Ресейден жабайы қанаттылармен ілесіп келген құс тұмауы Қазақстанды зор шығынға қалдырды. АШМ дерегінше, қазірдің өзінде осы дерттен жануарлары қырылған ауылдықтарға және кәсіпкерлерге мемлекет 113 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге мәжбүр болып отыр.
Жалпы, құс тұмауы еліміздің 7 облысында – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген болатын. СҚО бәрінен көп зардап шекті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің сендіруінше, бүгінде жеке қораларда құстардың өлімі толық тоқтады. Соңғы 2 аптада жеке қосалқы шаруашылықтарда індеттің жаңа деректері тіркелген жоқ. Карантин, дезинфекциялау, вакцинацияны жедел енгізу, сондай-ақ өлген және ауру құстармен байланыста болған құстарды жою арқасында аурудың таралуы шектелді. Қазір республика бойынша індеттен өлген құстарды жою шаралары жалғасуда, құс иелеріне өтемақы төленіп жатыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарда құс тұмауы салдарынан 26 547 үй құсы, ал 3 құс фабрикасында – «Бескөл» құс фабрикасында, «Агроинтерптицада» және «Адель-құста» 860 306 құс өлді. Салдарында, Қазақстандағы құстардың жалпы санының 1,8%-ы қырылды. Айта кетсек, елімізде 46,7 миллион үй құсы тіркелген. Бүгінде «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ-і 28 864 құс үшін 113 миллион теңгеден астам қаражат төледі. Ал Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына 15 693 құс үшін 74,5 миллион теңгеден астам өтемақы ұсынылды. Бұл барлық өтемақы төлемінің 73%-на жуығын құрайды. Бұдан бөлек, өндірісте тағы 1 817 құс үшін төлем жасауға құжаттар түскен. Әр құсқа орта есеппен 4,7 мың теңгеден берілуде. Нарықта тауық бағасы 2,5-5 мың тұрады. Дегенмен ресми тіркелмесе және комиссия акті толтырмаса, құс тұмауынан өлген қанаттылардың өлексесі жойылса, онда өтемақы төленбейді екен. АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті құстарды вакцинациялауға 7,7 миллион доза вакцина, оның ішінде ақпан айында ветеринарлық іс-шаралар жоспары бойынша құс тұмауына қарсы екпе егуге 3,3 миллион доза бөлген. Вакцинациялау аталған дерт бой көрсеткен ошақтарда, бірқатар шекаралас облыстар аудандарындағы құс шаруашылықтарында, құс фабрикаларының айналасында 20 шақырым радиуста және қоныс аударатын жабайы құстардың бағыты бойынша жүргізілді. 2020 жылдың қыркүйегінде құс тұмауы әлемнің 26 елінде анықталды (барлығы 459 ошақ). Ресейде 1,5 миллионнан астам құс қырылды.Ерік ЕРДЕН