Изолятордан үндеу жолдады
Изолятордан үндеу жолдады
210
оқылды

Пара алды деген күдікпен ұсталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың аймақ басшысына қызметінен босату туралы арызы негізінде жұмысынан босатылды.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Сот оларды екі айға қамауға алуға санкция берді. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-тармағы (Қылмыстық топ жасаған, сол сияқты аса ірі мөлшерде пара алу) бойынша тергелуде. Ал тергеу изоляторында жатқан экс-орынбасар әлеуметтік желілер арқылы өңір халқына үндеу жолдады. «Құрметті облыс тұрғындары! Мен шешім қабылдап, 22 қазанда Атырау облысының әкіміне мені Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінен босату туралы өтініш бердім. Бұл шешім тергеу жүргізіліп жатқан қылмыстық іс бойынша өз кінәмді мойындауға байланысты емес, мен өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдегім келеді, өйткені мен айыпталып отырған нәрселердің ешқайсысын жасаған жоқпын. Бұл шешімге келуіме тергеу амалдары жүргізіліп жатқан кезде мұндай жауапты қызметті атқара алмайтындығым себеп болды. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасарына жауапты жұмыс саласы жүктелген. Қазақстан Республикасының Мәс­лихаттары мен Мәжілісіне сайлау өткелі жатыр, осыған бай­ланысты мен әріптестеріме және Атырау облысының әкіміне күдік көлеңкесін түсіргім келмейді. Осыған байланысты және осы себеппен ғана бұл шешімді қабылдадым. Н.Б.Таубаев» делінген үндеуде. Бұл ақпаратты Н.Таубаевтың адвокаты Игорь Вранчев әлеуметтік желіде таратты. Атырау облысы әкімдігі де бұл мәліметті ресми растап отыр.
«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің атына арыз 22 қазан күні келді. Облыс әкімі 22 қазаннан бері Нұр-Cұлтан қаласында жұмыс сапарымен болып, Атырауға бүгін келді. Осыған орай, әкімдікте облыс активі өткізіліп, Нұрлан Таубаевтың берген арызы қанағаттандырылды. Ол атқарған лауазымынан босатылды», – деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов әріптестерімізге орынбасарының қамауға алынуына қатысты пікір білдіріп, егер Таубаевтың кінәсі сотта дәлелденіп, оған айыптау үкімі шығарылса, өзінің қызметінен кететінін мәлімдеген болатын.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы