­на қа­ланың тарихи қалпына нұқсан келтіріп жатыр деген ойға же­­­­телейді.

Соның бірі – «Нұрлы тау» биз­нес орта­лығы. Тұтасымен шыны­мен көмке­рілген ғимаратты кәсіби сәулет­шілердің өзі сон­шалықты жылы қабыл­даған жоқ. Нарық сұранысына сай жаппай салынып жатқан сырт көрінісі бір-бірінен аумайтын тұрғын үй кешен­дері мен сауда-ойын сауық орта­лықтары да қаланың көркін аша түсті дей алмаймыз. Негізі, алып шаһарда әл-Фара­би даң­ғы­­лынан жоғары қарай биік ғи­­мараттар салмау керегі бұрыннан айтылған. Бұл қала тынысын та­рылтып, таза ауа ағымына кері әсер ететіні және қала көркін бұзаты­ны шегелеп тапсырылған. Әйтсе де, әне бір елең-алаң шақта осы талап еске­рілмей, даңғылдың жоғары жа­ғынан 5-6, тіпті 9-12 қабатты ғи­мараттар бой түзеп үлгерді. Осы­дан біраз бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Шым­бұлақ тұрмақ, әл-Фараби даңғылынан жоғары қарай еш­қандай биік ғи­­­мараттар салмау керегін тағы да қадап айтып, «Мұн­дай заңсыз құрылыстарды бульдо­зермен бұ­зыңдар! Мен рұқсат ете­мін!» деді. Сол кезде Ал­маты қала­сының Бас жоспарына қатысты үлкен жиын өтіп, тау жаққа салы­натын ғима­раттардың биіктігін 12 метр­ден, енін 15 метрден асырмау туралы шешім қабыл­данды. Шаһар­дың климат жағдайына тау бөкте­рінен келетін жел қатты әсер етеді. Ол қала­ның орталық бөлігін жел­детіп, ауасын тазартып тұрады. Сон­дық­тан қала ауасының қандай бола­тыны са­лынған құрылыстарға тікелей байла­нысты. Жа­сыратыны жоқ, кейінгі кезде Алматы эколо­гиясына қатысты сыннан көз аш­пайтын болдық. Бұл жағдай тұр­ғындардың денсаулығына да ай­тар­лықтай кері әсерін тигізіп, ал­лер­гиялық ауру­лардың асқынып тұр­ғаны рас. Алматы архитектурасының қар­­қынды дамуы қаланың 1929 жылы астана мәр­тебесін алған кезінен бастау алады. Қазіргі таңда шаһарда бірен-саран ағаш үйлер болмаса ғұмыры ғасырдан асқан ғима­раттар аса көп емес. 1870 жыл­дары Вер­ный басшылары қала сыртындағы жасыл желекті қи­ғызбай, экологияны сақтау үшін үй тұрғызуда ағаш пайда­лануға рұқсат бермеген. Осылай­ша, үйлер қолдан жасалған сазды кір­піштен салына бас­тайды. 1887 және 1911 жылдарда болған жойқын жер сілкінісі кезінде са­бан мен саздан тұрғы­зылған ғи­марат пен баспа­налар жермен-жексен болды. Өткен ғасыр ба­сында Алматы қаласының сәу­лет­­шісі болған А.Зенков өз жазба­ларында қала туралы: «Мен Вер­­ный­дың бола­шағына сенемін. Біздің қаламыз әдемі, көркем болуы үшін бірнеше қабатты үйлер мен ғима­раттарды тастан, бетон­нан және басқа да мықты құрылыс заттарымен салуға болады» деген. Расында да, бір кездері негізінен саз, сабан, ағаш­тан тұрғызылған үйлердің орнына бетоннан, басқа да мықты материалдардан үйлер тұрғызыла бастады. Әйтсе де, кейінгі кезде көңілге кірбің түсірер бір жайт – қаладағы тарихи ны­­сандардың азайып бара жат­­қаны. Алматыға келген бір сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірқатар ғима­раттардың сүрілуі жайлы айтып, қала әкімдігін сынға алған бо­латын. Ол: «Бұрынғы қала құры­лысы кезінде Алма­тының орталығы жайлы біраз қате кеткен. Жергілікті алма­тылық ретінде айтарым, Абылай хан көшесіндегі тарихи ғима­раттың ор­нында үлкен тұрғын үй салуға келісе алмаймын. Соны­мен қатар Қабан­бай батыр көше­сіндегі қонақ үй жайлы да. Үлкен қонақ үй тұр. Барлығын жауып тастаған. «Алатау» кинотеатрының сүрілуі жайлы да сондай пікірдемін. Кинотеатр ғимаратын сүрудің не қажеті бар еді? Бұл алматылықтар үшін маңызды нысан еді. Сонымен қатар оған біршама уақыт пен күш-жігер жұмсалған. Алматыда мұндай мы­сал­­­дарды көптеп келті­­руге бола­ды. Орталық аудандарда тығыз құры­лысқа тыйым салынуы керек. Сая­бақ аймақ­тарын кө­бейту қажет. Бұл – қала­лық­тардың қызығу­шылы­­ғынан туған маңыз­ды мә­селе» деген еді. Тарихи және әсем ғи­мараттардың көз алды­мызда сүріліп, орнына басқа ны­сандардың бой көтер­геніне өзіміз де куә бо­лып, қынжылып жүрге­німіз бар. Сүрілген ғима­раттарды тіз­бектей берсек, әрі қарай жалға­сып кете беретіні өкі­нішті. Қалада Жетісу облысы генерал-губернаторының үйі ор­на­ласқан болатын. 1887 жылы болған зіл­­­­заланың салда­рынан ғимарат тұта­сымен қирап, араға жеті жыл салып кірпіштен Италия дождары сарайына ұқ­сайтын үш­қабатты ғимарат са­лынған. 1894 жылы әйгілі сәу­летші В.Брусенцов Тянь-Шань шыр­шасынан жер сілкі­нісіне төзімді бір қабатты ғимарат тұрғызды. Ға­сырдан астам тарихы бар осы ғимарат та белгісіз жағ­дайда өр­еніп, 2004 жылы сүрілді. Уақыт өте келе оның орнына тұр­ғын үй кешені бой түзеді. Тарихы тереңде жатқан, талай таланттың бағын ашқан Пионерлер үйінің орнында қазір Rixos қонақ үйі салтанат құрған. Ал Алматының белгісіне айналған сағаты бар мұнара мен «Саяхат» автовокзалын айт­саңызшы. Қала­ның қақ орта­сын­дағы ғажайып ғимарат 2008 жылы сүріліп, орны содан бері қаңырап бос тұр. Бұл мекенді өт­кен ғасырды еске түсі­ретін жайма базар жайлаған. Бұл тізімді жал­ғастыра берсеңіз олар­дың қата­рында «Октябрь» кино­театры, ескі «Ме­деу» қонақ үйі, ескі әуежай және Алматы мақта-мата фабри­касын да атап өтуге болады. Қала көркі дегенде ауызға алы­нар тағы бір мәселе – ұлттық на­­қыштың, бояудың азайып бара жатқаны. Қатаң бақылауда болған өткен кезеңде тұрғын үйлер мен ғимараттардың балконы мен қас­бетіне қазақтың ою-өрнегін жы­мын білдірмей пайдалана біл­ген сол кез­дегі сәулет­ші­лердің ұлт­жанды­лығына қалай сүй­сін­бейсің?! Байқап қараған адам бұры­нырақта салынған үйлердің сырт келбе­тінен нағыз ұлттық бояу­­­­ды аңғарар еді. Таяуда өмірден өткен Сәулетшілер одағы прези­денті Ақмырза Рүстем­беков те осы мә­селені үнемі көтеріп жүрді. Бір сөзінде: «Кеңес зама­нында үлкен кесенелер, биік ғи­мараттар салар алдында жергілікті басшылар Сәу­летшілер одағына келіп ақыл­дасатын. Қазір бұл жүйе жойылған. Сәулет­шілермен ақыл­дасып отыр­­ған ешкім жоқ» деген бо­латын. Дамыған мемлекеттерде сәу­лет құры­лысы мәселесіне ерекше мән беріледі. Барды бағалап, әрбір тасын ұқыптап ұстап, ұрпағына тап­сыр­ғанды жөн көреді. «Шет елдерде архитектуралық кеңіс­тіктің қалып­тасуына жергілікті халық атса­лы­сып отырады. Гер­­манияның Берлин қа­ласында көбіне түріктер шоғыр­ланған Кройцберг деген аудан бар. Сол ауданда қандай нысан салынса да, ол балалар алаңы, дәріхана не­месе көпір болсын жергілікті ха­лық­пен ақыл­дасып барып, құрылыс жүр­гізіледі. Тіпті, дәмхана, мешіт, шай­хана салынса да, тұрғын­дардың пікірі ескеріледі. Тұр­ғындар құ­рылыс жүргі­зілерде оған қандай мате­риал­дар қолдану керек­тігіне дейін ара­ласып отырады. Осы­лайша, ау­дан тұр­ғындары өзде­рінің ойы мен дауы­сы жергілікті биліктің маңыз­ды ше­шімдері кезінде еске­рілетінін біледі. Неге бізге де осы жүйені қолға ал­масқа? Сон­да қалада ұлт­тық нақыш та, сапа да болар еді» деп Қазақ­станның Құрметті сәу­летшісі Гүлнар Әбді­расылова да өз ойын білдірген еді. Өкінішке қарай, кейінгі жыл­дары қаланың көркін ашып тұрған көне ғи­мараттарға қайта жөндеу жұмыстары жүргізілгенде оның сырт келбетін бұрынғы қалпында сақтап қалу жағы да ескерілмей жүр. Оған мысал ретінде 1970 жылы бой көтерген Республика сарайын (бұрынғы Ленин атын­дағы сарай), 1967 жылы пай­далануға берілген Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын, қаланың қақ ортасында орналасып, 600-ден астам адам жұмыс істеген «Әсем» тұрмыс үйін (қазіргі «Мегатау» сау­да кешені), Достық даңғылы бойындағы сәуле­тімен ерекше­леніп тұр­ған атақты «Үш алып» тұрғын үй кешенін айт­сақ та жеткілікті. Мемлекет қай­раткері Өзбекәлі Жәнібеков Кеңес Одағы­ның қылышынан қаны та­мып тұрған кездің өзінде әрбір тарихи ны­санның қаз-қалпында сақта­лып, ұрпа­ғымызға аманат ретінде табыс­талуы үшін жанын салған жоқ па еді?! Ал біз ай-күн­нің ама­нында небір әсем ғима­раттары­мыздан айырылып отыр­ғанымыз қалай?!  

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ