Мектептердегі эпидемиологиялық жағдай ерекше бақылауда. Оқу жылының басынан бастап 18 бала коронавирус жұқтырды, оның 14-і қашықтан оқиды, төрт бала кезекші сыныпқа барады. Бұл туралы брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова хабарлады.
"Біздің науқас балаларымыз оқыған кезекші сыныптардағы оқыту режимі қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері сыныптарда дезинфекция жүргізді. Карантин режимінің мерзімі аяқталғаннан соң, 14 күннен кейін сыныптар бұрынғы әдіске ауысады. Бұл мәселе білім басқармасының ерекше бақылауында", - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы білім беру мекемелерінде 3011 кезекші сынып жұмыс істейді, онда 40 400 бала оқиды.
Мектептердегі оқу процесіне байланысты барлық мәселелер бойынша ата-аналар білім басқармасының call-орталығына 1445, 55-68-73, 55-68-83 нөмірлері бойынша хабарласа алады.