Атырауда 22 жастағы тұрғын Instagram желісіндегі жазбасы үшін жауапқа тартылды. Әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған аудио және бейнематериалдар тексеріліп, нәтижесінде Қазақстан аумағында тыйым салынғаны белгілі болды.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, атыраулық жігіттің Instagram-да Ибн әл-Джаузи есімді дінтанушының идеяларын насихаттап, уағызын таратқан. Діни сараптама өткізіліп, аталған аудиоматериалдар мен бейнежазбаларды таратуға еліміздің аумағында тыйым салынғаны белгілі болып отыр. Осыған сәйкес, жігітті жауапкершілікке тартқан. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 453-бабына сәйкес айып тағылып отыр. Соттың үкімімен оған 20 АЕК, яғни 55 560 теңге көлемінде айыппұл салынып, әлеуметтік желідегі парақшасын өшірген. Бұдан бөлек, Атырауда соңғы кездері мұндай оқиғалардың көбейгені туралы да мәлімет бар. Айталық, соңғы уақыттың өзінде Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 453-бабы бойынша тағы төрт адам жауапқа тартылған. Мысалы, біреуі Египетте діни бағыты күмәнді университетте білім алғаны анықталған. «ВКонтакте» желісіндегі парақшасында дәстүрлі емес исламды насихаттайтын, белгілі идеологтардың уағызын жариялап, таратқан екен.Айша ЕРСҰЛТАН