Бүгінде Армениядан арзан автокөлік айдап келу біраз адамның арманы десек, қателеспеспіз. Жалғыз біз емес,
Ереванға келген шетелдік машинаны мінуге Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің тұрғындары түгел құмар. Алайда ол құмарлықтың түбі үлкен қылмысқа айналып бара жатқандай.
Соңғы уақытта еліміздің құқық қорғау органдары БАҚ арқылы шетелдік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты күдікті ақпараттарды жариялай бастады. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаевтың айтуынша, 2019 жылдың басынан бері шетелдік нөмірмен жүрген көліктердің қатысуымен 60 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ол – ол ма, ережені бұзған «еревандық көлік» иелеріне салынған айыппұл тек қағаз жүзінде қалып отыр. Яғни, әкімшілік полиция толтырған 817 млн теңге айыппұлдың 6,5%-ы ғана өндірілген, қалған 765 млн теңге қаржыны кім төлейтіні белгісіз.
ҚР ІІМ-нің мәліметінше, «АМ» сериялы нөмір таққан автомашиналардың қатысумен орын алған апаттан 58 адам қаза болып, 314-і жарақат алған. Алайда қылмысқа қатысы бар жүргізушіні табу қиын. Көшедегі қаптаған камералар оларды жазып алғанымен, ол көліктер біздің елде емес, Арменияда тіркеуде тұр. Дегенмен құқық қорғау орындары оның да бір шешімін тапқан секілді. Таяуда өткен баспасөз жиынында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев: «Біз Бас прокуратурамен, Ұлттық банкпен көлік иелерін сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргіздік. Заңнамаға сәйкес, Қазақстанға уақытша кірген кез келген көлік құралы міндетті сақтандыруға жатады. Осы орайда, сақтандыру полистері бойынша мәліметтер банкі бар, онда көлік иелері мен автомобильді басқарып жүрген азаматтардың аты-жөні тіркелген. Сонымен қатар онда көлікке қатысты мәліметтер, яғни маркасы мен мемлекеттік нөмірі де бар. Енді көлік басқарып жүрген адамдар жол ережесін бұзса, бұл фактілер олардың мекенжайына жіберіледі», – деді. Артынша бұл мәселеге орай еліміздің Бас прокуратурасы да үн қатып, көліктің иесі кім екендігі сақтандыру полисінің деректері арқылы анықталатынын мәлімдеді. Бұл бөтен нөмірлі көлік жүргізушіге бұлтартпас айғақ болары анық. Себебі шетелдік нөмір таққан көлік иелері Қазақстан аумағында жүргендіктен, міндетті сақтандыру полисін жасатуы тиіс.
АРЗАН КӨЛІК АРМЕНИЯҒА ҚАЙДАН КЕЛДІ?
Әрине, ел тұрғындарының арзан машина алуға деген қызығушылығын күшпен басу да дұрыс емес. Өйткені нарық заңына орай әр азамат таңдаған тауарын алуға құқылы. Оның үстіне, біз Армениямен бір одақта отырған елміз. ЕАЭО халқының арзан әрі сапалы көлікке деген ұмтылысы аталған ұйымға 2015 жылы Арменияның қосылуынан туындады. Әуелгіде Ереваннан көлік «қуып келуді» ресейлік азаматтар бастады, кейіннен қазақстандықтар қосылды. Анығында, Ресейде де, Қазақстанда да одақтан тыс мемлекеттердің көлігіне салынар кедендік баждың құны өте жоғары. Сондықтан кеденді айналып өтіп, арзан көлік мінгісі келгендер ақыры амалын тапты. Ал алақандай Арменияға (жер көлемі 29 743 км2, халқы 2017 жылғы санақ бойынша 2 986 100 адам) мұнша үлкен көлік нарығы қайдан келді дерсіз? Армяндар АҚШ, Еуропа, Жапония, Кореяда өтетін аукционға жиі қатысқанды ұнатады. Нәтижесінде, аукцион арқылы арзанға түскен автокөлік пароммен, теміржол арқылы, «фураларға» тиеліп Грузияға жетеді. Білетіндердің айтуынша, Тбилисиге жеткізілген көлікті көрмей-ақ қойған дұрыс. Неге десеңіз, автомобиль өндіруші мемлекеттерде ескі көлікті, жол апатынан кейін қағылған-соғылған машинаны аукцион арқылы сату ісі жақсы жолға қойылған. Ал ондай апатты машинаны жөндеп, қисайған жерін түзетіп, оң рөлін сол жаққа ауыстыра қоюға грузин механиктері тым шебер деседі. Осылайша, сырлап, боялған «темір тұлпар» сылаң қағып, Армения арқылы одақтас елдерге «ұзатылып» кете барады. Әрине, шетелдің жүрілген көлігінің сапасы Қазақстан мен Ресейде құрастырылып шыққан жаңа машинадан артық. Алушы да соны біледі. Әйтпесе, шекара асып, алыстан автокөлік әкеле ме?
Алыстан демекші, қазақстандықтар Арменияға барудың да оңай жолын тапқан. Егер Ереванға Ақтөбеден ұшақпен жетемін десеңіз, Мәскеу арқылы ауысып мінесіз, билет бағасы 70-тен 120 мың теңге аралығында. Жарайды, барғанда салт бастысыз, жетерсіз. Ал қайтарда, автокөлікті айдап келу керек. Ең төте, әрі қысқа жол – Баку порты арқылы паромға тиеп, Ақтауға келуге болады. Бірақ түбі бір түркі – әзірбайжандар түріңді танып жібігенімен, армиян нөмірін көргенде жақтыра қоймайды. Бұл баяғы екі елдің арасындағы бітіспес дау «таулықарабақ» оқиғасының нәтижесі. Еріксіз астыңыздағы «темір тұлпардың» о баста келген жағы Грузияға барып, одан Ресей арқылы елдің шетіне ілігесіз. Барып-келіп, алып-сатып жүргендердің айтуына қарағанда, жол шығыны – 200-250 мың теңге. Бұл қаражат жанармай, тамақ және арзан қонақүй құнына кететін шығын.
АВТОКӨЛІК БАҒАСЫНДА АЙЫРМА КӨП
Автокөлік сататын сайттардың мәліметіне сүйенсек, көбіне қазақстандықтарды қызықтыратыны – Toyota Camry және Toyota Alphard маркалары. Әйтсе де, біздің тараптан сұраныстың күшейгені Армениядағы бағаны көтеріп жіберген. Мысалы, 2018 жылы 6 мың доллар деп бағаланған машиналардың бағасы биыл 9-10 мың долларға шыққан. Ал 100 мың шақырым жүгірген Mercedes көлігінің бағасы – 2 000 мен 10 000 доллар арасында.
YouТube-тегі Qaz Kolesa.kz арнасы таратқан дерек бойынша, 2014 жылғы Toyota Camry-дің бағасы 10 400 доллар. Қазақстаннан барғандар көлікті сатып алу үшін армяндардың ішінен «тамыр» тауып, үйіне уақытша тіркеледі, ол шамамен 50 доллар, көлікті сақтандыру қызметі – 30 доллар. МАИ қызметіне тіркеуге қою – 50 доллар. Жекеменшік салық пен техбайқаудан өткізу құны – 150 доллар. Осы жұмыстарды істеп, көлікті өз атыңызға жазып, армениялық техпаспортпен Қазақстанға әкелесіз. Кейбір бейресми деректерде жыл басынан бері Қазақстанға 53 874 автокөлік сатылғаны айтылады.
Алайда ел тұрғындары үшін бір мәселе бар. Арменияда тіркеуде тұрған машинаны мініп, пайдаланып жүргеніңізбен, оны сата алмайсыз. Рас, сенімхат арқылы келісіммен ретін тауып саудалауға болады, бірақ автокөлік Армениядағы алғашқы иесіне тиесілі болып қала береді. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе заңмен реттелмесе, біраз жыл өткен соң азаматтар арасында тағы бір проблема туындауы әбден мүмкін.