Базарды қасақана өртеген
Базарды қасақана өртеген
175
оқылды

Қарағандыда «Арай» базарын екі күдікті ұрлық фактісін жасыру үшін қасақана өртеп жіберген. Бұл туралы  Polisia.kz сайты хабарлады. 

21 қазанда түнгі уақытта  Қарағанды қаласындағы «Арай» базарында контейнерлердің бірінен өрт шыққан болатын. Өрт тез өршіп, жалын қасындағы контейнерлерді де шарпыған. Салдарынан 14 контейнер отқа оранып, 200 шаршы метр аумақ зардап шеккен. Полиция қызметкерлері  техникалық сараптама қорытындысы бойынша өртті қасақана біреудің ұйымдастырғанын анықтады. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-тармағына (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қылмысты ашу мақсатында Полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. 22 қазан күні криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 28 және 51 жастағы екі адамды анықтады. Полиция қызметкерлері Ақмола облысының тұрғынын – бірінші күдіктіні Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінен ұстады. Ал екінші күдікті – Шахтинск қаласының тұрғынын Қарағанды қаласының өзінде қолға түсірді. Олар өртті осыған дейін жасаған ұрлықтың ізін жасыру үшін ұйымдастырғанын мойындаған. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Т.МЫРЗА