Көліктегі бас санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов шетелден келетін қазақстандықтарға әуежайдан қашпауға кеңес берді. Оның айтуынша, қашқан жолаушыны табу аса қиын емес.
«Қауіпсіздік шараларына қарамастан түсіністік таныта бермейтін азаматтар бар. Жуырда екі жолаушы әуежайдан қашып кетті. Олардың жеке мәліметтері бізге белгілі болғандықтан, олардың қайда екенін анықтау қиын болмады. Осыдан кейін оларды тауып алып, екікүндік карантинге жатқыздық», – деді Сәдуақас Байғабылов Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, ұсталған азаматтар карантин стационарында ПТР-тест тапсырған. Көліктегі бас санитар елге келетін жолаушыларға қашқын жолаушылардан үлгі алмауға шақырды. Себебі әрбір жолаушы туралы жеке мәлімет ақпараттық жүйелерге енгізілетін ақпараттық дерекқорда тұр. Кез келген жолаушыны табу оп-оңай. Оның айтуынша, ПТР-тесті нәтижесі туралы анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа отырғызуға тыйым салу туралы шешім тек шетелдік азаматтарға қатысты. Ал шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының әуе рейстерімен ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтамасы болмаса да Отанына оралуға құқы бар. Мұндай жағдайда Қазақстанға келгеннен кейін қазақстандықтар ПТР-тестілеу нәтижесін алғанға дейін карантинге орналастырылады. Айта кетейік, Қазақстанның ішкі әуе рейстерінде ұшу кезінде ПТР-тест нәтижесі туралы анықтама талап етілмейді.Айдана БЕГІМ