«Алтын қалам» иегерлері анықталды
«Алтын қалам» иегерлері анықталды
231
оқылды

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Алтын қалам – 2020» әдеби жүлдесінің қорытындысы жарияланып, жеңім­паздар­дың есімі таныстырылды. Халықаралық байқауға 400-ден астам автор қатысқан. Жарты жылдай онлайн дауыс беру жүргізіліп, соңында үздік шыққандарының ішінен іріктеп, қазылар алқасы нағыз мықтыны анықтады.

«Алтын қалам – 2020» байқауына Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ, Израиль, Беларусь елдерінен, сонымен қатар биыл тұңғыш рет Моңғолия және Орталық Африка Республикасынан барлығы 408 автор қатысқан. Орталық Африка Республикасына қоныс аударған қаламгер елімізден жырақта жүрсе де, танымал әдеби жүлдеде көппен бірге бақ сынауға бел буған. Наурыздың 15-нен қыркүйектің 15-не дейін қабылданған 600-ге жуық шығарма байқаудың akalam.kz ресми сайтында жарияланып, оқырмандардың және қазылардың сараптауынан өтті. Әдеби жүлде жеңімпаздарын марапаттау шарасы биыл алғаш рет жабық есік фор­матында ұйымдастырылып, салтанатты жиынға тек жеңімпаздар мен жоба серіктестері және БАҚ өкілдері шақырылды. 19 қазанда жарияланған байқаудың қысқа тізіміне әр жанр бойынша 7 шығармадан енгізілген еді. Қазылар шешімімен солардың ішіндегі ең үздік 1 шығарма ғана марапатталды. «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» Төлен Әбдік марапатталды. Бауыржан Оспанов тағайындаған Есенқұл Маманов атындағы бас жүлде – 1 млн теңгені алматылық Заман Төлеуов жеңіп алды. Жазушының «Қарақуыс» романы «Үздік қазақ романы» аталымы бойынша үздік деп танылды. Тағы бір басты сыйлық – 1 000 000 теңгені балалар шығармашылығына арналған «Дарабоз» байқауында өзгеден оза шапқан павлодарлық қаламгер Алпысбай Хонж иеленді. «Пандемия салдарынан еліміздегі және әлемдегі жағдай көз алдымызда әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Қауіпті індетке байланысты туындаған күрделі жағдайға қарамастан «Алтын қалам» жүлдесі жалғасын тапқанына қуаныштымын. Бір атап өтерлігі, биыл akalam.kz сайтына кіріп, байқауға ұсынылған шығармалармен танысып, пікір білдіргендер қарасы қалың. Соңғы 4 күнде 1 млн-нан аса адам конкурстың ресми сайтын ашып оқыған», – дейді ұйым­дастыру комитетінің директоры Кенже Жұманұлы. Байқаудың ерекшелігі сол – жоба ұйымдастырушыларының әдебиетке қатысы жоқ, тек кітап оқығанды ұнататын оқырмандар.

Жадыра АҚҚАЙЫР