Жат жұрттағы қазақ балалары ата-анасын іздейді
Жат жұрттағы қазақ балалары ата-анасын іздейді
461
оқылды

Осы күні шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының саны 10 мыңнан асыпты. Олардың басым бөлігі мұхит асып, Америкада өмір сүріп жатыр. Әуелде аса қатты назар сал­маған бұл жайт уақыт өткен сайын мәселеге айналып бара жат­қанға ұқсайды. Себебі шетелдегі қара­көздеріміздің өз Отанына аң­сары ауып, ата-анасы мен туған-туыс­тарына іздеу салуы жиілеп кетті.

Шетел асқандар көбейді 

Facebook желісінде Kazakh American Association атты топ бар. Көбіне сәби кезінде шетел асып, ес жиғасын тарихи Отанындағы туыстарына іздеу салған азаматтар осы топта жиі ұшырасады. 20 қазан күні Becca Stolz есімді Америка­дағы қазақ қызы өзін Салтанат деп та­ныстырып, жақындарына сұрау салды. 2002 жылы Өскеменде туған оны 2003 жылы вашингтондық отбасы асырап алған екен. Дәл осыған ұқсас мәтінде іздеу жариялағандардың қарасы көп. Соңғы 1 айдың өзінде 4 қазақ баласы ата-анасына сұрау салыпты. Негізі, шетел асқан балалардың тізімін анықтау ісі 1998 жылы қабылданып, 1999 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген «Неке және отбасы туралы» заңнан кейін мүмкін болды. Дәл сол 1999 жылы өз жұртынан көз жазған бүлдіршіндердің саны 1 797-ге жеткен екен. Білім және ғылым министрлігінде 250-нің ғана дерегі бар болып шық­қан, қалғанының қайда аттанғаны бей­мәлім күйде қалды. Бірақ бұл сан есе­ленбесе, азаймады. 2009 жылы – 6014, 2016 жылы қазанда – 9 мың, ал биыл 10 мыңнан асып жығылыпты. Шамамен 90 пайызға жуығы Америка жерінде жүр. Жалпы, бұл процесс шетелден бала асырап алу жөніндегі халықаралық агенттіктер мен қорлар арқылы жүзеге асады. Қазақ балаларына «құмартқан» АҚШ-та мұндай агенттік саны өте көп. Мәселен, АҚШ-та 1999 жылы – 11, 2000 жылы – 15, 2001 жылы 23 агенттік тіркелсе, бүгінгі күні 50-ден асқан. Агенттік демекші, сол елдегі мұндай мекемелердің тарихы тереңде жатыр. Халықаралық бала асырап алу тарихында ең алғаш әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Перл Бак азиялық балалардың тағдырына тамсанып осындай агенттік ашқан көрінеді. 1949 жылы түрлі ұлттан бірнеше бала асырап алып Welcome House (Үйге қош келдің) қорын ашқан. Қазір бұл агенттік қызметін әлі жалғастырып келеді. Ал пікір қақ жарылып, сан сауалдың туары белгілі. Бүлдіршіндерді шетел асырғаннан мемле­кетке тиер қандай пайда мен зиян бар? Бұдан келер пайда болса, басты – бала жетімдер үйінде емес, ата-ананың қамқорлығын көріп өседі. Бірақ өз ата-анасының мейіріміне қанбайтыны тағы белгілі. Кезінде марқұм Шерхан Мұртаза осы мәселені талай қозғап, шетелге бала беруге қарсылық білдірген еді. Алайда бұған құлақ асқан жағдайды көрмедік. Пайымдасақ, пайдасымен қатар ел үшін зиянды жағы да бар. Біріншіден, мемлекет өзінің ең басты құндылығы – адамынан айырылады. Мұның залалы келешектегі еңбек күшіне де әсер етеді. Екіншіден, онсыз да проблемаға айналып келе жатқан демографиялық ахуалды қозғауға түрткі болады. Дегенмен ең басты кінә – сәбиін жетімге қосқан жауапсыз ата-ананың мойнында болса керек. Бір сөзбен айтсақ, пайым көп, кесіп тұжырым жасау қиын.

«Отан – оттан да ыстық»

Жақында Теодор Уолтон есімді аме­рикалық баланың Қазақстандағы туыс­тарын іздейтіні туралы ақпарат та­рап, артынша Теодор жақындарын тапқанын айтып сүйінші сұраған еді. Ол – америкалық Дональд пен Джинни есімді ерлі-зайыптылар Өскемендегі балалар үйінен асырап алған Марат Тоқтарұлы Оразғалиев болатын. Маратпен (Теодор) тілдесуге асыққанымызда жатсынбай, хикаясын баяндауға келіскеніне сүйсіндік. Әрине, өз ана тілін білмейді, ол үшін сөге де алмаймыз.
– Соңғы уақытта маған Қазақстаннан хабарласатын азаматтар көбейді. Ескеріп жатқандарына алғысымды айтқым келеді. Мен 2001 жылы Қазақстанда Өскемен қаласында дүниеге келген екенмін. Есімім – Теодор Уолтон, ал туғандағы берілген аты-жөнім – Марат Тоқтарұлы Оразғалиев. Мені Өскемендегі жетімдер үйінен 1 жасқа толғанда америкалықтар, қазіргі отбасым бауырына басып, асырап  алған. Әкемнің есімі – Дональд. Анам – Джинни. Әкем әскери салада, ал анам әлеуметтік қызметкер болып еңбек етеді. Қателеспесем, олар сонымен қатар менімен бірге жетімдер үйінде тәрбиеленген, қазіргі әпкем – Сараны да қамқорлығына алған. Ата-анамның Ханна есімді туған қызы бар, – дейді ол.
Бізді толғантқаны – асыранды екенін білген кездегі Теодордың халі еді. Бірақ бозбала бұған қынжыла қоймағанын жет­кізді.
– Асыранды екенімді баяғыдан біле­мін, бұл жақта бала асыранды екенін бала кезінен біледі. Анам да, әкем де өте ашық адамдар. Асыранды екенімді білсем де, бастапқыда онша мән бермедім. Өйткені олар ешқайсымызды бөліп-жарған емес. 2008 жылы ата-анам туған әке-шешемді іздестіре бастағаны есімде, ол кезде де мән бермеппін, себебі кішкентай болдым. Туған ата-анам қайтыс болғанын кейінірек білдім. Өскен соң өзім де қызыға бастадым, сөйтіп жақындарымды іздеп, әп-сәтте ағамды таптым. Рүстем Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында тұрады екен. Оны да сол жақтағы бір отбасы асырап алыпты. Ол менің бар екенімді 7-сыныпта оқып жүргенде алғаш рет білген екен. Қазір Рүстеммен хабарласып, хат жазысып тұ­ра­мыз. Ал жанымдағы әпкем Сара мен сияқты емес, отбасын іздеуге аса қызықпайды, бірақ кейін бәрібір із­дейтініне сенімдімін. Ағам Рүстеммен кез­дескім келеді, бірақ Қа­зақстанға  түбегейлі көшер ниетім жоқ, – деді Марат.
Сөз соңында бір жайтты айта кет­кенді жөн көрдік. Шетелде жүрген 10 мыңнан астам баланың өз тарихи Отанының барына көзін жеткіздік, дегенмен олардың алдындағы парыздың өтелмесі хақ. Елімізге қайта оралуға үгіттей де алмаспыз. Сондықтан әуелі бала тағдырына жауапсыз қарап, жетімдер үйінің төрінен шығармастың қамын ойласақ абзал. Ол үшін кез келген ата-ана өз жауапкершілігін сезінсе жеткілікті.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ