Алматылық мердігер шалғайдағы Мойынқұмның жолын қалай күтіп-ұстайды?
Алматылық мердігер шалғайдағы Мойынқұмның жолын қалай күтіп-ұстайды?
263
оқылды
Қылышын сүйреткен қыс айы да таяп қалды. «Балапанды күзде санайтын» билік бұл кезде қыстың қамын ойлайтыны белгілі. Алайда бәрі ойдағыдай шығып жатпайтыны тағы бар. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселе күн тәртібіне көтеріліп, аймақ басшысы «қыстың қамын жаз ойламағандардың» жұмысын қатаң сынға алды. Жалпы облыста пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың ұзақтығы 3175 шақырымды құрайды. Ал осы жолды қысқы күтіп-ұстауға 173,7 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда 196 бірлік жол техникалары мен жабдықтар, 6280 тонна құм (жоспар – 11 380 тонна), 1123 тонна тұз (жоспар – 1545 тонна) дайындалған. Сондай-ақ қыс мерзімінде 78 жылу пункті және 16 өндірістік база қызметі құрылған. Алайда облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізген зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталып отыр. Атап айтсақ, Қордай ауданы жолды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына қаржы бөліп, мердігер анықтауға мүлде көңіл бөлмеген. Нәтижесінде қажетті инертті материал жинақталмай отыр.

Ал Мойынқұм ауданында автожолдарды қысқы күтіп-ұстауға мемлекеттік сатып алу конкурсы баға ұсыну тәсілімен жүргізіліп, жеңімпаз болып Алматы қаласының «Галакси трейд ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылған. Алайда аталған серіктестіктің мүмкіндігі қандай, қажетті техникасының бар-жоғы белгісіз.

Осы орайда облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков аталмыш мердігердің аудандық маңызы бар автожолдарды өз деңгейінде күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізе алатындығы алаңдатып отырғанын ашып айтты. Сол сияқты Талас, Шу, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарында жоспардағы инертті материалдар (құм, тұз) толық дайындалмаған. Тағы бір мәселе – Жамбылда қыс айларында қар басып қалу қаупі бар жол учаскелерінің ұзындығы 35 шақырымды құрап отыр. Бұл ретте облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бахыт Ратаев қыста облыстың автожолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында облыстың автожолдарында 660 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 107 адам қаза тауып, 1 009 адам жарақат алған. Мойынқұм – Өткен жылдардағыдай республикалық, жергілікті маңызы бар автожолдарды және шаһар көшелерін қардан тазалау жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуінің негізгі себебі – қажетті техникалардың (грейдер мен құм шашқыштардың) жетіспеушілігі болды. Әсіресе қалың қар жауған кезде үлкен қиындықтар туындайды. Негізі жол нормативтеріне сәйкес І техникалық санаттағы жолдарды 2 сағат ішінде (қар жауған немесе бұрқасын тоқтаған сәттен бастап) және ІІ техникалық санаттағы жолдарды 4 сағат ішінде қардан тазарту қажет. Алайда техниканың жетіспеуінен жол нормативтері орындалмайды және полиция департаментінің қызметкерлері қар тазалау іс-шаралары аяқталғанға дейін 10-12 сағат бойы көлік қозғалысын жабуға мәжбүр. Сондықтан жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық жауапты мекемелер жүру бөлігін тазалау және себу жұмыстарын уақытылы және жедел жүргізуін бақылауға алсын. Қар тазалағыш және жол техникасының қажетті санын сатып алуды, сондай-ақ жүргізушілердің кезекшілігін екі ауысымдық режимде тәулік бойы ұйымдастыру керек. Ең маңыздысы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жергілікті атқарушы органдар, автожолдарды жапқан кезде көлік құралдары жиналатын орындарға уақытында келіп, жүргізушілер мен жолаушылар үшін тамақтану және демалыс орындарын ұйымдастыруды ұсынамыз, – деді Бахыт Ратаев. Мәселенің мәнісіне қаныққан Бердібек Машбекұлы автомобиль жолдарының қысқа дайындығы нашар екенін баса айтты. – Аудан әкімдіктері қажетті инертті материалдар қорын ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін 100 пайыз дайын болуын және жабық бастырмаларда сақтауды қамтамасыз етсін. Тараз қаласы және аудан әкімдіктері барлық жолдарға қыс маусымында қойылатын уақытша жол белгілерін орнату керек. Сонымен қатар қыс мерзімінде тәулік бойы кезекшіліктікті ұйымдастырсын. Автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы нашар. Арнайы іс-шаралар жоспарын бекітіп, жұмысты күнделікті бақылауға алу қажет, – деді аймақ басшысы. Енді бұл сыннан қаншалықты сабақ шығатындығын уақыт көрсетеді.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы.