Еуропадағы ең ірі үш өзеннің бірі саналатын Жайықтың бүгінгі жағдайы мәз емес. Енді бірер жылдан соң бір кездері бұл өзеннің жарқабақты соққан асау толқыны болғанына ешкімді сендіре алмайсыз. Тартылған өзеннің ластанып кеткен табанын көргендер сөзіңізге күмәнмен қарары сөзсіз. Жайық өзені деңгейінің төмендеуіне әсер еткен түрлі себеп айтылады: Ресей суға сараң, сыздықтатып жібереді, ғаламдық жылынудың салдары, мұнай өндірудің зардабы деген пікірлердің қарасы басым. Қалай десек те, Жайықтың тартылуы тіршілікті жүдетіп барады. Айтыла-айтыла жауыр болса да, Жайықтың мәселесін тағы бір қозғауды жөн көрдік.
Бұл – Президенттің араласуымен ғана шешілетін мәселе
Ресми деректе трансшекаралық стратегиялық маңызы бар Жайық өзенінің ұзындығы 2 482 шақырымды құрайды дейді. Орал тауынан бастау алатын өзен Ресейдің Башқұрт Республикасы, Челябі мен Орынбор облыстарынан өтіп, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арқылы Каспий теңізіне құяды. Егер Жайық мәселесі жақын жылдары оң шешімін таппаса, өзеннің ұзындығы қысқарып, Каспий теңізіне жетпей қалуы әбден мүмкін. Мұны біз емес, мамандар айтады.Ал халық не дейді? Олар «Жайықтың басындағы жағдай экологиялық, экономикалық қана емес, әлеуметтік, мемлекеттік, халықаралық, тіпті адамзаттық мәселе, бұл мәселені шешу үшін – ыстық жүрек, сау ақыл, қыруар қаржы керек», – дейді. Жаны бар сөз.Қазақстанның еңбек сіңірген экологы, кезінде облыстық экология басқармасын басқарған, «Жайық – Орал» қоғамдық бірлестігін құрып, оны 20 жылдан астам уақыт басқарған Нариман Өтешев Жайық мәселесіне арнап кітап та жазған адам. Ол Жайық туралы жанайқайын айтудан жалыққан емес. Бірақ сонша жылдан бері бұл мәселенің нүктесі қойылмағанына қайран. Бір мысал, ол Экология министрлігі жанынан құрылған Жайық мәселесін қарайтын республикалық кеңестің мүшесі. Жаңадан құрылған кеңес сәуір айында бір бейнеконференция өткізген екен, одан кейін хабарсыз қалыпты.
«Жуырда Мемлекет басшысы облыс әкімін қабылдады. Жайық мәселесін шешуді тапсырыпты. Әкім оны шешкісі келсе де, шеше алмайды. Себебі Жайықтың проблемасы күрделі. Жайық суының тартылуына ғаламдық жылынудың да ықпалы бар. Бұрын-соңды өңірімізде болмаған жәндіктер пайда болды. Бұл – ойланатын мәселе. Жауын-шашын азайды дейміз, бірақ Орынбор мен Самара облыстарына өткен қыста қар қалың түсті. Бірақ наурызда түгі қалмай еріп кетті. Өйткені күндіз жылы болғанымен, түнде аяз қысып, су бу боп ұшып кетті», – дейді. Оның айтуынша, біздегі мәселе Ресейде де бар. Бүгінгі таңда Челябі, Орынбор облыстарына да су жетпей жатыр. «Сондықтан Ресей біздің мәселемізге бас ауыртпайды, демек өзіміз әрекет етуіміз керек», – дейді эколог.Ал «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдірдің айтуынша, Жайық суының азаюы салдарынан Батыс Қазақстанда су мәселесі, нақтырақ айтқанда малға су тауып беру мәселесі ушығып барады.
«Өкінішке қарай, мал суару мәселесі біздің өңірде «мал ұстау – бақуатты тұрмыс кепілі» деген ой-арманның күлін көкке ұшыратын түрі бар және бұл түйткілдің бір ұшы – Ресейде. Өңіріміздің ең ірі су артериясы –Жайықтың Ресей аумағында орналасқан жоғары бөлігінде жасанды ірі су қоймаларын жасау – Жайықтың суалуына әкеліп соқтырды. Ал Жайықтың, кей тұсында тізеден келетіндей деңгейге дейін тартылуы тізбек реакциясын туындатып, облыстағы күллі өзен-көлдің деңгейіне кері әсерін тигізіп жатыр», – дейді.Оның пікірінше, табиғи су көздерінің, сондай-ақ құдықтардың тартылып-кеуіп не суының мал ішуге жарамсыз деңгейге жетуі мал басын арттыруда үлкен тежеуші фактор болып отыр деуге негіз бар. Бұл ахуал оңалмаса, су тапшылығы – мал ұстауды мүлде тиімсіз қылуы мүмкін. Мұның соңы тұтас аумақтардың қаңырап бос қалуы, жаппай қалаға көшіп, жұмыссыздар санын арттыруы, криминалдық ахуалдың ушығуы сынды салдарға әкелу ықтималдығы аса жоғары.
«Ресейдің су қоймаларындағы суды Жайыққа жіберу – облыс әкімінің құзыретіндегі, тіпті министрлік пен Үкіметтің қолынан келетін шаруа емес. Бұған тікелей Президенттің өзі араласпаса, мәселе шешілмейді», – дейді ол.
607 млн текше метр судың 260 млн-ын ғана алдық
Мақаламызда мал өсіруді кәсіп еткендердің мәселесін бекер көтерген жоқпыз. Мал ішетін судың азайғаны аздай, ол судың жарамсыз бола бастағанын айтып дабыл қаққандарға ресми мекеменің жауабын алып беруді парыз көрдік. Сөйтіп, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан филиалының бас гидротехнигі Шынболат Ермағамбетовті сөзге тарттық.«Жайық өзенінен бізге бір жылға 607 млн текше метр су алуға рұқсат етілген. Биыл 260 млн текше метр ғана алдық. Енді көп болса 5-6 млн текше метр су алармыз, одан артық ала алмаймыз, себебі Жайықта су аз. Осындай су аз жылдары ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету үшін бір жоба жасалып жатыр. Жобаның атауы ұзақ, қысқартып айтқанда «Жайық өзенінен насос қондырғыларымен су алу» деп аталады. Негізгі мақсаты – су азайған жылдары өзеннен суды сорғы қондырғысы арқылы алу. Жоба мемлекеттік сараптамада жатыр. Жобаға қаражат бөлінсе, келесі жылы іске қосылады», – дейді бас гидротехник.Бұл жобаның қаржысын республикалық бюджеттен сұрап отыр екен, себебі 2 млрд теңгенің үстінде қаржы керек. Бұдан бөлек, «Қазсушар» өз қаражатына Жайықтың кіреберіс саласы – Шаған өзені арнасын тазалау үшін 35 млн теңге ақша бөліп, жобалау-сметалық құжатын дайындауға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жариялапты. Бұл жобаның мақсаты – Жайыққа кіреберіс тармақты механикалық тазарту, өйткені соңғы 30-35 жылдан бері арна тазаланбаған.
«Жайық өзені БҚО-ны екіге бөліп тұр. Жайық – Көшім суландыру жүйесі Жайықтың оң жағалауында орналасқан. Енді сол жағалауындағы су нысандары – Жайық – Шалқар каналы, Жайық– Азынабай – Тайпақ каналы, Солянка – Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесі 30 жыл бұрын істен шыққан. Оған да облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жоба әзірлеп, Жайықтың сол жағындағы жайылымдар мен шабындықтарды суландыру көзделіп отыр. Егер бұл жоба жүзеге асса, Жайықтың сол жағалауында 350 мың гектар жерді суландыруға мүмкіндік туады. Ол жаққа да өздігінен су кірмейді, сондықтан суды сорғы қондырғыларымен тартамыз. Бұл жобалар облыстағы мал басын көбейтуге септігін тигізер еді», – дейді Шынболат Бекұлы.Бір қызығы, «Қазсушардың» қай жобасын алмайық, бәрі де Жайық өзенінің суын пайдалануға бағытталған. Ал оның бәріне Жайықтың суы жете ме? Жайықтың суалып жатқанын жағымыз талмай айтып жүргенде, әлгі жобалар қалай жүзеге аспақ?
«Біздің есебіміз бойынша, жобаларды жүзеге асыруға Жайықтың қазіргі суы жетеді. Әсілінде Жайықтың суына қандай да бір болжам жасау қиын. Себебі 2011 жылы біз көктемгі ылғалды, тоңның қалыңдығы мен қардың түсуін есептей келе тасқын болмайтынына сенімді едік. Алайда күтпеген жерден табиғат өз дегенін істеді. Үш күн нөсер жауып, Жайық, Шаған, Көшім өзендері бір мезетте тасыды. Мұндай жағдай 1957 жылы да болған екен», – дейді ол.
Жайықты толтырудың жолы бар ма?
Жайық өзенінің мәселесін көтеріп жүргендер Қазақстан мен Ресей арасындағы түрлі форумдар мен жиындардан нәтиже шықпай отырғанына наразы. Әйтпесе, бұл мәселе сонау 2006 жылы шешіліп кетердей көрінген. Сол жылы Орал қаласында өткен Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей президенті В.Путиннің кездесуі өзге де мәселелермен қатар Жайық өзеніне де арналған еді. Осы кездесуден 11 жыл өткен соң ғана барып, «Жайық өзенінің трансшекаралық экожүйесін сақтау бойынша келісім» атты мемлекетаралық құжатқа қол қойылып, үкіметаралық комиссия құрылды. Бұл келісімге қол қойылғанға дейін де, кейін де Жайық өзенін құтқаруға арналған отандық және халықаралық комиссиялардың сан мәрте отырысы болды. Алайда Нұрлан Сәдірдің сөзімен айтқанда: «Нәтиже – нөл, дәлірек айтқанда – минус: Жайық жылдан-жылға азып барады». Екіжақты кездесулерде қол жеткізген жетістігіміз Орынбор облысының аумағындағы Ириклин су қоймасынан секундына 15 текше метр су беру болды. Ал биыл 5 тамыздан бастап, секундына 45 текше метр су беруді бастады. Мұны алақайлап жарияладық та. Ал осыдан бірер жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болған Қуаныш Шарафутдинов Жайық өзені үшін бұл көлем де жеткіліксіз деп санайды. Сондықтан бұл мәселені шешудің мынадай жолын ұсынады.«Ресей электр энергиясын өндіреміз деп Жайық өзенінің басынан өткен ғасырдың 60-жылдары 22,5 МВт су электр стансасын іске қосқан. Ал Батыс Қазақстан облысы 1991 жылдары тұтынатын электр энергиясының 90 пайызын Ресейден сатып алып келді. Ал қазіргі күні облыста электр энергиясын өндіретін қуаты 399 МВт қондырғы жұмыс істеп тұр. Оның 343 МВт өзімізге жаратамыз, артығын 56 МВт басқа облыстарға жібереміз. Осы орайда, облыстағы артық МВт Ресейге беру арқылы Ресейдің Ириклин су электр стансасын жауып, елдегі су тапшылығын біржола шешуге болады. Ол үшін БҚО әкімі мен Орынбор облысы губернаторы осы мәселені қарауы керек», – дейді Қуаныш Серікұлы.Ол Ириклин су қоймасы туралы тегін айтып отырған жоқ. Себебі дәл осы су қоймасы Ириклин су электр стансасының қызуын басу міндетін атқарады деген мақсатпен 1958-1966 жылдары толтырылған екен. 1959 жылдан бері жұмыс істейтін Ириклин электр стансасының қуаты 30 мың КВт энергиясын ғана құрайды. Олар осы энергияны өндіру үшін Жайық өзенінің суын бізге сыздықтатып жіберіп отыр. Егер Қ.Шарафутдиновтың ұсынысы қабыл болса, онда Ириклин су қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі көбейіп, тіршілік жанданар еді. Әрине, Ресей тарапы Қазақстанға беретін суды көбейту үшін электр стансасының жұмысын тоқтата қояр ма екен? Егер Жайық өзенінің экожүйесін сақтап, экологиялық апаттың алдын алуға ниеті болса, ұсынысқа келісуі мүмкін. Келіспеуі де мүмкін. Бірақ ұсынысты жасау – парыз. Егер ұсыныс қолдау тапса, онда келер ұрпақ ақын Жұбан Молдағалиевтің «Жайық» өзеніне арнаған өлеңіндегі «Сүюші ем төңкерілген толқыныңды, сылқылдап соғып жатқан жарқабақты» деген жолдардың қиялдан тумағанына сенер еді...