Еліміздің өнеркәсіпті аймақтарының бірі саналатын Қарағанды облысы пандемия кезінде экономикалық өсімді сақтап қалды. Индустриалдық өңірде кәсіпорындар жұмысы тоқтаған жоқ әрі өндіріс көлемі артты.
Облыста жалпы өнімнің 50%-ы өнеркәсіпке тиесілі. Пандемия кезінде облыс қиын кезеңді еңсере алды. Сегіз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі 2,6%-ға өскен. 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 2 трлн теңгеге 45 инвестициялық жоба іске асырылуда. Биыл алты жаңа кәсіпорын ашылған, тағы алты кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылмақ.Қарағандыда патрон жасалады
Биыл Қарағанды облысында Steel Manufacturing патрон зауыты ашылды. Жоспар бойынша зауыт жылына тапанша мен автоматтарға арналған 30 млн патрон өндіре алады.– Қазір біз импорттық шикізатпен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ біздің мақсатымыз – қазақстандық өндіріс материалдарына толықтай көшу. 2023 жылға қарай біз отандық шикізаттың 98%-ын пайдалануды жоспарлап отырмыз, – дейді зауыт директоры Бағлан Таненов.Қазір Steel Manufacturing ЖШС-де 56 адам еңбек етеді. 2023 жылға қарай олардың саны 160-қа дейін артуы керек. Өндірістегі орташа жалақы – 200 мың теңге. Recycling Company ЖШС жарамсыз болып қалған автомобильдерді өңдейтін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 50 мың машинаны өңдеуге жетеді. Бүгінгі таңда 134 159 автокөлік өңделген. Олардан 83 621 тонна қара металл сынығы мен 3 508 тонна алюминий сынығы алынған. Қайта өңделген өнімдерді кәсіпорыннан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Кастинг» ЖШС және металдан бұйымдар жасайтын басқа да зауыттар сатып алады.
– Қазір өнеркәсіптік саясат туралы заң әзірленуде. Бүгінгі таңда Қарағанды облысы – өңдеу өнеркәсібінің үлкен көлемі шоғырланған өңірлердің бірі. Тек 9 айдың ішінде өңірге 400 миллиардтан астам инвестиция салынып, өндіріс көлемі 1,8 трлн теңгеден асқан. Бұл өте жақсы көрсеткіш, – дейді Парламент Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев.
Сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешілмек
Қарағанды облысында 2022 жылға қарай қала тұрғындары толықтай орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Ауылдық елді мекендерде сумен қамтуды 2023 жылға қарай жүз пайызға жеткізу көзделуде. Биыл бұл міндетті орындау үшін өңірде 90 жоба жүзеге асырылуда. Су жеткізетін жаңа 25 нысан салынуда. – Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында Қарағанды облысында 2019 жылы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бойынша сумен жабдықтау және су бұру бойынша 31 жоба іске асырылды. Елді мекендерде 295 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынды және қайта жаңартылды, су құбыры желілерінің тозуы 67%-ға дейін, кәріз желілерінің тозуы 78%-ға дейін төмендеді, 11 нысан пайдалануға берілді. 2020 жылы «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша 90 жобаны іске асыруға қаражат бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 380 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желілерін салу және қайта жаңарту, 76,8 шақырым желіге жөндеу жүргізу және 25 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, – дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов. Тоғыз айда 274 шақырым желі салынып, қайта жаңартылған. Басқарма басшысының айтуынша, осы жылғы жобаларды іске асыру сапалы сумен қамтамасыз етуге қолжетімділікті қалаларда 98%-ға дейін, ауылдық елді мекендерде 89,9%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Алдағы үш жылға жоспар жасақталып, республикаға тағы 27 жоба ұсынылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 45 ауыл іріктеліп алынды, олардың алтауында жұмыстар басталды. 200-ден аз адам тұратын ауылдарда суды блок-модульдік тазарту кешендерін орнату жоспарлануда. Облыс әкімдігі Ұлытауда тазарту құрылыстарын, Абай мен Қарабаста кәріз сорғы стансаларын салуды аяқтау жоспарланып отыр. Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Ақтоғай ауылында нысандардың құрылысы кезекте тұр. Алдағы бірнеше жылда өңірде тұрғын үй коммуналды шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының көмегімен 7 кәріз-тазарту құрылыстарын салу жоспарланған.– Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – жергілікті билік органдары жұмысының маңызды басымдықтарының бірі. Сумен жабдықтау нысандарын салу және жөндеу барысы қатаң бақылауда болады. Сонымен қатар экологиялық заңнама талаптарын сақтай отырып, тазарту қондырғыларын жөндеу қажет, – дейді Қарғанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.Жеңіс Қасымбек Жезқазған өңірінде Есқұла су тартқышын салу және Балқаштағы Тоқырау – Саяқ су тартқышын реконструкциялау бойынша жобалардың іске асырылуы ерекше бақылауда екенін еске салды.
«Екі қолға бір күрек» тапқандар көп
Қарағанды облысында 2020 жылға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасына» жалпы сомасы 65,5 млрд теңгеге 625 жоба енгізілді. Іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар бойынша 14 499 жұмыс орны құрылды. Бағдарлама аясында іске асырылған 625 жоба 140 елді мекеннің инфрақұрылымын жөндеп, 14,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген. Сонымен қатар әлеуметтік сала мен тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, көлік инфрақұрылымына жататын 460 нысан жаңғырды. Нәтижесінде, ұзақ жыл жөндеу жүргізілмеген ауыл мектептері мен Мәдениет үйлері ретке келтірілді. Мектеп, балабақша, дене шынықтыру – сауықтыру кешендері, жылу және сумен жабдықтау желілері секілді 31 нысан бой көтерді. Жезқазғанда ЖҚЖК бойынша модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынса, Осакаров ауданында көшелер, ал Егіндібұлақта мектеп пен Мәдениет үйі жөнделді. Сондай-ақ саябақтар мен скверлерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру және көгалдандыру, балалар мен спорт алаңдарын салу бойынша 135 жоба іске асырылды.Келер жылдан үміт көп
2021 жылға арналған бағдарламаның ерекшелігі – тұрақты жұмыс орындарын құратын жобаларға барынша қолдау көрсетіледі. Бұдан басқа, келесі жылы ЖҚЖК-ның 50%-ы шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіруге бағытталады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекованың айтуынша, келесі жылы облыс кәсіпкерлерін жеңілдікпен несиелеуге шамамен 15 млрд теңге қарастырылмақ. Қарағанды облысында биыл 2 300-ден астам бизнес-жоба қолдауға ие болды. «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» секілді барлық мемлекеттік бағдарламалар белсенді жұмыс істеуде. ТЖ кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жеңілдетілген несие берудің жаңа бағдарламасы бойынша 25 млрд теңгеге 111 несие берілді.– Биыл барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 500 кәсіпкер қаржылай, 2 200-ден астам кәсіпкер қаржылай емес қолдау алады. Бұл шамамен 8 000 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Бүгінде жалпы инвестиция сомасы 55,9 млрд теңге болатын 2 369 жоба қаржыландырылды. «Бастау Бизнес» және «Бизнес кеңесші» курстарында 2 372 адам оқытудан өтті, – дейді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.Бизнестің жол картасы бойынша 9 айда 147 жоба субсидияланды. 109 кәсіпкерге кепілдік берілді. Алты жоба бойынша өндірістік инфрақұрылым мақұлданды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 107 жоба қаржыландырылды. «Еңбек» жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша 4,4 млрд теңгеге 1 100-ден астам шағын несие берілді. Қарағанды облысында биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алушылардың 60%-дан астамы ауыл шаруашылығы саласында өз ісін ашқысы келеді.
– «Бастау» жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту, сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау арқылы халықтың экономикалық белсенділігін арттыру. Білім алушылар тізімінде әртүрлі тыңдаушылар болды, олардың әрқайсысы өзінің бірегей жобасын ұсынды, – дейді аймақ басшысы.
Ішкі нарықта отандық азық-түлік көп болуы тиіс
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек осындай міндет қойып отыр. Өңірде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Ол үшін жаңа фермалар мен өңдеу зауыттары салынуда.– Біз азық-түлік тауарларының 27 негізгі түрі бойынша қамтамасыз етілу мониторингін жүргіземіз. Облыс 13 атау бойынша толық қамтамасыз етілген, оның 8-і – әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер. Ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің көлемін арттыру есебінен ішкі нарықты азық-түлікпен қанықтыру жалғасуда, – дейді Жеңіс Махмұдұлы.Облыста ет, картоп және сәбіз, жұмыртқа, шұжық өнімдері өндіріледі. Сүт өнімдеріне және бірқатар көкөністерге – қияр мен қызанақ, қырыққабатқа деген қажеттілік ішінара өтеледі. Алайда көкөністерді сақтауға қатысты проблемалар бар. Қазіргі заманғы жаңартылған қоймаларды салу жоспарланып отыр. Облыста ауыл шаруашылығы инвестициясы 22%-ға өсті. Бірқатар ауқымды жобалар жеке қаражатқа және мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылуда. Облыста 52 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы жетеуі ашылады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 50 мың бас асылтұқымды мал сатып алу жоспарланған. Бұл нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қарағанды облысы сонымен қатар елорданы да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Жыл басынан бері жергілікті ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындары Нұр-Сұлтанға 81 тоннадан астам өнім жеткізген.
– Ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру – бұл аса маңызды басымдық. Астанаға жақын орналасу біздің өңірге белгілі бір міндеттемелерді жүктейді. Әлеует зор, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы