Алматы облысының полицейлері алаяқтықтың алты фактісіне қатысы бар әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы аптада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы ПБ кезекші бөліміне жақын маңдағы елді мекендердің азық-түлік дүкендерінің алты сатушысы жүгініп, өзін дүкен иелерінің туысы ретінде таныстырған және алдау жолымен сенімге кіру арқылы түрлі маркалы темекі блоктарын қолды қылып, басқа адамдарға қайта сатқан бейтаныс әйелге қатысты арызданған.Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Талғар қаласының 26 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру барысында оның тегін үш рет өзгертіп, алаяқтық әрекеттері үшін 13 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, сонымен қатар еш жерде жұмыс істемейтіні анықталды.
Күдікті әйел алаяқтықтың барлық алты дерегін мойындады. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатысын анықтау мақсатында осы әйелдің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккендердің барлығына Еңбекшіқазақ ауданының Полиция басқармасына 8 (72755) 4-14-94 және 4-01-16 телефондары арқылы хабарласуға болатынын ескертеді. Аталған деректер бойынша ҚР ҚК 190-бабының 3, 4-тармақтары (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.А.Шарипов