Алимент үшін 30 көлік тәркіленді
Алимент үшін 30 көлік тәркіленді
227
оқылды
Алимент төлемей жүргендердің көліктері тәркіленіп жатқаны туралы бұған дейін бірнеше рет жазылды. Әр аймақтағы ахуалдарға тоқтала келе, бас қаладағы жағдай туралы да ақпарат нақтыланды. Ресми деректерге сүйенсек, арнайы айыппұл тұрағына отыздан астам көлік орналастырылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының баспасөз қызметі хабарлады. 14 қыркүйек пен 16 қазан ара­лығында жүргізілген «Борыш­кер» рейд шараларының нәти­жесінде отыздан астам автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойыл­ған. Жалпы алғанда, бұл шара али­менттен қашып, салық төлемей не айыппұлдарды төлемеген адам­дарға уәкілетті органдардың қаулысы бойынша жауапкершілікті орындамай жүргендерді тәртіптеу үшін ұйымдастырылады. Қолда бар ақпарат бойынша, тәркіленген көліктердің ішінде ACURA, Газель, Lexus, Cadillac Escalade, Nissan Cefiro, Mercedes 221, Toyota Camry, Toyota Land Cruiser Prado 150, Toyota Camry, Mercedes Benz, BMW Li 750, Audi 100, Hyundai Accent, Toyota Caldina, Daewoo Nexia, BMW e60, Hyundai Elantra сынды темір тұлпарлар бар. Республикалық жеке сот орын­даушылары палатасының баспасөз қызметінің мәліметінше, көліктердің ішіндегі ең қымбаты – 2020 жылғы, құны 28 миллион теңге болатын Toyota Land Cruiser Prado. Ал айыппұл төлемеуден абсолют «чемпион» деп BMW Li 750 көлігінің иесін айтуға болады. Ол осы күнге дейін жалпы құны 1700 000 теңге болатын 99 айыппұлды «мойнына» іліпті. Нәтижесінде, көлігінен айырылды.  Осы уақыт ішінде сот орындаушылары айыппұлдар мен салықтар бойынша 15 153 материал қараған. Автокөлігінен айырылған алимент төлеушілердің қарызы 31 121 450 теңге болыпты. Есіңізде болса, бұған дейін Екібастұзда алимент төлемеген азаматтың  4 бөлмелі пәтері тәркіленгені туралы да жазғанбыз.  

Исмаил ҚУАНЫШ