Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайтын ЖД-158/2 түзеу мекемесінде (қауіпсіздігі орташа) жоспарлы тінту іс-шарасы өткізілді.ҰҚК, прокуратура, әскери полициямен әскери прокуратура, сотталғандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі Ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері және мекеменің жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен өткен шара барысында түрмеде жазасын өтеушілерден ұялы телефоннан бастап, суық қаруаға дейін табылған.
«Лорент» құрылғысы мен 10 қызметтік иттің көмегімен мамандар ЖД-158/2 түзеу мекемесінен 39 ұялы телефон, 14 зарядтағыш құрал, 12 құлаққап, 6 «сим» карта тәркілеген. Бұдан бөлек, пышақ, қолдан жасалған кескіш сынды 56 суық қару табылған. Ол аз десеңіз сотталушылардың камерасынан иттердің көмегімен ерекше исі бар 4 орама анықталған. Есірткі тәріздес зат қазір арнайы сараптаға жолданып отыр.
Дәл осындай тінту ЖД-158/4 түзеу мекемесінде де жүргізілген. Қатаң тәртіптегі түзеу мекемесіндегі сотталған азаматтардан 123 ұялы телефон, 71 зарядтағыш құрал, 24 құлаққап, 23 «сим» карта және 73 пышақ, түйрегіш-кескіш сынды түрлі деңгейдегі суық қару тәркіленген. Одан бөлек мұнда да ерекше исі бар 2 орама табылып отыр.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков тыйым салынған заттардың мекемеге ену арналарын анықтау мен жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтады.
- Тінту іс-шарасын жүргізудегі мақсат - мекемедегі сотталғандар арасында тыйым салынған заттарды анықтау болып табылады. Осы жұмыстардың арқасында сотталғандар арасында орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтардың немесе төтенше жағдайға соқтыруы мүмкін жайттардың алдын аламыз. Жалпы түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды тасымалдау әрекеті де толастамай тұр. Осы ретте, мекеме қызметкерлерінің қызметіне кедергі келтіріп, заң бұзушылық әрекеттерге барған азаматтар жазасыз қалмайтынын ескертеміз. Ал туған-туысын заңбұзушылыққа итермелеген сотталғандар да тәртіптік жазаға тартылады, - дейді Т.Жәнібеков.
Осылайша Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бір күнде Тараз түрмелерінің астан-кестенін шығарып, жазасын өтеушілерді бір жөнге салып қойды. Ендігі мәселе жоғарыда аталған ұялы тефондар мен суық қару түрмеге қайдан кірді? Департамент мамандары осы мәселеге майшам салады деп сенеміз.